Цифрлық активтер, токенизация және оқиғаларға байланысты келісімшарттар: АХҚО-да жаңа қаржы құралдары талқыланды

23 қазанда «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО, орталық) Қазақстан мен АХҚО-дағы жаңа қаржы құралдары мен нарықтық мүмкіндіктерге арналған AIFC Community: New Financial Products in Action іс-шарасы өтті. Іс-шара ITS серіктестігімен АХҚО экожүйесінің қатысушылары мен іскерлік қоғамдастық арасындағы байланыстарды нығайтуға және ынтымақтастықты дамытуға бағытталған AIFC Community бастамасы аясында ұйымдастырылды.

Кездесу Қазақстанның қаржы секторының өкілдерін, АХҚО экожүйесінің қатысушылары мен бизнес-қоғамдастық өкілдерін біріктірді. Қатысушылар цифрлық активтер индустриясын дамыту, нақты активтерді токенизациялау, жаңа қаржы құралдарын енгізу мәселелерін талқылады. Негізгі назар базалық сауда операцияларынан қаржылық инфрақұрылымды, жаңа өнімдерді дамытуға және оларды реттелетін ортада іс жүзінде қолдануға көшу мәселелеріне аударылды.

Іс-шараны ашқан АХҚО Әкімшілігінің инновациялар жөніндегі бас директоры Талғат Аманбаев: «Қаржы нарығын дамыту тек жаңа өнімдер мен технологияларды ғана емес, оның барлық қатысушылары арасындағы тығыз өзара әрекеттесуді де талап етеді. AIFC Community аясында АХҚО мен онда тіркелген  компаниялар және кәсіби қоғамдастық  арасындағы ашық диалог жаңа қаржылық шешімдердің пайда болуына, бірлескен жобаларды дамытуға және инновацияларды енгізу үшін қажетті инфрақұрылымды қалыптастыруға ықпал етеді. Нәтижесінде бұл инвестициялар тарту мүмкіндіктерін кеңейтіп, Қазақстанның қаржы нарығын одан әрі дамытуға қолдау көрсетеді», – деп атап өтті.

«Ашық сұхбат: нарықты дамытуға арналған жаңа құралдар» пікірталасы барысында қатысушылар жаңа қаржы өнімдерінің идеядан нарыққа шыққанға дейінгі жолын, нақты активтерді токенизациялау мүмкіндіктерін және инновациялық шешімдерді енгізу үшін қажетті жағдайларды талқылады. Нақты активтерді токенизациялаудың құқықтық аспектілеріне, токен иелерінің құқықтарын қорғауға, сондай-ақ жаңа өнімдерді іске қосу және ауқымын кеңейту барысында туындайтын инфрақұрылымдық және коммерциялық кедергілерге ерекше назар аударылды.

Пікірталасқа Nevo A директоры Жанель Бекмұханбетова, Aequitas Law Firm аға заңгері Кирилл Грешников және Қазақстанның финтех, ЖИ және криптоиндустрия қауымдастығының негізін қалаушылардың бірі Азамат Майбалаев қатысты. Пікірталас модераторы АХҚО Әкімшілігінің инновациялар жөніндегі бас директоры Талғат Аманбаев болды.

Қаржылық инновацияларды дамытуға қатысты АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінің (AFSA) Қаржы технологиялары бөлімінің директоры Алтай Слямов сөйледі. Ол «Реттеушілік перспективалар: инновациялардан реттелетін нарыққа дейін» тақырыбында презентация жасады.

Алтай Слямов өз сөзінде AFSA АХҚО-дағы қаржылық қызметтерді реттейтінін және Орталықтың реттеушілік құмсалғышы – AIFC FinTech Lab арқылы инновациялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның аясында нарықтың түрлі қатысушылары, соның ішінде цифрлық активтер қызметтерін жеткізушілер, токенизацияланған активтер айналымына арналған платформалар, стейблкоин эмитенттері және басқа да инновациялық қаржылық қызметтерді жеткізушілер тестілеуден өтеді.

FinTech Lab қолданыстағы АХҚО құқығымен әлі қамтылмаған жобалар үшін де ашық екені атап өтілді. Бұл нарық қатысушыларына жаңа өнімдер мен бизнес-модельдерді бақыланатын ортада сынақтан өткізуге, ал реттеушіге инновацияларды реттеудің теңгерімді тәсілдерін әзірлеу үшін қажетті ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Бағдарламаның практикалық бөлігі АХҚО экожүйесінде жаңа қаржы өнімдерін дамыту бағытында жұмыс істейтін компаниялардың нақты кейстерін қамтыды.

ITS операциялық директоры Сергей Данов жаңа қаржы құралы — Prediction Market, яғни оқиғаларға арналған опциондарды іске қосу кейсімен таныстырды.

«Prediction Market—тің іске қосылуы — ITS үшін оқиғаларға арналған опциондар нарығын дамытудағы алғашқы үлкен қадам. Бұл құрал нарық қатысушыларына болашақ оқиғалардың нәтижелеріне сауда жасауға және олардың ықтималдығына қатысты өз бағасын нарықтық баға арқылы білдіруге мүмкіндік береді. Біз бұл құралдың биржалық өнімдер желісін кеңейтуге де, Қазақстандағы деривативтер нарығын одан әрі дамытуға да әлеуеті бар деп есептейміз. АХҚО экожүйесінде жұмыс істеу ITS-ке жаңа қаржы құралдарын дамытуға және өңірдің қаржы нарығын дамытуға өз үлесін қосуға мүмкіндік береді».

Сондай-ақ Commodity Chain компаниясының бас атқарушы директоры Анвар Ниетқалиев астықты токенизациялау жобасын іске асыру тәжірибесімен бөлісті. Биыл маусым айында AFSA реттеушісі АХҚО қатысушысы Commodity Chain Ltd. компаниясына Орталық аясында токенизацияланған нақты активтердің айналымы бойынша қызметті жүзеге асыруға лицензия берді.

Лицензия нақты активтерді (RWA), соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін токенизациялау жөніндегі шешімдерді әзірлеуге және енгізуге, сондай-ақ олардың АХҚО-да лицензияланған платформада заманауи цифрлық технологиялар мен Орталықтың қаржылық инфрақұрылымын пайдалана отырып жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жобаның алғашқы бағыты жаңғыртылған элеваторларда сақталатын астықты қоса алғанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін токенизациялау болмақ.

AIFC Community: New Financial Products in Action іс-шарасы реттеуші, қаржы секторы мен бизнес өкілдері арасында жаңа қаржы құралдарын нарықта практикалық қолдану мәселелерін талқылауға арналған диалог алаңына айналды. Мұндай кездесулер білім мен тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстарды нығайтуға және бір экожүйе аясындағы қатысушылар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

Анықтамалық ақпарат:   

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz

 

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы

E-mail: [email protected]