Қазақстанның Даму Банкі AIX-те «жасыл» облигацияларды орналастырды

Astana International Exchange («AIX», «Биржа») «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек «ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы, бұдан әрі – ҚДБ, Банк) «жасыл» облигацияларды шығарғанын хабарлайды. Құнды қағаздар көлемі 15 млн АҚШ долларын құрады, сауда-саттық қорытындысы бойынша купондық мөлшерлеме жарты жылда бір рет купондық сыйақы төлей отырып, 5,65% деңгейінде айқындалды. AIX биржасында орналастырылған барлық облигацияларды нарық қатысушылары толық көлемде сатып алды. Бұл ретте инвесторлар тарапынан жарияланған орналастыру көлеміне сұраныс 122,7%-ды құрады.  «Жасыл» облигациялар  – Қазақстан Даму Банкі AIX алаңында жасаған алғашқы мәміле.

Ренат Бектұров, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

Бүгін Орталық Азияда алғашқы рет Climate Bonds Initiative (CBI) сертификациясынан өткен жасыл облигациялар шығарылып отыр, яғни жасыл қаржы саласының дамуы тек Қазақстан бойынша емес, жалпы аймақ бойынша жаңа межеге жетті. Біздің биржа осы жылдар аралығында өзін инновациялық және тұрақты дамуға бағытталған қаржы құралдарын шығаратын алаң ретінде көрсеткеніне мен қуаныштымын. Бәйтерек холдингіне, оның еншілес ұйымдарына, және біздің барлық эмитенттерімізге AIX биржасын таңдағандары үшін алғысымды білдіремін.

Орналастыру нәтижесінде жиналған қаражат Қазақстандағы жаңартылатын энергетика саласындағы жобаны қаржыландыруға жұмсалады. Таңдау үш жобаның арасында жасалуы мүмкін, олардың тізімі жобалардың несиелік қаражатты игеру кезеңіне дайындығына байланысты СBI сертификаттауына сәйкес анықталған.

Осы жобаларды іске асырудың арқасында Қазақстанда энергия өндірудің жалпы көлеміндегі ЖЭК үлесі артады, сондай-ақ елдің энергия жүйесіндегі тапшылық азаяды.

«Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасының орынбасары Ботакөз Абишева:

«Еліміздің Президенті жариялаған 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі жоспарларды және ESG қағидаттарын енгізудің жалпы трендін ескере отырып, «Бәйтерек» жаңартылатын энергетика, энергия тиімділігін арттыру және қолданыстағы энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуды қамтитын «жасыл» жобаларды қолдауға ерекше назар аударады. Бүгінгі «жасыл» облигацияларды орналастыру Қазақстандағы ЖЭК-тің даму жолындағы тағы бір қадам болып табылады».

Қазақстан Даму Банкінің Басқарма төрағасы Марат Елібаев:

«ҚДБ ESG қағидаттарын өз жұмысы мен қарыз алушыларының қызметіне, оның ішінде Қазақстанда «жасыл» экономиканы дамыту үшін тұрақты қаржыландыру құралдарын енгізу арқылы белсенді түрде енгізуде. Бұл саясаттың бір бөлігі облигацияларды AIX алаңында орналастыру болды – бұл Банктің екінші «жасыл» облигациялары. Бұл орналастыру үшін Орталық Азияда алғаш рет Climate Bonds Initiative халықаралық стандарттары бойынша сертификат алынғаны маңызды».

Climate Bonds Initiative (CBI) сертификаттауы «Астана» халықаралық қаржы орталығының Green Finance Center серіктестігімен алынғанын атап өту қажет. Ол климаттық облигациялардың әлемдік стандарттарына бағалы қағаздардың сәйкестігін көрсетеді. Осылайша, Даму Банкінің облигациялары CBI халықаралық стандарттары бойынша сертификат алған Орталық Азия кеңістігіндегі қаржы институттары арасындағы борыштық капитал нарығындағы алғашқы мәміле болды.

Анықтамалық ақпарат:

AIX 2017 жылы “Астана” халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX-ке сауда платформасын да ұсынатын NASDAQ AIX акционерлері болып табылады. Биржа ағылшын құқығының қағидаларына негізделген нормативтік-құқықтық база шеңберінде жұмыс атқарады, осы арқылы сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы  жеке және мемлекеттік кәсіпорындар үшін қаржыландыру тартудың айқын және қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде белсенді капитал нарығын дамыту болып табылады. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ “Белдеу және жол” бастамасы шеңберіндегі инфрақұрылымдық жобаларды дамытады. Толығырақ ақпарат  сілтеме бойынша қолжетімді: www.aix.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz

AIFC AI assistant