Бішкекте Хатшылығы АХҚО базасында болатын Түркі жасыл қаржы кеңесін құру туралы меморандумға қол қойылды

6 қарашада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) 11-ші саммиті аясында бес мүше мемлекет Түркі жасыл қаржы кеңесін құру туралы меморандумға қол қойды.

Кеңесті құруға Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев бастамашылық жасаған болатын. Мемлекет басшысы осы Кеңес Хатшылығының міндеттерін «Астана» халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) жүктеуді ұсынды.

Құжатқа Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстан өкілдері, ал Қазақстан тарапынан АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров қол қойды. Кеңеске төрағалық ететін бірінші мемлекет Қазақстан болды.

Кеңестің негізгі міндеті – ТМҰ елдері өңірінде жасыл және орнықты қаржыландыру нарығын дамытып, ілгерілету, сондай-ақ экологиялық таза жобаларға ESG-инвестициялардың ағынын ұлғайту. Сондай-ақ жұмыс бағыттарына жасыл және орнықты қаржыландыру саласындағы стратегиялық құжаттар мен таксономияларды әзірлеу жөнінде кеңес беру, жария компаниялар үшін ESG-есептілікті енгізу, ESG-инвестициялар тарту кіреді. Функцияларға сонымен бірге ТМҰ-ға мүше-мемлекеттердің орнықты қаржыландыру құралдарын пайдалана отырып жүзеге асыратын жобаларының ортақ портфелін қалыптастыру, тренингтер өткізу және өңірлік ESG-форумдарды ұйымдастыру кіреді.

АХҚО базасындағы Хатшылықтың функцияларына Кеңеске оның қызметін ұйымдастыруда көмек көрсету, сондай-ақ негізгі құжаттарды әзірлеу кіреді.

«Түркі жасыл қаржы кеңесін құру – ТМҰ елдерінің қаржылық реттеушілері мен даму институттары үшін жасыл және орнықты қаржыландыру нарығын қалыптастырудағы маңызды қадам. Біз Кеңес қызметін ұйымдастыру және қаржыландыру құралдарын дамыту ісінде жетекші рөл АХҚО-ға жүктелгеніне қуаныштымыз. АХҚО-ның Жасыл қаржы орталығы ашылған күннен бастап нарық қатысушыларына толықтай қолдау көрсете отырып, Орталық Азиядағы даму институтының рөлін атқарып келеді. Қазақстандағы жасыл облигациялар мен кредиттер көлемінің 60%-ын ЖҚО верификациялады», – деді АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров.

АХҚО Жасыл қаржы орталығы өңірдегі орнықты қаржыландыруды дамытуға жәрдемдеседі, сонымен қатар Орталық Азиядағы «Белдеу және Жол» бастамасы үшін Жасыл инвестициялар қағидаттарының өңірлік кеңсесі қызметін атқарады. Ол – Орталық Азиядағы Climate Bonds Initiative (CBI) тарапынан Climate Bonds стандартына сәйкес верификациялау үшін аккредиттелген және ICMA (International Capital Markets Association) верификаторлары тізбесіне енгізілген жалғыз компания.

Кеңес қаржылық реттеушілер мен институттардың, халықаралық және жергілікті даму институттарының, қаржы саласы қауымдастықтарының, жасыл экономиканы дамытуға, қоршаған ортаны қорғауға, қаржы саясатын әзірлеуге және борыштық міндеттемелерді шығаруға жауапты мемлекеттік органдардың қосылуы үшін ашық.

Хатшылығы АХҚО базасында болатын Түркі жасыл қаржы кеңесінің құрылуы ТМҰ-ға мүше мемлекеттерге жасыл қаржыны дамытуға, сондай-ақ өңірдегі жобаларға орнықты инвестицияларды тартуға қосымша серпін бермек.

Анықтамалық ақпарат:  

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашып, жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz    

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева 

Баспасөз хатшысы 

Тел: +7 701 777 6558

E-mail: [email protected]

AIFC AI assistant