«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АХҚО-мен ынтымақтастықты дамытады

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов акцияларды «Астана» Халықаралық Қаржы орталығымен (АХҚО) орналастыру бойынша ынтымақтастықты дамытуға ниетті. Бұл туралы ол АХҚО-ға бару және орталықтың басқарушысы Қайрат Келімбетовпен кездесу барысында мәлімдеді.

Қор басшысы 2020 жылға арналған басты бірлескен міндет жекешелендіру бағдарламасы аясында ірі портфельдік компаниясын – «Эйр Астана» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Казахтелеком» АҚ IPO/SPO-ға шығару болып табылатынын атап өтті. Осы міндет шешілгеннен кейін Қорды жекешелендіру бағдарламасында 2023 жылға жоспарланып отырған «ҚТЖ» ұлттық тасымалдаушысының IPO-ға шығуы туралы тармақ қана қалады.

Ахметжан Есімов қазақстандық трейдерлер үшін перспективаны ашатын отандық қаржы алаңының үлкен мүмкіндіктерін атап өтті.
«Өткен жылы «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын орналастыру кезінде сатылған акциялардың 85%-ы Лондон биржасында, 15%-ы АХҚО биржасында орналастырылды. Осы жылы акциялардың жартысынан астамы АХҚО-да сәтті орналастырылды»,- деді Ахметжан Есімов.
Орталықтың басқарушысы Қайрат Келімбетов «Самұрық-Қазынамен» ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді:
«Самұрық-Қазына» мен АХҚО серіктестігі қаржы орталығы құрылған сәттен бастап тұрақты сипатқа ие. AIX алаңында қазірдің өзінде «Қазатомөнеркәсіп» акцияларының табысты орналастырылуы өткізілді. Бұл Қорға акционерлік капиталды тартуға да, биржаның мүмкіндіктерін көрсету тұрғысынан да көмектесті. 2020 жылы біз «Самұрық-Қазынамен» АХҚО-ның өзара бағалы қағаздар шығару тұрғысынан да, орталықтың юристикциясымен өзара іс-қимыл тұрғысынан да жаңа деңгейге шығаруды жоспарлап отырмыз».


Сұраулар:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. АХҚО-ны құру туралы Конституциялық заңға 2015 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылды. АХҚО мақсаты-халықаралық деңгейдегі қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыру. АХҚО-ның міндеттері ел экономикасына инвестициялар тартуға ықпалдасу, қаржылық қызмет көрсету саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту және оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз ету.
www.aifc.kz

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы – дара акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі болып табылатын қор. Қор 2008 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылған және ол коммерциялық құрылым – инвестициялық холдинг саналады. Оның миссиясы – Қазақстан Республикасының ұлттық әл-ауқатын көтеру және ұлттық экономиканы жаңғыртуға қолдау көрсету. «Самұрық-Қазына» өз миссиясын қоржындық компаниялардың ұзақмерзімдік құны мен тұрақты дамуын арттыру үшін оларды тиімді басқару арқылы, сондай-ақ ұлттық экономиканың басым секторларының дамуына каталитикалық инвестиция салу арқылы жүзеге асырады. Қор активі шамамен $68 млрдты құрайды. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобына мұнай-газ және көлік-логистика секторларының, химия және атом өнеркәсіптерінің, тау-кен кешендерінің, энергетика, машина құрастыру және жылжымайтын мүлік салаларының кәсіпорындары кіреді.

AIFC AI assistant