Астана зияткерлік орталықтар рейтингінде Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағы бойынша 2-ші орын алды
Z/Yen тәуелсіз сарапшылары жариялаған зияткерлік орталықтар рейтингінің (Smart Сentres Index — SCI 10) оныншы шығарылымында Астана қаласы өз позициясын жақсартып, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінде 2-ші орынға ие болды. Бірінші және үшінші орындарда сәйкесінше Кипр мен Таллин орналасқан. Жалпы рейтингте Астана 77 ықтимал позицияның ішінен 52-ші орынға жайғасты.
Зияткерлік орталықтар индексі жаһандық коммерциялық және қаржы орталықтарының ғылым, энергетикалық жүйелер, машиналық оқыту және басқа салаларды қоса алғанда, технологиялар мен инновацияларды құру, дамыту және енгізу қабілетін зерттейді. Астана алғаш рет осы индекске 2022 жылдың қараша айында енгізіліп, жалпы рейтингте 64-ші орынға ие болған еді.
Индекске сәйкес SCI жетекші орталықтары инновациялық мәдениетті STEM барлық пәндері (жаратылыстану ғылымдары, технология, инженерия, математика) бойынша жоғары тиімді университет секторымен үйлестіретін, жақсы дамыған реттеу жүйесімен, коммерциялық және қаржылық қызметтермен қамтамасыз етілген аймақтарда орналасқан.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров: «Қаржы секторында инновацияларға қолдау көрсету АХҚО-ның ажырамас бөлігі саналады. Біз халықаралық қаржы орталығы ретінде тек сақтандыру, банк қызметтері, жасыл, исламдық қаржыландыру нарығын ғана емес, сонымен бірге қаржы технологияларын, цифрлық активтерді және инновациялық жобаларды дамытуға жәрдемдесеміз. Мысалы, цифрландырудың көмегімен біз жаңа қатысушыларды тіркеу процесін жеңілдеттік, бөлшек инвесторларға арналған Tabys мобильді қосымшасын іске қостық. Сот және Халықаралық төрелік орталығы дауларын шешу үшін eJustice электрондық жүйені пайдаланады. Инновацияларды ынталандыру үшін АХҚО реттеушісі AFSA FinTech Lab «құм алаңын» ұсынады, онда компаниялар өздерінің озық қаржылық қызметтер мен цифрлық активтерге байланысты жобаларды сынақтан өткізе алады. Innovation Hub қаржы саласындағы инновациялық технологияларды дамытады және өзінің «AIFC Academy» академиясы арқылы кәсіби қызметтер нарығына қолдау көрсетеді. Инновациялар АХҚО-ның орталықты ғана емес, тұтас қаржылық қызметтер секторын дамытудағы ұстанатын тәсілдерінің ажырамас бөлігі болып қала береді», – деп атап өтті.
Бүгінгі таңда АХҚО экожүйесіне 80-нен астам елден 3400-ден астам компания кіреді. Компаниялардың шамамен 20% ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында жұмыс істейді. АХҚО сонымен қатар бірнеше краудфандинг платформалар мен криптовалюта биржалары үшін жұмыс алаңының рөлін атқарады. 20-ға жуық компания FinTech Lab реттеуші «құм алаңының» қатысушысы атанды, олар АХҚО экожүйесінде инновациялардың одан әрі дамуына ықпал етеді.
SCI индексі Дүниежүзілік банктің, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының және Біріккен Ұлттар Ұйымының көрсеткіштері ұсынған 132 аспаптық факторларды пайдалана отырып әзірленген. Осы аспаптық факторлар бойынша параметрлер SCI онлайн-сауалнамасының 287 респонденті ұсынған 1 804 бағамен біріктірілген.
SCI10 шеңберінде барлығы 131 коммерциялық және қаржы орталығы зерттелді, оның 77-сі жаңартылған басылымға енген – бұл рейтингке қатысу үшін респонденттерден жеткілікті баға алған орталықтар.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz