Мұрат Ермиш: АХҚО одан ары да дамып, өркендейтініне сенімім мол

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) өкілдері күні кеше ғана «Отандастар» қоры делегациясымен кездесті. Жиын барысында дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген қандастарға АХҚО мүмкіндіктері мен онда бүгінге дейін атқарылған жұмыстар легі таныстырылды.

Айта кетерлігі, «Отандастар» қорын құру қажеттігін тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында мәлімдеген еді. Осылайша, қауымдастық жанынан 2018 жылы «Отандастар» қоры құрылды. Оның негізгі міндеті – шетелдегі және елімізге оралған қандастарға мәдени, білім беру және құқықтық салалар бойынша қолдау көрсету болып табылады.

АХҚО-ға алғаш рет табан тіреген қор өкілдері назарына алдымен АХҚО мүмкіндіктері мен оның негізгі міндеті, бүгінге дейін атқарылған жұмыстар жайлы бейнеролик ұсынылды. Сондай-ақ, жиында өңірлік қаржылық хабтың Қоғаммен байланыс департаменті директоры Гүлнар Мұханова, АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті өкілі Алмас Жоламанов, Исламдық қаржы орталығы өкілі Әлібек Момбаев және Жасыл қаржы орталығы өкілі Манас Гиждуаниев сөз алды.

Олар АХҚО-ның негізгі бағыттары бойынша келген қонақтарға презентация ұсынып, АХҚО-ның Қазақстан ғана емес, жалпы Орта Азия және Шығыс Еуропаның қаржылық нарығын дамытудағы үлесіне тоқталып өтті.

Қаржы орталығына тұңғыш рет келген шетелдегі қандастар кездесуден алған әсерлерімен бөлісті. Осылайша, Швеция мен Еуропадағы қазақ қауымдастығы төрағасы Мұрат Ермиш АХҚО-ның алдағы уақытта одан ары дамитынына сенім білдірді.

«Біріншіден, АХҚО ғимараты керемет әсер қалдырды. Екіншіден, орталықтың дамытып отырған бағыттары да жақсы. Қазақстанда исламдық қаржыландыру, жасыл қаржы саласын дамытып жатқан осындай қаржы орталығының барына қуандым. Енді АХҚО осы жолдан таймай, көркейіп, бүкіл әлемге танылады деп ойлаймын. АХҚО, сондай-ақ әлемдік ірі фирмалар мен корпорациялардың бөлімдерін осында әкелу сияқты керемет бастаманы да қолға алып отыр екен. Сондықтан, АХҚО одан ары дамып, өркендейтініне сенімім мол», – деді мәртебелі мейман.

Кездесу соңында «Отандастар» қоры делегациясына АХҚО-дағы «Қазақ рухы» атты сурет галереясына қойылған туындылар таныстырылды. Онда шетелдегі қандастар қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрі, әдет-ғұрпынан сыр шертетін суреттер топтамасын тамашалап, естелік суретке түсті.

AIFC AI assistant