Fix Price АХҚО-ға көшті

Fix Price Group PLC компаниясы Кипрден «Астана» халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) қайта тіркелді. Көшу процесі – редомициляция[1] – компанияның бүкіл бизнес-құрылымымен, компанияның қолданыстағы шарттарымен және міндеттемелерімен заңды тұлға мәртебесін сақтай отырып, юрисдикциясын өзгертетуін білдіреді.

Fix Price-тың АХҚО-ға редомициляциясы осы жылдың маусым айында өтті. Бұл іс-шара компания мен АХҚО арасындағы бір жылға жуық уақытқа созылған үйлестіру жұмыстарының нәтижесі болды.

Fix Price Group холдингтік компаниясы және оның жергілікті еншілес ұйымдары әлемнің 9 елінде Fix Price халықаралық брендімен 6,5 мыңнан астам дүкенді басқарады, ірі қатысу нарықтары – Ресей, Беларусь және Қазақстан. Қазақстанда желі «Бэст Прайс Қазақстан ЖШС» жергілікті еншілес компаниясы арқылы 300-ден астам сауда нүктесін басқарады және 1,9 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.

АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров: «Орталықтың комплаенс саласындағы жоғары стандарттары және халықаралық деңгейде танылған реттеуші тәсілдері бизнесті юрисдикцияға тарта отырып, ел ішінде және өңірде әділ әрі ашық қаржы нарығы мен капитал нарығын қамтамасыз ететін жағдайлар жасайды. Fix Price жоғары капиталдандырылған ірі жария компания ретінде АХҚО-ның халықаралық компаниялар үшін қолайлы юрисдикция ретіндегі позициясын күшейтеді, оның ішінде аймаққа жаңа инвесторлар мен стейкхолдерлерді тартады».

Компанияның өз хабарлауынша, Қазақстанға редомициляция Fix Price Group-тың капитал мен жаңа инвесторларды тарту мүмкіндіктерін кеңейтеді, қазіргі стейкхолдерлермен жұмыс істеу процесін жеңілдетеді. Компанияның өзі үшін артықшылықтардан басқа, Fix Price Group халықаралық компаниясының бағалы қағаздарының қосылуы АХҚО-ның өңірдегі маңызды қаржы хабы ретінде одан әрі дамуына өз үлесін қосады деп үміттенеміз.

Fix Price Group PLC АХҚО-ға басқа юрисдикциядан редомициляцияланған жетінші компания. Алғашқы редомициляция 2019 жылы орын алды, ол кезде Kazakhstan Energy Reinsurance Company Бермуд юрисдикциясынан АХҚО-ға редомициляцияланған еді. Өткен жылы Орталыққа тау-кен өндіру саласының алпауыты Polymetal International Plc (2024 жылғы маусымнан бастап Solidcore Resources plc), сондай-ақ Tselina Capital Limited және Cheltenham Group Limited холдингтік компаниялары көшіп келді.  Биыл тағы екі компания көшіп келді, олар – Specta Group Ltd. және KAZ Minerals Holding Limited.

 

Анықтама үшін:

 

АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.

АХҚО-да 78 елден 2900-ден астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. www.afsa.kz 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz  

Байланыс ақпараты:

Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті

+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45

[email protected]

 

[1] редомициляция – бұл екі юрисдикцияның қолданыстағы заңнамасына сәйкес заңды тұлғаның бір юрисдикциядан екіншісіне «көшуі», бұл ретте компанияның заңды тұлға мәртебесі сақталады және қызметі тоқтамайды.

AIFC AI assistant