Астанада «ХТО-2024 Еуразиялық Төрелік апталығы» конференциясы өтті

«ХТО-2024 Еуразиялық Төрелік апталығы» конференциясын Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) Herbert Smith Freehills LLP халықаралық заң компаниясымен серіктестікте ұйымдастырды. Конференцияның ашылуында Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Лич, ХТО төрағасы Томас Крюммель, АХҚО Сотының төрағасы Лорд Бернетт және Herbert Smith Freehills LLP серіктесі Патрисия Насимьенто сөз сөйледі.

Халықаралық тәжірибесі бар төрешілердің қатысуымен өткен панельдік сессия кезінде төрелік қоғамдастығының төмендегідей өзекті мәселелері талқыланды:

  • Еуразиядағы төрелік – өңірлік перспективалар;
  • Адвокаттар мен төрешілердің төрелік процесіндегі этикалық мінез-құлқы;
  • Құқықтық дауларды компания тұрғысынан шешу;
  • Төреліктегі жас заңгерлер;
  • Істе жеңіске жету үшін не қажет? Төрешінің пікірі;
  • Инвестицияларды қорғау және инвестициялық даулар мемлекет тұрғысынан;
  • Инвестициялық төрелік арқылы сыбайлас жемқорлықпен және алаяқтықпен күресу.

Конференция аясында Nektorov, Saveliev & Partners заң компаниясының серіктесі Илья Рачковтың «Еуразия елдеріндегі төрелік тыңдау тәжірибесі: Төрешілерді тағайындау және оларға қарсылық білдіру» тақырыбы бойынша тренинг өткізілді. Сондай-ақ, «Халықаралық инвестициялық құқық» атты жаңа оқу құралы таныстырылды (Н. Кондрашов, К.Панераи және И. Рачковтың редакциялауымен). ХТО-мен серіктестікте шығарылған кітап халықаралық инвестициялық құқық мәселелері бойынша жетекші басылымдардың бірі болады деп күтілуде.

Конференцияның бірінші күні Халықаралық төрелік орталығы «Astana Development Center» ЖШС-мен (Астана қаласы әкімдігінің ведомстволық бағынысты ұйымы) және Назарбаев Университетімен жаңа әріптестік келісімдерге қол қойды.

Конференцияның алғашқы күнінде АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа және Азия елдерінен келген 200-ден астам жетекші төрешілер, заң кеңесшілер, судьялар мен дипломаттар қатысты. 

АХҚО Сотының және ХТО-ның Тіркеушісі және аппарат басшысы Кристофер КэмпбеллХолт былай деп атап өтті:

«Конференцияға қатысқан халықаралық инвесторлар мен олардың мүдделерін қорғайтын заңгерлер АХҚО Соты мен ХТО Қазақстанға инвестициялар тартуда маңызды рөл атқарады деп айтты. Инвесторлар АХҚО Соты мен ХТО жұмысымен танысқаннан кейiн, олардың бізге сенімі артып, өздерінің заңды құқықтары заң үстемдігінің ең жоғары стандарттарын қолданатын тәуелсіз және бейтарап сот төрелігімен қорғалатынын түсінді. «ХТО-2024 Еуразиялық Төрелік апталығы» – жетекші халықаралық және аймақтық төрешілер мен заңгерлер қатысатын маңызды оқиға. Біз АХҚО Соты мен ХТО кәсіби аудиторияда танылып, сенімге ие болғанын мақтан тұтамыз».

Инвесторлар Еуразия елдеріндегі халықаралық коммерциялық дауларды шешу үшін АХҚО Соты мен ХТО жетекшi таңдау болып келетiнiн атап өтеді. Бүгінгі таңда АХҚО Соты мен ХТО 2459 шешімді, оның ішінде 110 сот шешімі, 506 төрелік шешім және 1843 медиация келісімін шешіп, орындады. Дау тараптары ретiнде 27 елдің компаниялары қатысты.

Даулар коммерциялық келісімшарттар, компаниялар, жылжымайтын мүлік, құрылыс, көлік, МЖӘ, логистика және АХҚО еңбек келісімшарттарына қатысты болды. АХҚО Сотының және ХТО-ның ескертпелері дауларды шешудің оңтайлы әдісі ретінде 10 000-нан астам коммерциялық келісімшарттарға енгізілген.

Анықтама үшін:

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – 2018 жылы жұмыс істей бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде беку болып табылады. www.aifc.kz 

АХҚО Соты тәуелсіз институт болып табылады. Ағылшын жалпы құқығының қағидаттары мен нормаларына және озық халықаралық іс-тәжірибеге негізделген өзіндік  процессуалдық нормалары бар. АХҚО Соты өз қызметін тәуелсіз атқарады және Қазақстан Республикасының сот жүйесінің бір бөлігі болып табылмайды. Екі деңгейден тұрады: Бірінші инстанциядағы сот, оған ұзақ даулар соты ретінде белгілі мамандандырылған бөлімше және Апелляциялық сот кіреді. АХҚО шеңберінде жүзеге асырылатын  қызметпен және операциялармен байланысты туындайтын дауларға қатысты және барлық тараптар АХҚО Сотына   юрисдикция беруге жазбаша нысанда келісетін дауларға қатысты айрықша юрисдикцияға ие. Ол қылмыстық немесе әкімшілік сипаттағы қандай да бір дауларға қатысты юрисдикцияға ие емес. Істерді жүргізудің заманауи және тиімді әдістері қолданылады. https://court.aifc.kz/    

Халықаралық төрелік орталығы (ХТО) тәуелсіз институт болып табылады. Үздік халықаралық іс-тәжірибе үлгісі бойынша әзірленген өзіндік процессуалдық нормалары бар. Орталықта төрелік және медиация жолымен коммерциялық дауларды, соның ішінде мұнай-газ, сауда, құрылыс, энергетика, қаржылық қызметтер, банк ісі, ислам қаржылары, сақтандыру және зияткерлік меншік салаларында шешу бойынша көпжылдық тәжірибеге ие жетекші халықаралық төрешілер мен медиаторлардың өзіндік тізілімі бар. ХТО-ның төрелік шешімдері Қазақстан Республикасының аумағында және халықаралық деңгейде мойындалады және орындауға жатады.  https://iac.aifc.kz/ 

AIFC AI assistant