«Астана» халықаралық қаржы орталығы жанынан Заң технологиясын дамыту бойынша консультативті кеңес құрылды
12 мамырда «Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Қайрат Келімбетовтың қатысуымен қаржы орталығы жанынан құрылған Заң технологиясын дамыту бойынша консультативті кеңесінің бірінші отырысы өтті.
АХҚО жанынан құрылып отырған Консультативті кеңес орталықтағы заң технологиясының экожүйесін дамытуды мақсат етеді. Кеңестің құрылуы заң қызметтерінің тиімділігі мен сапасын арттырып, барынша қолжетімді етеді.
Шараға АҚШ, Нидерланды, Сингапур, Ұлыбритания мен Швейцариядан консультативті кеңес құрамына енген құқық пен заң технологиясы саласындағы беделді сарапшылар қатысты.
Консультативті кеңес заң технологиясы саласында АХҚО мен мүдделі топтардың арасында ынтымақтастықты дамытып, заң технологиясына арналған әлемдік деңгейдегі нормативті құқықтық базаны дайындау бойынша ұсыныстар әзірлейді.
Марк Бир, Заң технологиясын дамыту бойынша Консультативті кеңестің Төрағасы:
«Заң технологиясы 2014 жылдан бері жоғары қарқынмен дамып келе жатыр және бүгінге дейін осы салаға 13 млрд доллар инвестиция салынды. Инвесторлар тарапынан заң технологияларына қызығушылықтың жоғарылығы АХҚО үшін үлкен мүмкіндіктер ұсынады».
Марат Әйтенов, «АХҚО Әкімшілігі» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары:
«Жаңа технологиялардың жедел дамып, адамдардың өміріне үлкен ықпалын тигізіп отырғаны күмәнсіз. Бұл заң технологияларына да қатысты. Құқықтың осы әлеуеті жоғары саласындағы мүмкіндіктерді қарастырып, өңірлік өнімдерімізді дайындаймыз деп үміттенеміз».
Анықтамалық ақпарат:
АХҚО. Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. «АХҚО туралы» конституциялық заңға 2015 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылды. АХҚО мақсаты – халықаралық деңгейдегі жетекші қаржылық қызмет көрсету орталығын құру. АХҚО міндеті ел экономикасына инвестициялар тартуға ықпал ету, қаржылық қызметтер саласына инвестиция тарту үшін тартымды жағдай жасау, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту және оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз ету болып табылады. www.aifc.kz
Заң технологиясын дамыту бойынша Консультативті кеңес – «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) жанынан құрылған консультативті-кеңес органы. Консультативті кеңестің миссиясы осы салада стратегиялық ұсыныстар мен шешімдер дайындау, халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету және кеңейту, сонымен қатар АХҚО нормативті құқықтық базасын жетілдіру.