АХҚО мен China Media Group медиа корпорациясы өзара түсіністік туралы келісім жасасты

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен Қытайдың China Media Group (CMG) медиа корпорациясы медиа және коммуникациялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және стратегиялық әріптестікті дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы келісімге қол қойды. Тараптар атынан құжатқа АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров және CMG компаниясының президенті, компанияның бас редакторы Шэнь Хайсюн қол қойды.

Келісім Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени және ақпараттық байланыстарды нығайту жөніндегі ұзақ мерзімді және жан-жақты ынтымақтастықты іске асыруға бағытталған.

Келісім шеңберінде тараптар ақпаратпен және сараптық біліммен алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы уағдаласты. Атап айтқанда, серіктестік қаржы орталығының өз қызметі туралы өзекті ақпаратты, оның ішінде елдік, салалық есептерді, Қазақстанның капитал нарығының және басқа да салалардың дамуы жөніндегі зерттеулер мен шолуларды ұсынуын қамтиды.

Екіжақты жұмыс сонымен қатар «Белдеу және жол» бастамасының қызметін және қаржы орталығына қатысты басқа да халықаралық жобаларды жария ету бойынша бірлескен жобаларды іске асыруды қамтитын болады. Бұл бағыттағы негізгі міндет тараптарды ақпараттандыру және іскерлік кездесулерді ұйымдастыру, қызметкерлер арасында медиа және PR саласында тәжірибемен, озық практикалармен алмасу арқылы екі компанияның да әлеуетін үдету болады.

АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров: «Біз Қытайдың ірі медиа корпорациясымен келісім жасасқанымызға қуаныштымыз. Бұл құжатқа қол қою – ұзақ мерзімді әріптестікті танудағы және елдеріміз арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтудағы тағы бір маңызды қадам», – деп атап өтті.

Орталық Азиядағы жетекші қаржы хабы ретінде АХҚО үшін осы Келісімге қол қойылуы Шығыс Азияның бизнес-қауымдастығын қаржы орталығының қызметі туралы хабардар ету жолындағы маңызды белес. Бүгінгі таңда АХҚО алаңында 78 елден 2800-ден астам компания тіркелген, оның оннан бір бөлігі Қытай компаниялары.

 

Анықтамалық ақпарат:   

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz 

АХҚО Баспасөз қызметі 

Айнұр Исабаева 

Баспасөз хатшысы 

Тел: +7 701 777 6558 

E-mail: [email protected] 

AIFC AI assistant