Қазақстан орнықты авиация саласындағы ұстанымын нығайтуда: ИКАО бас хатшысы АХҚО-ға келді

22 қазанда Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) бас хатшысы Хуан Карлос Саласар «Астана» халықаралық қаржы орталығына (АХҚО, Орталық) келді.

Сапар орнықты авиация саласындағы ынтымақтастық перспективаларына және 2050 жылға қарай авиация саласында көміртегі шығарындыларының таза нөлдік деңгейіне қол жеткізу жөніндегі жаһандық мақсатқа арналды. Әсіресе орнықты авиациялық отынды (SAF) өндіру мен пайдалануды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Іс-шараға авиация және қаржы секторларының өкілдері қатысып, экологиялық орнықты даму саласындағы практикалық бастамаларды талқылады. ИКАО Бас хатшысымен бірге ұйымның Еуропалық және Солтүстік Атлантика өңірлік бюросының директоры Николас Ралло және Аэронавигациялық бюроның директоры Мишель Меркль келді.

Қазақстандық делегация құрамында Қазақстан Республикасының көлік вице-министрі Талғат Ластаев, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева және Қазақстанның ИКАО жанындағы тұрақты өкілі Тимур Тлегенов болды. Іс-шараға сондай-ақ Көлік министрлігінің, Азаматтық авиация комитетінің және Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің өкілдері қатысты.

Авиация саласындағы көміртегі шығарындыларын азайтуда қаржы институттарының атқаратын негізгі рөліне жеке назар аударылды. Экологиялық тұрғыдан орнықты авиацияға көшу елеулі қаржыландыруды талап етеді. Осыған байланысты ИКАО АХҚО-ны аталған міндетті жүзеге асырудағы маңызды қаржылық платформа ретінде қарастырады. АХҚО инвесторларға орнықты авиация саласындағы жобаларды іске асыруға жәрдемдесу үшін қажетті мүмкіндіктерге ие.

Кездесу барысында АХҚО өз экожүйесін дамытудағы негізгі жетістіктерін таныстырды. Атап айтқанда, АХҚО платформасы арқылы авиациялық лизингті дамыту, сондай-ақ әуежайлар мен логистикалық сауда орталықтарына қатысты инвестициялық жобаларды қолдау бағытындағы жұмыстар ұсынылды.

Сонымен қатар, АХҚО орнықты авиациялық отын (SAF) саласындағы жобаларды қолдауға дайын екенін растады және халықаралық авиациядағы көміртегі шығарындыларын өтеу және азайту жөніндегі CORSIA халықаралық жүйесін қолдауға арналған мамандандырылған көміртегі платформасын таныстырды. Бұдан бөлек, Орталықтың цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу және инновацияларды дамыту салаларындағы жетістіктері ұсынылды.

ICAO Finvest бағдарламасының тәжірибесіне сүйене отырып, АХҚО орнықты авиация саласындағы ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін ИКАО-мен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Бірлескен күш-жігер орнықты авиациялық отын саласындағы жаңа жобаларға инвестиция тартуға және экологиялық тұрғыдан орнықты авиация саласын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Бұл сапар ИКАО мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болды. Ол авиацияның орнықты дамуы жөніндегі күн тәртібін АХҚО-ның қаржылық инфрақұрылымының мүмкіндіктерімен ұштастырды.

Анықтамалық ақпарат:

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) — халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді бизнес жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы

E-mail: [email protected]