«Саудадағы әйелдер» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді
2023 жылдың 1 наурызында «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) жанындағы Тұрақты өкілдігінің ынтымақтастығымен «Саудадағы әйелдер» тақырыбында онлайн дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Умаров, ITC атқарушы директоры Памела Кок-Гэмилтон ханым, АҚШ хатшысының халықаралық сауда жөніндегі орынбасары Дайан Фарелл, АҚШ халықаралық даму қаржы корпорациясы Басқарма басшысының орынбасары Мишель Чарняк ханым, «АХҚО Әкімшілігі» АҚ Басқарма төрағасы Ернұр Рысмағамбетов, ЕҚДБ, WEConnect халықаралық және Дүниежүзілік экономикалық форум өкілдері қатысты.
Отырыстың модераторы Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі, Елші Жанар Айтжан болды:
Қазақстан Республикасының ДСҰ жанындағы Тұрақты өкілі өзінің кіріспе сөзінде сессия әйелдердің әлемдік экономика мен саудадағы рөлін, сондай-ақ халықаралық бастамаларды зерттеуге, олардың экономикалық құқықтары мен әйелдерге арналған мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғанын атап өтті. «Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге және әйелдерге тең мүмкіндіктер мен құқықтарды қамтамасыз ететін ДСҰ бастамаларына біздің міндеттемеміз өткен жылдың маусымында Қазақстан табысты төрағалық еткен ДСҰ-ның 12-ші Министрлер конференциясының қорытынды декларациясында ерекше атап өтілді», – деді Тұрақты өкіл Жанар Айтжан.
Сессияның мақсаты әйелдердің жаһандық экономика мен саудадағы маңызды рөлі туралы идеяны оқыту және тарату, аудиторияның назарын Қазақстан мен Орталық Азиядағы әйелдер үшін мүмкіндіктердің баршылығына аудару болды.
ITC – Дүниежүзілік Сауда Ұйымы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD) бірлескен ұйымы – сауда мен жаһандық бизнесті дамытады. Әйелдердің саудаға қосылуы – ITC-дің Ready4Trade Орталық Азия бастамасы аясындағы жобаның басты мақсаттарының бірі. «Астана» халықаралық қаржы орталығы ұйымдастырған «Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, білім беру және кәсіпкерлікті дамыту» сияқты жобалар – халықаралық саудадағы әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін өзгерте алатын жобалардың бірі», – деп атап өтті өзінің негізгі баяндамасында Ханым Памела Кок-Гэмилтон.
«Гендерлік теңдік – біз барлық әлеуметтік-саяси реформаларымызда ескеретін басымдықтардың бірі. Гендерлік теңдікті ілгерілетуге үкіметтің қолдауы ең қолайлы кезеңге түсіп отыр. Мен барлығын біріктіретін бүгінгі дөңгелек үстел сияқты бастамалардың арқасында әйелдер практикалық нәтижелерге және гендерлік теңдік нәтижелері бойынша жетістіктерге қол жеткізеді деп сенемін», – деп бөлісті Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Умаров.
АҚШ хатшысының халықаралық сауда жөніндегі орынбасары Дайан Фаррелл ханым қатысушыларға Еуразиядағы кеңсесі 2022 жылдың мамырында бастаған “Empower Her” бастамасы туралы айтып берді. Бұл бастама әйелдер-кәсіпкерлердің шетелдегі бизнес мүмкіндіктері туралы хабардар болуын арттыру, әйелдер-кәсіпкерлерге арналған құралдар мен қызметтерді жетілдіру және компанияларды әйелдерге тиесілі бизнесті әртараптандыруға және қолдауға шақыру арқылы халықаралық саудада әйелдерді ынталандыру және мүмкіндіктерін кеңейту желісін қамтиды. Іске қосылғаннан бері 34 еуропалық және еуразиялық желі және аймақта жұмыс істейтін 90-ға жуық АҚШ компаниялары әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге қолдау көрсету туралы декларацияға қол қойды.
Ал Мишель Чарняк келесіні атап өтті: «DFC – бұл АҚШ мемлекетінің дамуды қаржыландыру институты. Біз көптеген инвестициялар арқылы гендерлік теңдік пен қаржылық қол жетімділікті, соның ішінде әйелдердің экономикалық қатысуын және кәсіпкер әйелдерді қолдауды ілгерілету үшін жұмыс істеп жатқанымызды мақтан тұтамыз».
ЕҚДБ Орталық Азия бойынша Басқарушы директоры Зусанна Харгитай ханым Қазақстан ЕҚДБ өзінің «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасын іске қосқан Орталық Азиядағы бірінші ел екенін, оның аясында бүгінгі таңда әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға 100 миллион доллардан астам қаражат бөлінгенін атап өтті.
Қорытындылай келе, «АХҚО Әкімшілігінің» Басқарма төрағасы Ернұр Рысмағамбетов жаңа серіктестіктерді ілгерілету үшін осындай диалог алаңдарының маңыздылығын атап өтті.