АХҚО-да AIFC Community бастамасы аясында орталық қатысушылары үшін ұйымдастырылған алғашқы іс-шара өтті

20 маусымда «Астана» халықаралық қаржы орталығында AIFC Community аясында АХҚО-ның қатысушы-компаниялары үшін ұйымдастырылған алғашқы іс-шара өтті. AIFC Community қатысушылар тарапынан іскерлік байланыстар орнатуға және тәжірибе алмасуға деген сұраныстың артуына жауап ретінде құрылды. Өзара іс-қимылдың жаңа форматы бизнес-қоғамдастыққа қаржы орталығының қызметі туралы өзекті ақпаратты жедел ұсынуды көздейді.

AIFC Community Business Breakfast алғашқы іс-шараға 80-тен астам адам жиналды және АХҚО экожүйесінде маңызды рөл атқаратын қатысушы-компанияларға – Ancillary Service Providers (ASP) лицензияланған консультанттарына арналды. Бұл – қаржы орталығының әлеуетті және тіркелген қатысушыларын компанияны ашу кезеңінен бастап есеп жүргізуге дейінгі бүкіл процесс бойы сүйемелдейтін компаниялар.

АХҚО әкімшілігінің, АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің (AFSA) және Экспат орталықтың сарапшылары қаржы орталығындағы жаңашылдықтарға тиімді бейімделу үшін қажетті білімдерімен бөлісті. Іс-шара қонақтары бетпе-бет сөйлесіп, пікір алмасу барысында цифрлық активтерді реттеу және инвестициялық қорларды басқарудағы соңғы өзгерістер, Managing a Collective Investment Scheme лицензиясы бар компанияларға қойылатын талаптар, компанияны тарату және тізілімінен мәжбүрлеп шығару туралы мәліметтерден хабардар болды. Іс-шараға қатысушылар сондай-ақ өз қызметтерін авторизациялау рәсімдері, АХҚО-ның визалық-көші-қон режимі жөнінде практикалық ұсынымдар алды. Әлеуетті қатысушылардың нарықтық сұраныстарына жасалған шолуға ерекше назар аударылды. Бұл мәліметтер лицензияланған консультанттарға АХҚО юрисдикциясы шеңберінде неғұрлым тиімді жұмыс істеуге және дамудың стратегиялық бағыттарын жан-жақты ұғынуға мүмкіндік береді.

Іс-шара қатысушыларына ыстық лебізін білдіре отырып, АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров: «Бұл іс-шараның мақсаты – консалтинг, инвестициялар, холдингтер, IT және т.б. сияқты түрлі секторлардан АХҚО-да тіркелген компаниялар мен кәсіби мамандардың өзара қарым-қатынас жасап, ынтымақтасуына арналған алаң құру. Біз алғашқы іс-шараны олардың қаржы орталығын дамытудағы елеулі рөлі мен белсенділігін ескере отырып, ASP-компанияларға арнауды ұйғардық. Оларды нарық үрдістерінің индикаторлары, қатысушылар мен АХҚО органдарының арасын жалғаушы алтын көпір деп атауға болады. Бұл кездесу AIFC Community-дің дами түсуі үшін берік негіз қалайтынына, орталықтың ашықтығын арттыруға және АХҚО-ның барынша ұйымшыл ортасын құруға ықпал ететініне сенімдімін», – деп атап өтті.

АХҚО-дағы Baker Tilly Qazaqstan Advisory LLP филиалының директоры Тоғжан Айтмұхаметқызы: «Біз барлық қосалқы қызметтерді ұсынушыларды жинаған осындай іс-шараның ұйымдастырылғанына ризамыз. ASP-компаниялар үшін тәжірибе алмасу, әріптестермен қандай да бір мәселелер бойынша пікір алмасу өте құнды. Әсіресе қорларға қатысты пруденциялық нормалар туралы сессия ұнады, өйткені бізге басқарушы компания үшін лицензия алу туралы өтініштер көптеп келеді. Сондай-ақ АХҚО құқығына және оның актілеріне қатысты көптеген мәліметтерді білдік».

Ernst&Young серіктесі Әділ Сыздықов: «Мен АХҚО ұйымдастырған осындай іс-шараға алғаш рет қатысып отырмын. Біз үшін өте көп пайдалы ақпарат айтылды, өйткені біз АХҚО-ның белсенді қатысушысымыз, инвестициялық компания, қормыз. Біз қаржы орталығының қызметі үшін аса маңызды қызметтерді ұсынамыз. Біз үшін орталықтың өз өмірінде не болып жатқанын, AFSA реттеушінің қандай үрдістері бар екенін түсіну маңызды. Сессиялардың бірі ұжымдық инвестицияларды басқаратын компаниялар үшін жеңілдік кезеңіне қатысты болды. Нормативтердің орындалуы туралы көп нәрсе білдік. Реттеуші олардың орындалуын бақылауға аса ден қоятынын көруге болады».

АХҚО-дағы «Банк ЦентрКредит» филиалы директорының орынбасары Ақжол Боранбай: «АХҚО-ның қатысушыларға арналған жаңа форматтағы іс-шарасына өте қуаныштымын, мұнда орталық актілеріндегі жаңа өзгерістермен танысуға болады. Біздің АХҚО-да ашылғанымызға және лицензия алғанымызға көп уақыт өткен жоқ, сондықтан біз үшін нетворкинг өте маңызды. Мен клиенттерді тарту бағытына жауаптымын және бүгін мен әріптестеріммен кездесіп, басқа мүшелермен танысып, оларды біздің қызметімізбен таныстыра алдым».

Іскерлік таңғы ас кәсіби байланыстарды нығайтуға және АХҚО қатысушыларының қаржы орталығының қызметіне байланысты түрлі аспектілер жөніндегі ақпаратқа деген қажеттіліктерін қанағаттандыруға ықпал етті. Болашақта АХҚО қатысушыларының қызмет ерекшелігіне және олардың өтініштеріне бағдарланған бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

АХҚО юрисдикциясына байланысты барлық сұрақтар бойынша [email protected] электрондық мекенжайына хабарласуға болады.

Анықтамалық ақпарат:  

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz

AIFC AI assistant