«Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Еуропа қайта құру және даму банкі Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды
«Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Еуропа қайта құру және даму банкі Astana Finance Days аясында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумның шарттары Қазақстандағы жасыл қаржы жүйесі үшін қолдаушы нормативтік-құқықтық базаны, сондай-ақ АХҚО AIX биржасында жасыл облигациялар шығаруды жеделдету бағдарламасын әзірлеуде әрі қарай ынтымақтастық жасауды көздейді.
ЕҚДБ Президенті сэр Сума Чакрабарти: «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту Қазақстанда, Орталық Азия мен жалпы өңірде бәсекеге қабілетті, тиімді және ашық қаржы нарығын құруға көмектеседі. Біз бүгін қол қойған АХҚО мен ЕҚДБ арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум жасыл қаржы саласындағы бірлескен жұмысымызды жеңілдетеді және жасыл облигациялар нарығын құруға көмектеседі» – деді.
«ЕҚДБ АХҚО-ны дамытуда, атап айтқанда, жаңа – жасыл қаржы бағытын құруда әрдайым қолдау көрсетуші серіктесіміз. ЕҚДБ-ның алғашқы техникалық көмегі аясында Қазақстанның жасыл қаржы жүйесін құру тұжырымдамасы жасалды», – деп атап өтті Қайрат Келімбетов.
Қол қойылған Меморандум Тараптарға Қазақстандағы жасыл облигациялар нарығын дамыту бойынша бірлесіп қызмет жүргізуге, бағдарламалық құжаттар мен жасыл қаржыны реттеу бойынша ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді. ЕҚДБ жасыл қаржы және жасыл қаржы құралдары бойынша өңірлік нарықтың драйвері атануы тиіс АХҚО-ның Жасыл қаржы орталығының құрылуын қолдайды.
Анықтамалық ақпарат:
АХҚО туралы: «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. АХҚО-ны құру туралы Конституциялық заңға 2015 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылды. АХҚО-ның мақсаты – қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру. Міндеттеріне ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету жатады. www.aifc.kz
ЕҚДБ – 1990 жылғы 29 мамырдағы Банкті құру туралы келісімге сәйкес халықаралық ашық құқық негізінде құрылған, халықаралық қаржы мекемесі. Оның мақсаты – ашық нарыққа бағытталған экономикаға көшуді жеңілдету және оның өкілдіктері бар елдерде жеке және кәсіпкерлік бастамаларға жәрдемдесу. https://www.ebrd.com