АХҚО-ның Инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасы аясында Bybit Kazakhstan және Binance Kazakhstan компанияларымен ынтымақтастық кеңейтілуде

Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) цифрлық активтерге инвестиция салу тетіктерін жетілдіру мақсатында АХҚО-ның Инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасы (ITRP) аясында Bybit Kazakhstan және Binance Kazakhstan компанияларымен ынтымақтастығын кеңейтуде.

2022 жылғы қыркүйекте іске қосылғаннан бері Бағдарлама Қазақстанға халықаралық инвесторларды тарту мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында тұрақты түрде жетілдіріліп келеді. Бағдарлама шетел азаматтарына белгіленген талаптарды сақтай отырып, АХҚО-да рұқсат етілген инвестициялық құралдарға инвестиция салып, жеңілдетілген шарттармен ұзақ мерзімді инвесторлық виза және салықтық резиденттік алуға мүмкіндік береді.

2026 жылғы тамыздан бастап цифрлық активтер де Бағдарлама аясында инвестиция жасауға болатын құралдардың қатарына енгізілді. Енді тиісті AFSA лицензиялары бар операторлардың платформалары арқылы жүзеге асырылған цифрлық активтерге салынған инвестиция көлемі кемінде 150 000 АҚШ долларын құраған және осы инвестиция көлемі Бағдарламаға қатысудың бүкіл кезеңі ішінде сақталған жағдайда, Бағдарлама шеңберінде есепке алынады.

Бағдарлама аясында инвесторлар цифрлық активтерге инвестициялау үшін АХҚО-да тіркелген және AFSA лицензиясы бар Bybit Kazakhstan және Binance Kazakhstan платформаларын пайдалана алады. Бұл платформалар арқылы салынған инвестициялар Бағдарлама талаптарына сәйкес есепке алынады.

АХҚО Әкімшілігі Басқармасының төрағасы Бақтияр Тілеубеков атап өтті:

«Цифрлық активтерді АХҚО-ның Инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасына енгізу — Қазақстанның инвестициялық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам. Біз цифрлық қаржы саласындағы әлемдік үрдістерге сай ашық әрі реттелетін орта қалыптастыра отырып, халықаралық капиталды тартуға арналған құралдар ауқымын жүйелі түрде кеңейтіп келеміз. Жаңартылған бағдарлама АХҚО экожүйесіндегі инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, Қазақстандағы цифрлық активтер нарығының дамуына қосымша серпін береді».

АХҚО-ның Bybit Kazakhstan және Binance Kazakhstan компанияларымен ынтымақтастығы ITRP аясындағы жаңа инвестициялық құралды іс жүзінде іске асыруға ықпал етіп, халықаралық инвесторлардың лицензияланған платформалар арқылы цифрлық активтерге қолжетімділігін кеңейтеді.

Қосымша ақпарат пен жеке консультация алу үшін: [email protected].

Дисклеймер: АХҚО бұл хабарламаны тек ақпараттық мақсатта жариялайды. Осы жарияланым ұсыным немесе жарнама болып табылмайды және онда аталған компаниялардың қызметіне, өнімдері мен көрсететін қызметтеріне берілген баға ретінде қарастырылмауы тиіс.

Анықтама үшін:

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – халықаралық стандарттарға сәйкес бизнесті ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестициялар тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе.

АХҚО-ның Инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасы шетел азаматтарына (және азаматтығы жоқ тұлғаларға) белгіленген талаптарға сәйкес әртүрлі қаржы құралдарына инвестиция салып, Қазақстанда ұзақ мерзімді инвесторлық виза немесе уақытша тұруға рұқсат, сондай-ақ жеңілдетілген шарттармен салықтық резиденттік алуға мүмкіндік береді.