Капитал нарықтарына өзара қолжетімділіктен трансшекаралық инвестицияларға дейін: АХҚО Қазақстан мен Грузия арасындағы қаржылық ынтымақтастықты нығайтуда
2026 жылғы 28 қазанда Тбилисиде «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО), Грузия Ұлттық банкі, GFTN және ITS Қазақстан Республикасының Грузиядағы Елшілігінің қолдауымен Tbilisi Finance Summit 2026 аясында AIFC Connect: Tbilisi 2026 іскерлік іс-шарасын өткізді. Іс-шара аясында Қазақстан мен Грузия арасындағы қаржылық байланыстарды нығайтуға, капитал нарықтарына трансшекаралық қолжетімділікті кеңейтуге және екі елдің инвесторлары мен қаржы нарығына қатысушылары үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға баса назар аударылды.
Іс-шара Қазақстан мен Грузияның қаржы саласының өкілдерін, соның ішінде реттеуші органдар, банктер, инвестициялық компаниялар, қор биржалары, қаржы институттары, технологиялық және консалтингтік компаниялар өкілдерін біріктірді.
Іскерлік бағдарламаны Қазақстан Республикасының Грузиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Талғат Адуов, Грузия Ұлттық банкінің бірінші вице-президенті Екатерина Микабадзе және АХҚО Әкімшілігі Басқармасының төрағасы Бақтияр Тілеубеков ашты. Бағдарлама аясында қатысушылар Қазақстан мен Грузиядағы экономикалық үрдістер мен капитал нарықтарының дамуын, АХҚО экожүйесінің мүмкіндіктерін, сондай-ақ екі елдің қаржы нарықтарын одан әрі жақындастырудың жолдарын талқылады.
«Қазақстан мен Грузияны достыққа, өзара сенім мен құрметке негізделген берік әрі ұзақ мерзімді қарым-қатынас байланыстырады. Стратегиялық серіктестер ретінде біз экономикалық байланыстарды нығайтуға ниеттіміз. Қаржылық ынтымақтастықты кеңейтуде, трансшекаралық инвестицияларды арттыруда, сондай-ақ екі елдің бизнесі мен инвесторлары үшін жаңа мүмкіндіктер ашу жолында елеулі әлеует бар деп санаймыз», — деді Қазақстан Республикасының Грузиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Талғат Адуов.
Бағдарлама аясында Грузияның Экономикалық даму корпорациясының басшысы Иракли Габриадзе елдің экономикалық үрдістері мен капитал нарығының перспективаларына шолу жасады. АХҚО Әкімшілігі Басқармасының төрағасы Бақтияр Тілеубеков АХҚО экожүйесі және оның инвесторлар мен бизнес үшін негізгі артықшылықтары туралы айтып берді.
«Қазақстан мен Грузияның қаржы нарықтары арасындағы ықпалдастықты нығайтуға және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге зор әлеуеті бар. Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуы бұл серіктестікке тың серпін беріп, сауда көлемін ұлғайтуға және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Біздің басты міндетіміз – диалогтан нақты іске көшіп, қаржы институттары арасындағы практикалық ынтымақтастықты дамыту, капитал нарықтарына өзара қолжетімділікті кеңейту және трансшекаралық инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау. АХҚО өзінің халықаралық құқықтық және реттеушілік инфрақұрылымы, сондай-ақ капитал тарту құралдары арқылы осы бағыттағы жұмыстарға қолдау көрсетуге дайын», — деді Бақтияр Тілеубеков.
«Тбилиси қаржы саммитінде «Астана» халықаралық қаржы орталығын қарсы алуға қуаныштымын. Грузия Ұлттық банкі мен АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) арасындағы ынтымақтастық екі ел арасындағы қаржылық байланыстарды кеңейтуге және капитал нарықтарына өзара қол жеткізуге жәрдемдесуге бағытталған. Бұл ынтымақтастық қаржы институттарының жаңа нарықтарда қызмет ету мүмкіндіктерін кеңейтуге, инвестициялар тартуға, трансшекаралық қаржылық қызметтерді дамытуға және Грузия мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп сенеміз», — деді Грузия Ұлттық банкінің бірінші вице-президенті Екатерина Микабадзе.
Astana International Exchange (AIX) нарықтар және өнімдер жөніндегі бас директоры Біржан Астаев Қазақстанның капитал нарығының мүмкіндіктері туралы айтты.
AIFC Connect: Tbilisi 2026 іс-шарасының негізгі тақырыптарының бірі АХҚО мен Грузияның қаржы нарықтарына қатысушылардың өзара қолжетімділігінің практикалық тетіктерін дамытуға бағытталған Mutual Access and Recognition жобасы болды. Жоба туралы Грузия Ұлттық банкінің бірінші вице-президенті Екатерина Микабадзе мен AFSA-ның бас атқарушы директоры Евгения Богданова сөйледі.
Жоба 2026 жылғы қыркүйекте Astana Finance Days форумы аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды жалғастырады. 9 қыркүйекте AFSA мен Грузия Ұлттық банкі қаржылық қызметтер саласындағы өзара қолжетімділік пен тану мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат капитал нарықтары және активтерді басқару саласында АХҚО мен Грузияның қаржы нарықтары арасындағы өзара қолжетімділікке жәрдемдесу үшін реттеушілік ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Тараптар екі юрисдикцияның заңнамасы мен реттеушілік талаптарын ескере отырып, нарық қатысушылары үшін қолжетімділіктің практикалық тетіктерін бірлесіп әзірлеуге, сондай-ақ қадағалау саласындағы өзара әрекеттесу мен ақпарат алмасуды нығайтуға ниеттенді.
«AFSA мен Грузия Ұлттық банкі арасындағы меморандумға қол қою біздің юрисдикцияларымыз арасындағы реттеушілік ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болды. Бүгінгі ортақ міндетіміз – осы уағдаластықтарды практикалық мазмұнмен толықтыру. Біз қаржы институттарының мүмкіндіктерін кеңейтуге, жаңа нарықтарға шығуды жеңілдетуге және капитал нарықтары мен активтерді басқару саласында трансшекаралық қаржылық қызметтерді дамытуға жағдай жасауға мүмкіндік беретін өзара қолжетімділік пен тану тетіктерін әзірлеудеміз. Сонымен қатар, реттеушілердің тиімді өзара әрекеттесуін қамтамасыз ету және инвесторларды қорғаудың жоғары стандарттарын сақтау біз үшін аса маңызды», – деді AFSA-ның бас атқарушы директоры Евгения Богданова.
«Нарықтарды байланыстыру: трансшекаралық бизнес, инфрақұрылым және инвестициялар» атты панельдік пікірталас нарықтар арасындағы байланысты кеңейтудің, трансшекаралық бизнес пен инвестицияларды дамытудың практикалық мүмкіндіктерін талқылау үшін жетекші қаржы және инвестициялық институттардың өкілдерін біріктірді.
Пікірталасқа Cerberus Capital Management басқарушы директоры Михеил Нибладзе модераторлық етті. Спикерлер қатарында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры Сәкен Олжабаев, Halyk Bank Georgia бас директоры Николоз Гегучадзе, ITS басқарушы директоры Александр Диаковский, TBC Capital директоры Отар Шарикадзе және Galt & Taggart бас директоры Гиорги Купрашвили болды. Қатысушылар инвестициялық мүмкіндіктерді, капитал нарығы мен қаржы инфрақұрылымын дамытуды, сондай-ақ екі елдің нарықтары арасындағы трансшекаралық операциялар мен іскерлік ынтымақтастықты жеңілдету жолдарын қарастырды.
Қазақстан мен Грузия арасындағы экономикалық және инвестициялық байланыстар тұрақты түрде кеңейіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара сауда көлемі $184,5 млн, ал 2026 жылғы қаңтар — сәуір аралығында $53 млн құрады. Қазақстан Грузия экономикасына $500 млн астам инвестиция салды. Қазақстанда грузиялық 600-ден астам компания жұмыс істейді. АХҚО-да Грузиядан 20 компания тіркелген, олар қаржы және сақтандыру, ақпарат және байланыс, өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен басқа салаларда қызмет етеді.
Қаржылық ынтымақтастық екі ел арасындағы көлік, логистика және инфрақұрылым салаларындағы жобаларды қамтитын кең ауқымды стратегиялық әріптестік аясында дамып келеді. Негізгі бағыттардың бірі – Азия мен Еуропаны байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту. Қазақстан мен Грузия бағыттың негізгі қатысушыларының қатарына кіреді және көлік-логистикалық инфрақұрылымды, контейнерлік тасымалдарды, тарифтерді үйлестіру мен цифрландыруды дамытып келеді.
Осындай өзара іс-қимылдың практикалық мысалдарының бірі – Қазақстан, Грузия, Әзербайжан мен Қытай теміржол компаниялары құрған, АХҚО-да тіркелген Middle Corridor Multimodal Ltd. компаниясы. Оның қызметі Орта дәліз бойынша тасымалдардың үйлестірілген моделін дамытуға, соның ішінде маршруттың теміржол және теңіз учаскелерін интеграциялауға және транзит тиімділігін арттыруға бағытталған.
Іс-шара іскерлік нетворкингпен және бірқатар B2B-кездесулермен аяқталды. Олардың барысында қатысушылар одан әрі ынтымақтастық, трансшекаралық инвестициялар және бірлескен бастамаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – халықаралық стандарттарға сәйкес бизнесті ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестициялар тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе.
АХҚО іске қосылған сәттен бастап оның алаңы арқылы Қазақстан экономикасына $28 млрд астам инвестиция тартылды. АХҚО-да әлемнің 90 астам елінен 6 800 астам компания тіркелген.
АХҚО-да ағылшын жалпы құқығы қағидаттарына негізделген өзіндік құқықтық және реттеушілік инфрақұрылым жұмыс істейді. АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) қаржылық және нарықтық қызметті реттеп, қадағалайды, ал Astana International Exchange (AIX) капитал тарту, листинг және бағалы қағаздар саудасы үшін инфрақұрылым ұсынады. Құқықтарды қорғау мен коммерциялық дауларды шешуді тәуелсіз АХҚО Соты және Халықаралық төрелік орталығы (IAC) қамтамасыз етеді. aifc.kz
AIFC Connect – қаржы және өнеркәсіп секторларындағы сарапшылар мен компаниялардың топ-менеджерлері АХҚО бастамаларымен және Қазақстанның бизнес жүргізуге арналған инвестициялық мүмкіндіктерімен танысатын эксклюзивті кездесулер форматы. Бұған дейін AIFC Connect Сингапур, Лондон, Дубай, Абу-Даби, Сеул, Гонконг және Бейжің қалаларында өтті.
АХҚО баспасөз қызметі
E-mail: [email protected]