Геологиядан инвестицияға дейін: АХҚО мен PwC Kazakhstan тау-кен өндіру секторын дамытудың жаңа тәсілдерін таныстырды
2026 жылғы 18 қарашада Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) Қазақстанның тау-кен өндіру секторындағы инвестициялық мүмкіндіктерге, операциялық тиімділікке және реттеушілік өзгерістерге арналған AIFC Community: Mining Seminar өтті. Іс-шара PwC Kazakhstan компаниясымен серіктестікте ұйымдастырылды.

Іс-шараға тау-кен өндіру саласының өкілдері, инвесторлар, қаржы мамандары және бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты. АХҚО мен PwC Kazakhstan сарапшылары капиталға қол жеткізу және баламалы қаржыландыру құралдарын пайдалану мүмкіндіктерін, саладағы жаһандық үрдістерді, өнімділік пен операциялық тиімділікті, сондай-ақ салықтық реттеудегі өзгерістерді талқылады.
Семинар барысында PwC Kazakhstan сарапшылары Mine 2026 жаһандық зерттеуінің негізгі қорытындыларын таныстырып, салалық саясат, капиталға қол жеткізу және өнімділік мәселелеріне тоқталды. Арнайы сессия тау-кен өндіру компанияларының операциялық және инвестициялық тиімділігін арттырудың практикалық тәсілдеріне арналды. Атап айтқанда, активтерді техникалық бағалау, жобалардың іске асыруға дайындығын талдау, техникалық қызмет көрсету, сенімділікті қамтамасыз ету және нарықты зерттеу мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар PwC Kazakhstan сарапшылары тау-кен өндіру секторына қатысты салық заңнамасындағы негізгі өзгерістерді, салық даулары мен сот практикасындағы соңғы үрдістерді, салықтық тексерулер жүргізу тәсілдеріндегі өзгерістерді және салықтық тәуекелдерді басқарудың практикалық құралдарын талқылады.
PwC Қазақстан серіктесі Тимур Жүрсінов: «Әлемде стратегиялық маңызы бар минералдарға сұраныстың артуы Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Алайда еліміздің бай табиғи ресурстық әлеуетін нақты экономикалық мүмкіндіктерге айналдыру үшін оның өзі жеткіліксіз. Бүгінде жаңа жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптастырып, инвестиция тарту тетіктерін дамыту ерекше маңызға ие. Осы орайда АХҚО сияқты алаңдар бизнес өкілдері, инвесторлар мен сала қатысушылары арасында нәтижелі диалог орнатуға және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді».

АХҚО тарапынан геологиялық барлау және тау-кен өндіру жобаларына инвестиция тарту мүмкіндіктері, оның ішінде Junior Mining Platform платформасының құралдары таныстырылды. Аталған платформа геологиялық барлаудың бастапқы кезеңдеріне маманданған юниорлық компаниялар мен әлеуетті инвесторлар арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.
АХҚО әкімшілігінің Junior Mining Platform басшысы Бақытжан Сәрсенов жобаларды алдын ала іріктеу және қаржыландыру тартуға дайындау тетіктері, геологиялық барлау жобаларының портфелін қалыптастыру және баламалы қаржы құралдарын пайдалану мүмкіндіктері туралы баяндады.
Платформа юниорлық компаниялардан өтінімдер қабылдап, ұсынылған құжаттамаларға алдын ала талдау жүргізеді және инвесторлармен одан әрі жұмыс істеу үшін жобалар пулын қалыптастырады.
2019 жылдан бастап Astana International Exchange (AIX) биржасында Қазақстанның ғана емес, бүкіл өңірдің тау-кен өндіру саласындағы кәсіпорындары листиңтен өте алатын арнайы сегмент жұмыс істейді. Бұл сегмент даму деңгейі жоғары ірі тау-кен өндіру компанияларына да, юниорлық компанияларға да арналған.
«Қазақстанның геологиялық әлеуеті зор. Алайда оны нақты инвестициялық жобаларға айналдыру үшін геология мен капитал арасындағы байланысты қамтамасыз ету қажет. Компаниялар үшін қаржыландыру тарту көбіне жобаның бастапқы кезеңінде аса күрделі болады. Өйткені инвестор кен орнының әлеуетін ғана емес, қолда бар деректердің сапасын, жобаның құрылымын және оған инвестиция салудың ықтимал тетіктерін де түсінуі тиіс. Junior Mining Platform платформасының міндеті – инвесторлар үшін ашық әрі түсінікті жобалар пулын қалыптастыруға көмектесу, компанияларға баламалы қаржыландыру құралдарына қол жеткізу мүмкіндігін ұсыну және әлеуетті серіктестермен тікелей өзара іс-қимыл жасауға арналған алаң құру», – деп атап өтті Бақытжан Сәрсенов.

Семинар АХҚО экожүйесінің қатысушылары мен бизнес-қоғамдастық арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, кәсіби тәжірибе алмасуға және іскерлік серіктестікті дамытуға бағытталған AIFC Community бастамасы аясында өтті.
АХҚО AIFC Junior Mining Platform платформасын дамытуды және инвесторлармен, тау-кен өндіру компанияларымен және стратегиялық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастырады. Платформаның келесі питч-сессиясын 2027 жылғы сәуірде өткізу жоспарланған.
АХҚО мен халықаралық сарапшылық ұйымдардың бірлескен бастамалары инвестициялық инфрақұрылымды дамытуға, тау-кен өндіру секторының тиімділігін арттыруға және Қазақстан экономикасына капитал тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге оң ықпал етеді.


Анықтамалық ақпарат:
АХҚО туралы
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе.aifc.kz
АХҚО баспасөз қызметі, Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы, E-mail: [email protected]
PwC Қазақстан туралы ақпарат
PwC Қазақстан әлемнің 136 елінде қызмет көрсететін және дүниежүзі бойынша 364 000-нан астам маманды біріктіретін PwC компанияларының жаһандық желісіне кіреді. Желідегі әрбір компания дербес заңды тұлға болып табылады.
PwC Қазақстан 1993 жылдан бері елімізде қызметін жүзеге асырып, аудит, консалтинг, салық салу, заңгерлік сүйемелдеу және персоналды басқару салаларында кәсіби қызметтер көрсетіп келеді.
PwC компаниясының басты мақсаты — қоғамдағы сенімді нығайту және маңызды мәселелердің шешімін табуға ықпал ету.
LinkedIn: PwC Kazakhstan | Instagram: @pwc_kazakhstan | Email: [email protected]