Air Astana AIX-те сауда-саттықты бастады

Astana International Exchange («AIX», «Биржа») Air Astana-ның қарапайым акциялары («Акциялар») және жаһандық депозитарлық қолхаттары («ЖДҚ») листингтен өтіп, AIX-те шартсыз сауда-саттыққа жіберілгенін қуана хабарлайды. Бұның алдында пре-маркетте (conditional trading) үш жарым күн бойы шартты сауда-саттық өтті, бұл Қазақстандық қор нарығы үшін инновация болды. AIX қазақстандық инвесторларға жаһандық инвесторлармен бір мезгілде алғаш рет Лондон қор биржасында («LSE») сауда жасауға мүмкіндік берді.

AIX басқарма төрағасы Әсел Мұқажанова:

«Air Astana IPO-сының сәтті өтуін іс жүзінде қазақстандық жеке инвесторлар қамтамасыз етті. AIX-ке сомасы 100 млрд теңгеге 29 мың өтінім түсті, бұл жергілікті нарық үшін рекорд, сумманың жартысын жеке инвесторлар әкелді.

Соңғы уақытта өткен әрбір IPO қазақстандық қор нарығының қаншалықты тереңдей түскенін, кең ауқымды сауда-сатыққа қатысу үшін өз дағдылары мен мүмкіндіктерін біртіндеп жетілдіріп келе жатқан бөлшек инвесторлар базасының қалай өскенін көрсетеді.

Air Astana IPO-сы ішкі және халықаралық нарықтар арасындағы елеулі өзгерісті айшықтайды: алғаш рет жергілікті инвесторлардың өтінімдер көлемі шетелдік инвесторлардың өтінімдер санынан асып түсті. Осы орайда AIX-те «Самұрық-Қазына» қоры компанияларының алдағы IPO-ларын Қазақстан азаматтары үшін одан да қолжетімді әрі қызықты етуге барлық мүмкіндіктері бар».

AIX биржасында Air Astana компаниясының ЖДҚ мен акцияларын сатып алуға сәйкесінше 112 миллион АҚШ долларына және 49,6 млрд теңгеге тапсырыс келіп түсті. Аллокацияда инвесторларға 71,6 миллион АҚШ долларына ЖДҚ, және 15,6 миллиард теңгеге қарапайым акциялар таратылды. ЖДҚ мен акцияларды қоса санағанда жеке инвесторлар үлесі 56%, ал институционалдық инвесторлар үлесі  44% құрады.

Air Astana компаниясы IPO нәтижесінде қазақстандық биржаларда құны 215 миллион АҚШ доллары болатын ЖДҚ мен акцияларды орналастырды, оның 106.1 миллион доллары, немесе 49,3%  AIX биржасында.

Tabys мобильді қосымшасы арқылы жеке инвесторлардан 3400-ден астам өтінім келіп түсті, олар жалпы самасы 500 миллионнан астам теңгеге қанағаттандырылды.

Tabys арқылы ең жоғары біржолғы өтінімдер сомасы акцияларға 20 млн теңгені және ЖДҚ-ға $10 000 құрады.

Бұл IPO-да әйелдерден келіп түскен өтінімдер саны 54%, ал ер адамдардан келіп түскен өтінімдер саны 46%-ды құрады, бірақ егер жалпы көлем бойынша бағалайтын болсақ, онда ерлер Air Astana акцияларына әйелдерге қарағанда 168 млн теңгеге көп инвестиция салды.

Негізгі сауда-саттық басталғанға дейін үш жарым күн ішінде өткізілген шартты сауда-саттықтың нәтижелері келесідей болды:

– Лондон қор биржасындағы сауда-саттық көлемі (ЖДҚ және акциялар) $31 млн, AIX-те – $7,8 млн құрады.

– AIX-тегі мәмілелер саны – 1998.

Сауда-саттық нәтижелері AIX-тің https://market.aix.kz/ сайтында нақты уақыт режимінде қолжетімді.

AIX бағалы қағаздар сауда-саттығының басталуының бейне трансляциясын 2024 жылдың 15 ақпанында сағат 15.00-ден кейін https://drive.google.com/drive/folders/1-0EUGiGHUbrK32LkARE4WGeAa5s0cIba сілтемесі бойынша табуға болады.

Анықтамалық ақпарат:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері – АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX-тің сауда платформасын ұсынатын NASDAQ. Биржа өз қызметін ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта шеңберінде жүзеге асырады, осылайша инвестициялық қызметті жүргізудің сенімді шарттарын қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік кәсіпорындарға қаржыландыруды тарту үшін нақты және қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету арқылы Қазақстан мен өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» бастамасы шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды дамытады. Қосымша ақпарат: www.aix.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамытуға арналған қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz

AIFC AI assistant