АХҚО алаңында Конституция күні қарсаңында сот жүйесіндегі цифрландырудың рөлі талқыланды

27 тамыз күні «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында (бұдан әрі-АХҚО) онлайн режимде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Интернет дәуірі: Құқық үстемдігі, Адам құндылықтары, Мемлекеттік Тәуелсіздік» халықаралық симпозиумы (бұдан әрі – Симпозиум) өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі АХҚО-мен бірлесіп ұйымдастырылды.

Симпозиумды Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Мәми ашып, кез келген мемлекетте тәуелсіздік-бүкілхалықтық құндылық екенін атап өтті. Республиканың қолданыстағы Конституциясы Тәуелсіздік контурын түпкілікті ресімдеді және барлық салалардың жедел дамуы үшін қолайлы жағдай жасады.

Іс-шараға Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауы ерекше мән берді. Қазақстан Республикасы Президенті атап өткендей, мемлекеттің дамуы Конституция негізінде, оның әрпі мен рухына толық сәйкес жалғасып келеді. Қазіргі заманғы мемлекет пен азаматтық қоғам жолындағы барлық ірі жетістіктер халықтың ерік-жігерімен қабылданған Ата Заңға негізделген. Мемлекет басшысы Симпозиум тақырыбының өзектілігін атап өтіп, цифрлық дамудың ауқымы мен жылдамдығы халықаралық қоғамдастықтың алдына адам мен азаматтың іргелі құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету, оның заңды мүдделерін қорғау, цифрлық теңсіздікті жою, қоғам мен мемлекеттің цифрлық тәуелсіздігін сақтау сияқты маңызды міндеттер қойып отырғанына назар аударды.

Форумға қатысушыларға Еуропа Кеңесінің Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық Комиссиясының (Венеция комиссиясы) Президенті Джанни Букиккио, Еуразиялық экономикалық одақ Сотының Төрағасы Эрна Айриян және Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының Бас директоры Фрауке Бахлер құттықтау сөз арнады.

Спикерлер Әзербайжан, Алжир, Армения, Бангладеш, Беларусь, Болгария, Германия, Үндістан, Индонезия, Иордания, Корея, Қырғызстан, Латвия, Малайзия, Марокко, Молдова, Румыния, Сербия, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Украина, Франция және басқа да елдердің конституциялық әділет органдарының төрағалары мен судьялары болып табылады. Іс-шараға Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының басшылары, сондай-ақ белгілі құқықтанушы ғалымдар қатысты.

Симпозиум бүгінгі күні өзекті тақырыптарға арналған және үш сессиядан өтуде: цифрландыру және ұлттық егемендік, интернет жағдайында адамның          құқықтары мен бостандықтарының кепілдігі, мемлекеттік органдардың қоғам мен адам алдындағы жауапкершілігін арттыру.

Бірінші сессияда Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің төрағасы, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Қайрат Келімбетов баяндама жасап, АХҚО-ның цифрландыру мен құқықтық жүйе эволюциясындағы рөлі туралы айтып берді:

«Жоғарғы Сот АХҚО-ның Сотына және Халықаралық арбитраж орталығына айтарлықтай қолдау көрсетеді, бұл АХҚО-ға айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Орталық Азия өңіріндегі алғашқы e-Justice электрондық сот төрелігі жүйесін енгізген АХҚО Соты мен АХҚО халықаралық Төрелік орталығының дауларды шешу жүйесі құқықтық және цифрлық эволюция мысалдарының бірі. E-Justice электрондық сот төрелігі жүйесінің көмегімен әлемнің кез келген нүктесінен АХҚО сотына талап-арыз беруге болады».

Халықаралық Симпозиум Қазақстан Конституциялық Кеңесінің Азиялық Конституциялық соттар және балама институттар қауымдастығының төрағасы ретіндегі миссиясын аяқтайтын іс-шара болып табылады. Іс-шара соңында ұйымның туын Моңғолияның Конституциялық Сотына беру қарастырылған.

 

Анықтамалық ақпарат:

Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. АХҚО құру туралы конституциялық заңға 2015 жылдың 7 желтоқсанында қол қойылған. АХҚО мақсаты – халықаралық қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыру. АХҚО -ның мақсаты – ел экономикасына инвестиция тартуға көмектесу, қаржылық қызметтерге инвестициялау үшін тартымды орта құру, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту және оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциясын қамтамасыз ету.

aifc.zuweb.co