Ташкент қор биржасында АХҚО ЖҚО қолдауымен алғашқы «жасыл» облигациялар шығарылды 

«Өзбекстанның ипотеканы қайта қаржыландыру компаниясы» АҚ-ның алғашқы «жасыл» облигацияларының Ташкент қор биржасында сәтті орналастырылуы Өзбекстанның орнықты қаржыландыру секторы үшін маңызды жетістік болды. Шығарылым АХҚО Жасыл қаржы орталығының (ЖҚО) қолдауымен жүзеге асты. Бұл 50 миллиард сум (шамамен 4 миллион АҚШ доллары) көлеміндегі шығарылым елдің экологиялық орнықтылық пен «жасыл» қаржыға деген бейілдігін танытудағы маңызды қадам саналады.

Облигациялардың шығарылуы Өзбекстанның бағалы қағаздарын шығару және тіркеу қағидаларындағы соңғы өзгерістерден кейін мүмкін болды, бұл қағидалар 2024 жылдың маусымында орнықты қаржыландыруға жәрдемдесу үшін жаңартылған еді. «Жасыл» облигацияларды сатудан түскен қаражат коммерциялық банктер энергияны үнемдейтін материалдарды пайдалана отырып іске асырылатын жөндеу жобалар үшін беретін «жасыл» кредиттерді қаржыландыруға және қайта қаржыландыруға бағытталатын болады. Бұл бастама құрылыс секторында энергия тиімділігін арттыруға ықпал ете отырып, Өзбекстанның экологиялық мақсаттарына қол жеткізуге елеулі үлес қосады.

АХҚО Жасыл қаржы орталығы сыртқы бағалауды ұсынды және облигациялардың Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығы (ICMA) жариялаған жасыл облигациялар қағидаттарына сәйкес келетіндігін растады.


Осы шығарылым бойынша АХҚО ЖҚО-ның Өзбекстан Республикасындағы жергілікті серіктесі Alkes Research компаниясы инвестициялық делдал болды. Сондай-ақ, компания АХҚО ЖҚО-мен әлеуетті эмитенттер арасында жасыл, әлеуметтік және орнықты қаржыны ілгерілетуде ынтымақтаса отырып, Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы орнықты қаржы құралдары нарығын нығайту үшін реферальды келісімге қол қойды.

AIFC AI assistant