Украинаның халықаралық аудиторлық компания өкілі АХҚО-ның ТМД елдеріне ашатын мүмкіндіктері туралы айтты

6 желтоқсан күні «Астана» халықаралық қаржы орталығы өкілдері (АХҚО) «Crowe CIS» халықаралық аудиторлық желілер компаниясы өкілдерімен кездесті. Басқосу барысында қонақтарға өңірлік қаржылық хаб мүмкіндіктері таныстырылып, онда қазіргі таңда тіркелген компаниялар саны мәлім етілді.

Кездесу, әдеттегідей АХҚО-ның Тәуелсіз Соты мен Халықаралық арбитраж орталығы, Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті, Исламдық хаб, Жасыл қаржы орталығы, Экспат орталығы сынды өңірлік қаржылық хабтың маңызды органдары кеңселерін аралап, олардың жұмысымен танысудан басталды.

Мәртебелі меймандар кейін АХҚО Биржасының сауда залына барып, онда АХҚО мүмкіндіктері жайлы бейнероликті тамашалады. Сонымен бірге жиын барысында Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің (AFSA) өкілі Мұхамедқали Тауан АХҚО-да бүгінге дейін қанша компания тіркелгендігін мәлімдесе, АХҚО Биржасының Қаржы жөніндегі директоры, Басқарма мүшесі Ренат Бектұров Биржада қандай отандық және шетелдік компаниялардың акциялары орналастырылғандығын баяндап берді.
ТМД елдерінен келген білікті аудиторлар кездесу барысында «АХҚО-да тіркелген компаниялар қай елдерге тиесілі?» деген сынды түрлі сауалдар да жолдады. Белгілі болғандай, бүгінде өңірлік қаржылық хабта 32 елден 330 компания тіркеліп үлгеріпті.

АХҚО жұмысымен таныс болған қонақтар оның жұмысына оң баға беріп, мұнда өңірлік қаржылық хаб атануға барлық мүмкіндіктер жасалғандығын атап өтті.

«Бүгін біздің ТМД бойынша – Украина, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстаннан әріптестеріміз келді. Бұл әрине тек бизнес үшін ғана емес, жалпы өңірдегі елдердің дамуына өз үлесін қоспақ. АХҚО-ға тіркелген компаниялар саны күн сайын артып, орталық халықаралық нарықта үздік он қаржы орталығының қатарынан көрінуін тілейміз. Орталық ағылшын тілінде жұмыс жасайды, бұл шетелдік инвесторлар үшін қолайлы және халықаралық судьялардың болуының өзі – олар үшін зор кепілдік бола алады. Әрине инвестиция тарту үшін үнемі жұмыс жасау қажет және жаңа ереже, жүйені енгізу керек. Біздің ойымызша АХҚО расымен де халықаралық деңгейдегі орталыққа айнала алады және ол өңір үшін мол мүмкіндіктер ашпақ. Яғни АХҚО-ның өңір үшін әлеуеті зор. АХҚО-мен бірлесе жұмыс жасағанымызға екі жылдан астам уақыт өтті, сондай-ақ аудиторлық, консультативтік және аутсорсингтік қызметке қатысты екі компанияны тіркеп үлгердік. Жалпы біз орталыққа сенеміз. Біз Дубай қаржы орталығының 20 жыл ішінде қандай жетістікке жеткенін білеміз. Меніңше, АХҚО да көп ұзамай сол жетістікке жете алады», – деді Crowe Басқарушы серіктесі Альберто Симончини.
Украинадан келген мәртебелі мейман да АХҚО-ның одан ары дамитынына сенім білдірді.

«АХҚО – ең алдымен жаңа мүмкіндіктер орталығы. Егер біле білсеңіздер, капитал табыс табуға болатын, либералды жүйесі бар, бәрі барлығына түсінікті орында ғана «жүреді» деген түсінік бар. Бұл орталық міне дәл осы мен жоғарыда айтқандар түйіскен орын болып тұр. Сонымен бірге мұнда түрлі жеңілдіктер де қарастырылған. Сондықтан АХҚО инвестиция тартуды көздейтін орасан хаб бола алатыны анық. Бүгінде көптеген елдер, оның ішінде өз отаным Украина да бар, шағын жекешелендіру туралы заң қабылдап жатыр. Егер сол заң қабылданса, көптеген мемлекеттік компаниялар IPO-ға шықпақ. АХҚО бұл жағын да қолға алып отыр. Орталық тек Қазақстан ғана емес, онымен көршілес елдер, сондай-ақ, посткеңестік елдер үшін де үлкен мүмкіндік беріп отыр. Бұған қоса АХҚО елге инвестиция тарту ісіне де өзіндік үлес қоспақ. Бұл, меніңше екі жылдың ішінде орталық жеткен орасан жетістік деп ойлаймын», – дейді «Crowe CIS» халықаралық аудиторлық желілер компаниясының Украинадағы өкілі Ольга Багданова.
Украиналық маман сонымен қатар АХҚО-дан болашақта не күтетінін де атап өтті.

«Сіздерге зор табыс тілеймін. Алдағы уақытта инвесторлар тарапынан қызығушылық туғызатын өнім, жоба ұсынсаңыздар деген тілегім бар. Және оларды рәсімдеу, қаржылық есеп қалай жүргізілуі керек деген мәселелерді де назардан тыс қалдырмасаңыздар деген ниетім бар», -деп сөзін қорытындылады маман.
Кездесу соңында “Crowe CIS” өкілдері АХҚО-мен ұзақ әрі нәтижелі ынтымақтастық орнататынына сенім білдіріп, АХҚО залында естелік суретке түсті.

AIFC AI assistant