Елордада қаржы әлеміндегі жылдың басты оқиғаларының бірі – «Astana Finance Days 2023» конференциясы өтіп жатыр
7 маусымда «Астана» халықаралық қаржы орталығының (бұдан әрі – АХҚО, Орталық) алаңында жыл сайынғы «Astana Finance Days» (AFD) конференциясы өтуде. 2018 жылдан бері бұл ауқымды іс-шарада жалпы әлемдік және қазақстандық қаржы салаларының өзекті мәселелері, үрдістері мен мүмкіндіктері талқыланады.
Биылғы «АFD: қаржы нарығының алғы шебінде» деп аталатын конференцияға 70-тен астам елден 3000-ға жуық қатысушы қатысуда. Олардың ішінде мемлекеттік органдардың өкілдері, қаржы-экономика сарапшылары мен мамандары, әлеуетті инвесторлар, бизнес иелері, сонымен қатар ірі халықаралық банктердің, шетелдік қор нарықтарының, мұнай-газ компанияларының, криптобиржалардың басшылары бар. Конференция демеушілері: Visa, ITS, Freedom Holding Corp, ERG, CICC, MYD Production.
АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров «Astana Finance Days» жыл сайынғы конференциясын өткізудің үлкен маңызы бар екенін ерекше атап өтті: «Қазақстанның шетелдік инвестицияларды тартуға жақсы мүмкіндіктері бар, алайда қаржыға деген өсіп келе жатқан жаһандық бәсекелестік жағдайында мемлекеттер капиталды тарту үшін жаңа құралдарды іздестіруге мәжбүр. Осы тұрғыда «Astana Finance Days» конференциясы өзекті мәселелерді талқылау және өсу мақсатындағы жаңа мүмкіндіктерді жасау үшін бір алаңда әртүрлі тараптарды жинауға мүмкіндік береді».
Конференцияның панельдік сессиялары бес тақырыптық бағыт бойынша өтеді:
- «АХҚО өнімдері»: активтер мен қорларды басқаруды, инвестициялық резиденттікті, исламдық қаржыны қоса алғандағы АХҚО қаржылық өнімдері мен қызметтері.
- «Юрисдикция және реттеу»: АХҚО юрисдикциясын практикалық қолдану, оның өңірлік ынтымақтастықтағы рөлі, АХҚО қаржы экожүйесінің тұтастығын қорғау тәсілдері, тәуекелдер мен ережелер, сондай-ақ криптовалюта және комплаенс талаптарына сәйкестік мәселелері.
- «Саланың инновациялары мен әлеуеті»: қаржы индустриясының инновациялары мен үрдістері, соның ішінде финтех, цифрлық активтер, венчурлік капитал және саланың әлеуетін дамыту тақырыптары.
- «Жасыл өсу» – «жасыл» экономиканың төмен көміртекті дамуы мен өсуі үшін орнықты қаржыландырудың жаңа құралдары, сондай-ақ ESG стандарттары бойынша ашудың маңыздылығы, көміртекті қаржыландыру тетіктері, төмен көміртекті және әлеуметтік дамуға толыққанды көшуді қамтамасыз ету үшін қажетті басқа да өзекті шаралар туралы.
- «Капитал нарықтары» – Қазақстанның макроэкономикалық даму болашағы мен инвестициялық мүмкіндіктері, экономикалық тұрақтылықты қолдау және инфляциялық қысымды төмендету жөніндегі саяси шаралар, алдағы IPO және АХҚО биржасы – AIX-тің эмитенттері бизнесінің ағымдағы жай-күйі.
Конференция аясында ITS халықаралық сауда алаңының салтанатты ашылуы және алғашқы сауда-саттықтардың іске қосылуы өтеді (іс-шараның өтетін орны: Basel room, С3.3, уақыты 10:50-12:00). ITS – АХҚО қаржы қызметтерін реттеу комитетінен көпжақты сауда алаңымен жұмыс істеуге MTF (Multilateral Trading Facility) лицензиясын алған алғашқы компания. Оның көмегімен Қазақстаннан келген инвесторлар Азия, еуропалық және америкалық биржалық алаңдардың жұмыс уақытында жаһандық қаржы нарығының мыңдаған инвестициялық өніміне қол жеткізе алатын болады. Бұл біздің аймақ үшін мүлдем жаңа бизнес форматы, оның классикалық қор биржаларынан айырмашылығы – ол бағалы қағаздардың бастапқы листингімен айналыспайды. Әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған құралмен сауда-саттықты қамтамасыз ете алатын MTF цифрлық платформалары көптеген жыл бойы Еуропалық одақ аумағында жұмыс істеп келеді.
Сонымен қатар, конференция шеңберінде Astana International Exchange (АХҚО биржасы) мен Abu Dhabi Securities Exchange арасында Tabadul цифрлық биржалық сауда орталығына кіру туралы келісімге қол қойылады (іс-шараның өтетін орны: Main Board room, С3.4, уақыты 14:00-14:30). Tabadul басқару жүйесі AIX және ADX биржалары арасында инвестициялық операцияларды жүргізуге мүмкіндік береді, сонымен қатар инвесторларға екі нарықта да лицензияланған брокерлер арқылы тікелей сауда жасауға жол ашады.
Сондай-ақ, «Green Finance Awards 2023» халықаралық сыйлығының марапаттау рәсімі өтеді (іс-шараның өтетін орны: AIX Trading Hall, С3.4, уақыты 15:00-15:50). Сыйлық жеке тұлғалар мен ұйымдардың «жасыл» және тұрақты қаржыны дамыту саласындағы жетістіктерін көрсетіп көтермелеуге бағытталған. Салтанатты шарада 2021-2022 жылдары Орталық Азия, Шығыс Еуропа, Кавказ және Моңғолия аймағында тұрақты қаржыландыру нарығын дамытуға үлес қосқан жеңімпаздар марапатталады. Номинация атаулары төмендегідей: «Үздік жасыл инвестициялық банк», «Жасыл қаржыны дамытуға қосқан зор үлесі үшін», «Жасыл қаржы бойынша үздік консалтинг», «Ең ірі егеменді жасыл облигация», «Ең ірі қаржылық емес корпоративтік жасыл облигация».
AFD2023 шеңберінде Гарвард университеті мен АХҚО жанындағы өсу зертханасының Қазақстанның экспорттық және инвестициялық келешегін зерттеу туралы есебін таныстыру жоспарлануда (өтетін жері: Astana Hall, С3.4, уақыты: 13:00-13:50). Зерттеуде тауарлардың күрделілігі тұрғысынан Қазақстанның экспорттық себетіне талдау, сондай-ақ экспортты әртараптандыруға ықпал ететін макроөңірлер бойынша ұсынылған өнім топтарының тізімі келтірілетін болады.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу, жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева
Баспасөз хатшысы
Тел: +7 701 777 6558
Бақытжан Тоимбек
Баспасөз қызметінің бас менеджері
Тел. +7 702 222 0008
E-mail: [email protected]