AIX исламдық бағалы қағаздарды шығару жөніндегі нұсқаулықты жариялады
Astana International Exchange («AIX» немесе «Биржа») исламдық бағалы қағаздар жөніндегі жаңа нұсқаулықты жариялады. Құжат әлеуетті эмитенттер мен нарық қатысушыларына AIX-те исламдық бағалы қағаздарды шығару үшін қолданылатын нормативтік-құқықтық база мен практикалық талаптар туралы ақпарат береді.
Нұсқаулық AIX-тің Astana Finance Days 2026 аясында Исламдық қаржыландыру жөніндегі консультативтік кеңеске (IFAB) жария етілген исламдық қаржыландыруды дамыту жөніндегі жол картасын іске асыру шеңберінде әзірленді. Жол картасында ислам капиталы нарығын одан әрі дамытудың негізгі бағыттары айқындалған. Олардың қатарында сукук шығарылымдарын арттыру, жаңа эмитенттер мен инвесторларды тарту, кросс-листинг мүмкіндіктерін зерделеу және нарық инфрақұрылымын одан әрі дамыту бар. Нұсқаулықтың жариялануы осы басымдықтарды іс жүзінде іске асыруға бағытталған.
Нұсқаулық әлеуетті эмитенттерге, шығарылымдарды ұйымдастырушыларға, консультанттарға және нарықтың басқа да қатысушыларына AIX-те исламдық бағалы қағаздарды шығару үшін қажетті ақпаратты ұсынады. Құжатта халықаралық нарықта кеңінен қолданылатын сукук құрылымдары, соның ішінде мурабаха, иджара, мушарака, мудараба, вакала, истисна және салам қарастырылған. Сондай-ақ ESG таңбалауы бар сукук, оның ішінде жасыл және әлеуметтік сукук шығару мүмкіндіктері қамтылған. Листинг талаптары таңдалған шығарылым құрылымына байланысты болады.
Эмитенттер Қазақстанда, «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) және басқа да юрисдикцияларда тіркелген компаниялар болуы мүмкін. Олардың қатарына коммерциялық компаниялар, қаржы ұйымдары, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілері, сондай-ақ халықаралық қаржы институттары жатады. Сукук шығарылымдары арнайы құрылған заңды тұлғалар, оның ішінде арнайы мақсаттағы компаниялар (SPV) немесе АХҚО-ның арнайы компаниялары (SPC) арқылы да құрылымдалуы мүмкін.
Нұсқаулықта эмитенттердің AIX нарығына жаңа шығарылымдар арқылы немесе AFSA мойындаған биржада саудалауға жіберілген исламдық бағалы қағаздарды кросс-листингке шығару мүмкіндіктері де қамтылған. Бұл жағдайда жаңа шығарылым жасау немесе қосымша капитал тарту талап етілмейді.
Құжатта борыштық бағалы қағаздар және құрылымдық өнімдер түрінде құрылымдалған сукукке қойылатын талаптар, соның ішінде қаржылық есептілік пен ақпаратты ашуға қатысты талаптар баяндалған. Сонымен қатар, сукук листингін жоспарлаған эмитенттер Шариғаттық қадағалау кеңесі туралы ақпаратты, шариғат қағидаттарына сәйкестігі жөніндегі қорытындыны (фатуа), сондай-ақ ұсынылып отырған сукук құрылымы мен оған байланысты шарттық қатынастардың сипаттамасын ұсынуы тиіс.
Нұсқаулықта листинг рәсімі және бағалы қағаздар AIX-тің Ресми тізіміне енгізілгеннен кейін эмитенттер орындауға тиіс міндеттемелер де қамтылған. Олардың қатарында ақпаратты тұрақты түрде жариялау және шариғат қағидаттарына сәйкестік мәселелері бойынша есептілік ұсыну талаптары бар.
Бұл бастама AIX-те исламдық қаржы құралдарын саудаға жіберуге қатысты нормативтік талаптар мен практикалық рәсімдерді түсіндіруге, сондай-ақ Қазақстандағы ислам капиталы нарығын одан әрі дамытуға бағытталған.
Анықтамалық ақпарат:
AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. Толығырақ: www.aixkz.com
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) — халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді бизнес жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz