«Тамчы» АҚИА делегациясы АХҚО-ны құру және дамыту тәжірибесімен танысты

24 қарашада «Тамчы» арнайы қаржы-инвестициялық аумағының («Тамчы» АҚИА, Қырғыз Республикасы) делегациясы «Астана» халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) келді. Сапардың мақсаты — АХҚО-ның халықаралық қаржы орталығын құру және дамыту тәжірибесімен, оның институционалдық және құқықтық моделімен, реттеушілік инфрақұрылымымен және қатысушыларға арналған қызметтерімен танысу.

Делегация құрамына АҚИА «Тамчы» Басқарушы компаниясы мен Қаржылық реттеушісінің басшылығы кірді. Олардың қатарында «Тамчы» АҚИА Басқарушы компаниясы бас директорының бірінші орынбасары Эгилс Дзерелис, Қаржылық реттеушінің бас директоры Тилек Алимжанов, Басқарушы компанияның атқарушы директоры Руслан Татиков, сондай-ақ ұйымның басқа да өкілдері болды.

Сапар барысында делегация АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығының, сондай-ақ АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінің (AFSA) қызметімен танысты. Орталық өкілдері қаржылық қызметті реттеу және лицензиялау қағидаттары, финтех пен цифрлық активтерді дамыту тәсілдері, ұлттық реттеушілермен өзара әрекеттесу және АХҚО юрисдикциясында халықаралық стандарттарды қолдану туралы айтып берді.

Орталықтың институционалдық моделіне және АХҚО органдары арасындағы функциялардың бөлінуіне, ағылшын жалпы құқығы қағидаттарын қолдануға, АХҚО актілерін әзірлеу және жетілдіру тетіктеріне, сондай-ақ оның құқықтық жүйесінің Қазақстан Республикасының заңнамасымен өзара әрекеттесуіне ерекше назар аударылды.

Делегация сондай-ақ шетелдік мамандар мен Орталық қатысушыларына «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін АХҚО Экспат орталығының жұмысымен танысты. Оның қызметтері визалық, көші-қон және әкімшілік қолдауды қамтиды. Бағдарлама аясында қонақтар АХҚО Сенім мұражайына да барды.

Сапар аясында делегация АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұровпен кездесті. Тараптар қаржы орталығын нөлден құру тәжірибесін, реттеушілік және нарықтық инфрақұрылымды дамыту, кәсіби қызметтер экожүйесін қалыптастыру, халықаралық компаниялар мен инвесторларды тарту, сондай-ақ АХҚО мен «Тамчы» АҚИА арасындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Капитал нарықтарын дамытуға және Astana International Exchange (AIX) биржасының қызметіне, стратегиялық акционерлер мен халықаралық эмитенттерді тарту тәсілдеріне, сондай-ақ бизнестің капиталға қол жеткізуін қамтамасыз етудегі биржалық инфрақұрылымның рөліне ерекше назар аударылды.

Кездесу барысында тараптар одан әрі өзара әрекеттесудің ықтимал бағыттарын да қарастырды: тәжірибе және ақпарат алмасу, қаржы орталықтары арасындағы кәсіби байланыстарды дамыту және оқыту бағдарламаларын өткізу.

«Халықаралық қаржы орталығын құру үшін заманауи құқықтық және реттеушілік база ғана емес, бизнес пен инвесторлардың сенімін жүйелі түрде қалыптастыру да қажет. Біз үшін АХҚО-ның практикалық тәжірибесімен институционалдық даму мен реттеу мәселелерінде де, қаржы ұйымдарын, инвесторларды және нарықтың кәсіби қатысушыларын біріктіретін инфрақұрылым құруда да бөлісу маңызды. Орталық Азияның қаржылық инфрақұрылымы мен инвестициялық тартымдылығын нығайтуға деген ортақ мүддені ескере отырып, «Тамчы» АҚИА-мен тәжірибе алмасу және ынтымақтастықты дамыту үшін үлкен әлеует көріп отырмыз», — деді АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров.

«Тамчы» АҚИА 2025 жылы Қырғыз Республикасында ерекше құқықтық режимі мен мәртебесі бар арнайы қаржы-инвестициялық аумақ ретінде құрылды. Оның құқықтық және реттеушілік моделі ағылшын жалпы құқығы қағидаттарын қолдануды, жеке қаржылық реттеушінің, тіркеушінің және Дауларды шешу жөніндегі халықаралық орталықтың жұмысын қарастырады. Жоба халықаралық капиталды тартуға, қаржылық қызметтерді, финтехті, цифрлық экономиканы және инвестициялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

«Біз АХҚО-ны Орталық Азияның инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге болатын серіктес ретінде қарастырамыз. Әріптестеріміздің тәжірибесі институттарды дәйекті дамыту, халықаралық стандарттарды қолдану және инвесторлар тарапынан сенім қалыптастырудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Бүгінде дәл осы бағыттар «Тамчы» АҚИА-ны дамытудың негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Біздің юрисдикцияларымыз бір-бірін өзара толықтыра алады деп сенемін, ал алдағы уақытта тәжірибе және сараптамамен алмасу бүкіл өңірдің халықаралық қаржы картасындағы позициясын нығайтуға ықпал етеді», — деді «Тамчы» АҚИА  Басқарушы компаниясы бас директорының бірінші орынбасары Эгилс Дзерелис.

«Тамчы» АҚИА Ыстықкөл облысының аумағында дамып келеді. Жоба аясында қаржылық хаб, технологиялық кластер, коммерциялық және логистикалық инфрақұрылым құру, сондай-ақ халықаралық компаниялар мен қаржы нарығының кәсіби қатысушыларын тартуға жағдай жасау көзделген.

Өткен сапар АХҚО мен «Тамчы» АҚИА-ның практикалық тәжірибе алмасуға және Орталық Азиядағы қаржы орталықтары арасындағы кәсіби ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделі екенін растады.

Анықтамалық ақпарат:

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz

АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы
E-mail: [email protected]