АХҚО-да алғашқы шатырлық қор тіркелді

AFSA АХҚО-да алғашқы шатырлық қор – Fonte Emerging Markets Umbrella Fund OEIC Limited-ті тіркеді. Шатырлық қор дегеніміз әрқайсысының бірегей инвестициялық мақсаттары мен стратегиялары бар әрі біртұтас заңды құрылым болып қалатын бірнеше қосалқы қорды біріктіретін инвестициялық құрылым.

Қосалқы қорлар – негізгі қор аясындағы жеке инвестициялық портфельдер, олардың әрқайсысының өзіндік инвестициялық мақсаттары, стратегиялары мен активтері бар. Қор қосалқы қорлардың активтері мен міндеттемелерін бөлу үшін ішкі тетіктерді қолданады.

Шатырлық қорлар бірнеше себептерге байланысты инвестициялық қорлар үшін тиімді шешім болып саналады. Олар әртүрлі қосалқы қорлардың активтерін біріктіру арқылы үнемдеуге қол жеткізуге мүмкіндік береді, бұл операциялық шығындарды азайтады. Бұл стратегия әсіресе бірнеше дербес қорды басқаруда қаржылық және әкімшілік қиындықтарға тап болуы мүмкін шағын инвестициялық қорлар үшін пайдалы.

Шығындарды үнемдеуден басқа, шатырлық қорлар инвестициялық өнімдердің түрлерін таңдауда икемділік береді. Басқарушы компаниялар әртүрлі стратегиялар мен активтер кластарына сәйкес келетін алуан түрлі қосалқы қорларды құра алады, бұл әртүрлі клиенттердің қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Бұл, мысалы, әлеуметтік жауапты инвестициялаудың бірқатар нұсқаларын ұсынғысы келетін компаниялар үшін пайдалы болуы мүмкін. Мәселен, олар нақты экологиялық, әлеуметтік және басқару (ESG) өлшемшарттарына бағдарланған қосалқы қорлар құра алады.

Шатырлық қорларының тағы бір артықшылығы – жеңілдетілген әкімшілік ету және басқару. Барлық қосалқы қорлар бірыңғай ұйымдық-құқықтық құрылым аясында жұмыс істейтіндіктен, ұстануға тиісті қағидалар мен ережелердің бірыңғай жиынтығы болады. Бұл барлық инвестициялық өнімдерді дәйекті басқаруды қамтамасыз ете отырып, инвестициялық басқарушылар мен консультанттар үшін реттеушілік талаптарды орындауды жеңілдетеді. Реттелген әкімшілік құрылым жалпы басқару процесін тиімдірек және нәтижелі ете отырып, қателіктердің күрделілігі мен ықтималдығын азайтады.

AFSA-ның бас директоры Нұрхат Көшімов: «Реттеуші ортада жаңа қор құрылымдарын енгізу инвесторларға көбірек мүмкіндіктер береді және экономикалық алуантүрлілікке ықпал етеді. Біз нарықтар мен тұтынушылар үшін зор құндылық әкелетін озық тұжырымдамаларды әзірлеуді жалғастыратын боламыз».

 

 

Анықтама үшін:

АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.

АХҚО-да 78 елден 2700-ден астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. www.afsa.kz 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz  

Байланыс ақпараты:

Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті

+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45

[email protected]

AIFC AI assistant