Қаржылық сауаттылықтан жасанды интеллектке дейін: АХҚО Tech Hub FinPro қосымшасының мүмкіндіктерін кеңейтті
«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Tech Hub орталығы Қазақстан жастарының қаржылық, цифрлық және технологиялық сауаттылығын дамытуға бағытталған FinPro мобильді қосымшасының жаңартылған нұсқасын таныстырды. Енді пайдаланушылар жасанды интеллект негіздерін меңгеріп, оқу қорытындысы бойынша электрондық сертификаттар алып, интерактивті ойын тапсырмалары арқылы білімдерін бекіте алады.
FinPro ауқымды жаңарту аясында үш жаңа білім беру модулін ұсынды.
Жасанды интеллект курсы. Жаңа білім беру курсы оқушыларды жасанды интеллект негіздерімен, оның жұмыс істеу қағидаларымен және күнделікті өмірде қолдану мүмкіндіктерімен таныстырады. Оқу бағдарламасына жас ұрпаққа бейімделген қысқа бейнесабақтар мен ақпараттық карточкалар кіреді.
Сертификаттау модулі. Кез келген курсты сәтті аяқтаған пайдаланушылар оқу бағдарламасын өткенін растайтын AIFC Academy электрондық сертификатын алады. Сертификаттау жүйесі жеке жетістіктерді тіркеуге мүмкіндік беріп, әрі қарай білім алуға ынталандырады.
«Барысты өсір» ойын модулі. Интерактивті оқытудың жаңа форматы пайдаланушыларға тапсырмаларды орындап, алған білімдерін тәжірибеде қолдануды ұсынады. Модульдің басты кейіпкері — әр дұрыс жауап сайын өсіп отыратын, пайдаланушының ілгерілеуін көрнекі түрде көрсететін Барыс атты виртуалды жануар-кейіпкер. Ойын механикасы сыни ойлауды дамытуға және оқу үдерісіне қызығушылықты арттыруға бағытталған.
FinPro мобильді қосымшасы 2026 жылғы ақпанда іске қосылды және жеке қаржы әлеміне алғашқы қадам жасап жүрген оқушыларға арналған. Қосымша білім беру материалдарын, практикалық тапсырмалар мен геймификация құралдарын біріктіріп, қаржылық сауаттылықты үйренуді қолжетімді әрі қызықты үдеріске айналдырады.
«Цифрлық технологиялар қарқынды дамып жатқан бүгінгі кезеңде адами капиталға инвестиция салу және жастардың технологиялық сауаттылығын арттыру ерекше мәнге ие. FinPro арқылы біз қазақстандық жастардың жаңа буынына қаржы әлемін, жасанды интеллект пен озық технологияларды тереңірек түсінуге және осы салаларда сенімді бағдар ұстануға көмектесетін қолжетімді білім беру мүмкіндіктерін ұсынуға ұмтыламыз. Бұл — АХҚО-ның инновациялық экожүйесін нығайтуға бағытталған қызметіміздің маңызды бағыттарының бірі», — деді Талғат Аманбаев, АХҚО Әкімшілігінің бас инновациялар жөніндегі директоры.
FinPro дәстүрлі білім беру құралдарын ойын механикасы және практикалық сценарийлермен толықтыратын цифрлық білім берудің жаңа тәсілін көрсетеді.
«Біздің мақсатымыз — оқушыларға білім берумен ғана шектелмей, сол білімді тәжірибеде қызығушылықпен қолдануға мүмкіндік жасау. Біз бір қосымшада танымдық материалдарды, интерактивті тапсырмаларды, ойын форматындағы элементтерді және сертификаттау жүйесін біріктірдік. Мұнда әрбір дұрыс жауап оқушының алға басқан қадамын айқындайды, ал оқу курсын аяқтау оның жеке табысына айналады. Біз балалардың оқуды күнделікті міндет емес, өз еркімен қайта оралғысы келетін қызықты әрі пайдалы тәжірибе ретінде қабылдағанын қалаймыз», — деді Қуаныш Дайырбеков, АХҚО Tech Hub бас директоры.
Жобаны одан әрі дамыту мақсатында FinPro командасы Қазақстан мектептерінде бірқатар таныстырылым өткізуді жоспарлап отыр. Кездесулер барысында оқушылар қосымшаның жаңа мүмкіндіктерімен танысып, ұсынылған білім беру курстарынан өтуге мүмкіндік алады.
FinPro қаржылық сауаттылықты, жасанды интеллектті және заманауи цифрлық технологияларды біріктіретін кешенді білім беру платформасы ретінде дамуын жалғастыруда.
Мобильді қосымшаны App Store және Google Play — ден жүктеп алуға болады.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе.aifc.kz
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы
E-mail: [email protected]