Қазақстан шетелдік инвестицияларды тарту үшін экономикалық дипломатияны күшейтуде
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) «AIFC Diplomatic Day: Kazakhstan Diplomatic Investment Dialogue» инвестициялық диалогын өткізді. Іс-шара ҚР-да аккредиттелген дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдерін, сондай-ақ мемлекеттік органдарды, ұлттық компанияларды және Қазақстанның шет елдердегі дипломатиялық миссияларын біріктірді.
Alatau City Authority қолдауымен ұйымдастырылған алаң Қазақстанның инвестициялық әлеуетін ілгерілетуге, халықаралық экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі дипломатиялық өкілдіктердің жұмысын жандандыруға бағытталды.
Іс-шараны ашқан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді жаһандық трансформация жағдайында экономикалық дипломатияның өсіп келе жатқан рөлін атап өтіп, Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші инвестициялық бағыт ретіндегі ұстанымын дәйекті түрде нығайтып келе жатқанына тоқталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген экономикалық басымдықтарға ерекше назар аударылды.
Министр Қазақстанның елдің инвестициялық мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға, қазақстандық бастамаларды ілгерілетуге және жаңа халықаралық әріптестіктерді қалыптастыруға бағытталған дипломатиялық корпуспен және шетелдік инвесторлармен ашық әрі мазмұнды өзара іс-қимылға дайындығын растады.

АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров Орталықтың капитал нарықтарын дамыту және халықаралық инвестициялар тарту жөніндегі мүмкіндіктерін таныстырды. Ол Орталық қызметінің халықаралық ауқымы оған қатысушылар санының және тартылған инвестициялар көлемінің артуымен расталатынын атап өтті. Бүгінде қаржы орталығының юрисдикциясында 90-нан астам елден 7000-нан астам компания тіркелген, ал 2018 жылдан бастап АХҚО экожүйесі арқылы тартылған құрылымдалған инвестициялардың көлемі 30,5 млрд АҚШ долларына жетті: «АХҚО халықаралық реттеу стандарттарын, дауларды шешудің тәуелсіз тетіктерін және капитал нарықтарының заманауи инфрақұрылымын біріктіретін, өңірде теңдесі жоқ қаржы экожүйесін қалыптастырды. Алайда біздің міндетіміз қол жеткізілген нәтижелермен шектелмейді. Біз Қазақстанның жаһандық капиталды Қазақстан мен Орталық Азияның мүмкіндіктерімен байланыстыратын халықаралық қаржы және инвестициялық хаб ретіндегі позициясын нығайтуды көздейміз. Бұл жұмыста дипломатиялық миссияларды стратегиялық әріптестеріміз ретінде қарастырамыз және инвесторлармен байланыс орнату, бірлескен жобаларды ілгерілету және халықаралық капитал тарту бағыттарында белсенді ынтымақтастыққа шақырамыз. Дипломатиялық мүмкіндіктер мен АХҚО-ның қаржы инфрақұрылымын ұштастыру нақты инвестициялық нәтижелерге қол жеткізуге және өзара тиімді әріптестікті нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімдімін».

Қатысушыларға АХҚО-ның негізгі институттары – Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA), АХҚО Соты, Халықаралық төрелік орталығы, Astana International Exchange (AIX) биржасы және басқа да ұйымдары жөнінде ақпарат ұсынылды.
Орта дәліз сияқты ірі стратегиялық жобаларға арналған инфрақұрылымдық бастамаларды, сонымен қатар авиациялық-қаржы хабын, геологиялық барлау бастамаларын, көміртегі платформасын дамытуды және активтерді токенизациялау құралдары таныстырылды. АХҚО-ның Қазақстанды жаһандық капитал нарықтарымен байланыстыратын қаржылық-құқықтық платформа ретіндегі рөлі ерекше атап өтілді.
«Бәйтерек» ҰИХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Онжанов пен Alatau City Authority бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыров халықаралық ынтымақтастықтың перспективаларымен және өз ұйымдарының инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды. Қазақстан инвесторлар қауымдастығының басқарма төрағасы Рустам Жүрсінов елдің инвестициялық әлеуетіне арналған «Kazakhstan: An Investment Navigator» талдамалық баяндамасын ұсынды.



Іс-шара ҚР СІМ, АХҚО, мемлекеттік институттар мен дипломатиялық корпус арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ Қазақстанның шетелдегі инвестициялық мүмкіндіктерін ілгерілету тиімділігін арттыруға және дипломатиялық байланыстардан нақты экономикалық жобаларды іске асыруға көшуге бағытталды.

Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы – халықаралық стандарттарға сәйкес бизнесті ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестициялар тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы
E-mail: [email protected]