АХҚО-да “Қазақстанның ашық университеті” тіркелетін болады
Елордада әлемнің жетекші курстарын қолжетімді ете алатын «Қазақстан ашық университеті” құрылуда. Жоба жетекшісі Рауан Кенжеханұлының айтуынша, ашық университет қазіргі таңда «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркеуден өтуде.
Елбасының қатысуымен өткен «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты салтанатты жиында Ұлттық аударма Бюросының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы сөз алды.
«Ашық университет идеясы дүниежүзінде кеңінен танымал және ол қашықтықтан білім беру мен онлайн-курстар тәжірибесін негізге ала отырып жүзеге асырылады. Мұндай курстардың әдістемесі мен технологиясы білім беру ісін жеңілдете түседі. Себебі кез келген адам өзіне ыңғайлы уақытта, ыңғайлы жерде қолайлы жылдамдықпен оқи алады. Жалпы әлем бойынша онлайн курстар жүйесі қарқынды түрде дамып келеді. Қазірдің өзінде 100 миллионға жуық адам онлайн курс қызметіне жүгінеді. Біз осы бағдарлама арқылы Рухани жаңғыру бағдарламасы мен 100 жаңа оқулық жобасы арқылы қазақстандық ашық университетті құруды көздеп отырмыз. Бүгінгі күні порталға жария ету мақсатында қазақ және орыс тілдерінде 100-ден аса курстар даярланды. Халықаралық сарапшылар бұл жобаны өңірлік білім беру хабы ретінде жоғары бағалап отыр. Сондай-ақ, жоба қазіргі таңда «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркеуден өтіп жатыр», – деді Рауан Кенжеханұлы.
Сөз соңында Ұлттық аударма бюросының жетекшісі мемлекет басшысынан аталған жобаға қолдау көрсетуін сұрады.
«Құрметті Елбасы, «Ашық университет» бір жағынан білім беру сапасы мен маңыздылығын көтеріп, оны ілгерілетіп қана қоймай, оны халықаралық талапқа сай етіп жаңартуға жол ашады. Екінші жағынан қазіргі ақпарттық технологияларды қолдана отырып, оны баршаға қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Мазмұны жағынан да, технологиялық тұрғыдан да жас ұрпаққа жақын бұл жобаны таныстыру сәті сіз жариялаған жастар жылының басталуымен сәйкес келді. Сіз қолдап, құптаған жағдайда «Қазақстанның» ашық университеті өз курстарын білім іздеген жастарға алдағы оқу жылында ұсынуға дайын болмақ. Қолдауыңызды сұраймыз», – деді ол.
Фото: Ortcom.kz