AIX-тің 2026 жылғы 3-тоқсандағы қызмет нәтижелері

AIX сауда көлемі 70%-дан астамға артты

2026 жылдың үшінші тоқсанында Astana International Exchange («AIX», «Биржа») халықаралық капитал нарықтарының платформасы ретіндегі позициясын одан әрі нығайтты. Тоқсан ішінде AIX-те АҚШ доллары, Қазақстан теңгесі, БАӘ дирхамы және Қытай юані сияқты төрт валютада жаңа борыштық құралдар шығарылып, сондай-ақ ерікті көміртек бірліктерімен сауда іске қосылды. Биржа халықаралық нарықтармен өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытып, Орталық Азия, Қытай және Парсы шығанағы елдерімен әріптестікті кеңейтті. Бұл эмитенттер мен инвесторларға AIX арқылы осы нарықтарға шығу үшін қосымша мүмкіндіктер береді.
Есепті кезеңде Биржа қарқынды өсуді жалғастырды: сауда көлемі 1,9 млрд АҚШ долларынан асып, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70%-ға өсті. Тек қыркүйек айының өзінде сауда көлемі 560 млн АҚШ долларынан (250,2 млрд теңге) асып, AIX тарихындағы ең жоғары айлық көрсеткішке жетті және бұған дейінгі рекордтан 150 млн АҚШ долларына жоғары болды.

AIX Басқарма төрайымы Асель Мұқажанова былай атап өтті:

«Үшінші тоқсан AIX үшін даму тұрғысынан тағы бір нәтижелі кезең болды. Біз нарықта тұрақты сұранысты байқап отырмыз, сонымен қатар юаньмен номинацияланған құралдарды, трансшекаралық қызметті және экологиялық активтерді қоса алғанда, жаңа өнімдерді дамыту бағытында ілгеріледік. Сонымен қатар, жетекші биржалармен және нарықтық институттармен әріптестік орнату арқылы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейттік. Біздің басты мақсаттарымыз өзгеріссіз қалады — эмитенттер мен инвесторлар үшін AIX-тің тартымдылығын арттыру, ұсынылатын өнімдер желісін кеңейту және Биржаның одан әрі өсуін қолдау үшін қалыптасқан нарықтық инфрақұрылымды дамыту».

2026 жылдың 30 қыркүйегіндегі AIX қызметінің негізгі көрсеткіштері

• Бағалы қағаздардың листингі: AIX Ресми тізімінде 210 эмитент шығарған 436 бағалы қағаз бар.  2026 жылдың 9 айында 77 эмитенттің 126 құралы листингтен өтті.
• Тартылған капитал (борыштық және үлестік құралдар): Биржа құрылғаннан бері — 17,4 млрд АҚШ доллары; 2026 жылдың тоғыз айында — 6 млрд АҚШ доллары.
• Сауда көлемі: 1,9 млрд АҚШ доллары, 2025 жылдың сәйкес кезеңінде 1,1 млрд АҚШ доллары болған.
• Нарық қатысушылары: 69 сауда мүшесі, оның ішінде Қазақстан, Қытай, Еуропа және Таяу Шығыс брокерлері бар. 2026 жылдың басынан бері AIX құрамына төрт жаңа брокер қосылды. Он халықаралық кастодиан AIX Бағалы қағаздар орталық депозитарийінде (AIX CSD) қосалқы шоттарға ие.
• Инвесторлардың шоттары: AIX CSD-де AIX мүшелері болып табылатын брокерлер арқылы 2,4 млн-нан астам бөлшек инвестордың шоты ашылған.

2026 жылғы 3-тоқсандағы AIX-тегі листингтер

2026 жылдың 9 айында 77 эмитенттің 126 құралы листингтен өтті.  Нарықтың дамуына борыштық құралдар негізгі үлесін қосуды жалғастыруда, ал құрылымдық өнімдер мен ETF-тер өнімдер желісін одан әрі әртараптандыруға ықпал етуде.

Борыштық құралдардың алуан түрлілігі

6 тамыз — «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) ноталарының қосымша шығарылымын листингке енгізу. Шығарылым 5 млрд АҚШ доллары көлеміндегі Medium Term Note бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылды. Көлемі 200 млн АҚШ долларын құрайтын қосымша шығарылым бастапқы көлемі 700 млн АҚШ долларын құраған транш шеңберінде орналастырылып, бастапқы шығарылыммен бірдей өтеу мерзіміне ие. Осылайша, транштың жалпы көлемі 900 млн АҚШ долларын құрады.

12 тамыз — JPMorgan Chase Bank, N.A. шығарған облигациялардың тоғызыншы траншын листингке енгізу. Шығарылым көлемі 9,51 млрд теңгені құрады, өтеу мерзімі — 2029 жылғы 31 шілде, купондық мөлшерлемесі — жылына 15%, купон жыл сайын төленеді.

2 қыркүйек — «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ шығарған димсам облигацияларының екі траншын листингке енгізу. Бес жылдық транштың көлемі 1,5 млрд юань, купондық мөлшерлемесі — 2,3%, он жылдық транштың көлемі — 2 млрд юань, купондық мөлшерлемесі — 2,8%. Екі транш бойынша да купондық сыйақы жылына екі рет төленеді.

9 қыркүйек — «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) шығарған, өтеу мерзімдері бес және он жыл болатын димсам облигацияларының екі траншын листингке енгізу. Бес жылдық транш бойынша купондық мөлшерлеме 2,25%, он жылдық транш бойынша — 2,75% болды. Шығарылымның жалпы көлемі 3,7 млрд юаньды құрады.

10 қыркүйек — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің екінші панда-облигациялар шығарылымын листингке енгізу. Юаньмен номинацияланған шығарылымның жалпы көлемі 6,6 млрд юаньды құрайтын екі транштан тұрды. Бірінші транштың көлемі 5 млрд юань, айналым мерзімі — үш жыл, купондық мөлшерлемесі — жылдық 1,82%. Екінші транштың көлемі 1,6 млрд юань, айналым мерзімі — бес жыл, купондық мөлшерлемесі — жылдық 1,95%.

21 қыркүйек — Freedom Finance SPC Ltd шығарған қамтамасыз етілген купондық облигацияларды листингке енгізу. Көлемі 500 млн АҚШ долларын құрайтын транш жалпы көлемі 1 млрд АҚШ долларын құрайтын бағдарлама шеңберінде шығарылды. Бағдарламаның қолданылу мерзімі — 2040 жылғы 31 желтоқсанға дейін.

Жасыл қаржыландыру

3 тамыз — Jet Group Ltd. шығарған қоғамдық жасыл облигациялардың бірінші траншын листингке енгізу және саудаға жіберу. Транш көлемі 10 млн БАӘ дирхамын құрады. Шығарылым компанияның көлемі 50 млрд БАӘ дирхамын құрайтын жасыл облигациялар бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылды.

Исламдық қаржыландыру

22 қыркүйек — Gamma-T SPC Limited шығарған сукуктің үшінші траншын листингке енгізу. Транш көлемі 5 млрд теңгені құрады және компанияның көлемі 10 млрд теңгені құрайтын сукук шығару бағдарламасы шеңберінде орналастырылды.

Листингтен өтпеген бағалы қағаздар

Листингтен өтпеген бағалы қағаздармен биржадан тыс нарықта (OTC) сауда жасау 2025 жылғы қыркүйекте іске қосылды. AIX Registrar бастапқы тіркеуші ретінде әрекет ететін листингтен өтпеген бағалы қағаздарды шығару, есеп айырысу және сақтау жөніндегі қызметтер тек кәсіби клиенттерге қолжетімді және AIX-те листингтен өтуді немесе саудаға жіберілуді талап етпейді. 2026 жылғы қаңтардан қыркүйекке дейін жаңа қызметке 22 клиент тіркелді.

Жаңа өнімдер мен қызметтер

10 қыркүйекте AIX халықаралық Verified Carbon Standard (VCS) стандартына сәйкес верификацияланған ерікті көміртек бірліктерімен сауданы іске қосты. Осылайша, AIX Орталық Азияда ерікті көміртек бірліктерімен сауда жасауға арналған өз инфрақұрылымын ұсынған алғашқы биржа болды.

AIX-тегі көміртек бірліктерінің алғашқы жеткізушісі Лондонда орналасқан Valor Carbon сауда компаниясы болды. Мәмілелерді AIX брокері әрі сауда мүшесі Standard International Market қамтамасыз етеді.

Verified Carbon Standard стандартын халықаралық коммерциялық емес Verra ұйымы басқарады. AIX-те саудаға жіберілетін көміртек бірліктері парниктік газдардың қысқартылуын немесе жойылуын верификациялау рәсімінен өтеді және Verra тізіміне тіркеледі.

Ерікті көміртек бірліктері AIX өнімдер желісіндегі I-REC жаңартылатын энергия сертификаттарынан кейінгі екінші экологиялық құрал болып табылады.

AIX Registrar ұлттық нөмірлеу агенттігі ретіндегі қызметін кеңейтуде

AIX Registrar АХҚО аумағында Ұлттық нөмірлеу агенттігі (NNA) функцияларын орындауды жалғастырып, АХҚО-да тіркелген ұйымдарға бағалы қағаздардың халықаралық сәйкестендіру нөмірлерін (ISIN) береді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша берілген ISIN нөмірлерінің жалпы саны 137-ге жетті. Бұл аталған қызметке сұраныстың артып келе жатқанын және бизнестің осы жаңа бағытының одан әрі дамып жатқанын көрсетеді.

AIXQI индексі

2026 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша AIXQI индексі 2 347,00 пунктке жетіп, жыл басынан бері 14,67%-ға өсті. Индекске Қазақстан экономикасының түрлі салаларын қамтитын 15 компания кіреді. 27 тамызда индекс 2 533,55 деңгейінде тарихи максимумға жетті.

Халықаралық ынтымақтастық және халықаралық нарықтармен өзара серіктестікті дамыту

Үшінші тоқсанда AIX халықаралық нарықтармен өзара байланыстарын одан әрі кеңейтті.

БАӘ-нің жетекші қаржы институты BHM Capital Financial Services PSC Tabadul платформасы арқылы Market Making Member ретінде AIX-ке қосылған БАӘ-дегі алғашқы қаржы институты болды. Бұл БАӘ мен Қазақстан нарықтары арасындағы трансшекаралық өзара серіктестікті дамытудағы кезекті қадам болды.

AIX пен Қырғыз қор биржасы (KSE) екі биржа арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстан мен Қырғызстанның капитал нарықтары арасындағы диалогты дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Келісім тәжірибе мен сараптамамен алмасуға, ақпарат алмасуды кеңейтуге және өзара мүдделі мәселелер бойынша тұрақты диалог жүргізуге, сондай-ақ ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қарастыруға негіз қалыптастырады.

Анықтамалық ақпарат:
AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. Толығырақ: www.aixkz.com
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) — халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді бизнес жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz