Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігі АХҚО-мен бірлесіп «Әйелдердің экономикалық құқығын күшейту және әйелдер кәсіпкерлігіне инвестиция салу» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді

2021 жылдың 5-наурызында Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Елшілігі мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) бірлесіп әйелдердің экономикалық құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту мен әйелдер кәсіпкерлігіне инвестиция салу бойынша виртуалды дөңгелек үстел өткізді.

Шараға Қазақстан атынан Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы Басқарушысы Қайрат Келімбетов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері мен отбасылық-демографиялық саясат бойынша Ұлттық кеңес төрағасы, «Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесі төрағасы Ләззат Рамазанова, Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшісі Ержан Қазыханов қатысты.

АҚШ Үкіметі мен агенттіктерінің атынан АҚШ Мемлекеттік Хатшысы Орынбасарының м.а. Дин Томпсон, USAID Әкімші көмекшісінің орынбасары Анджали Каур, АҚШ Мемлекеттік департаменті Жаһандық әйелдер мәселесі бойынша мемлекеттік хатшылық кеңсесі жетекшісінің м.а. Катрина Фотоват, DFC Әйелдер кәсіпкерлігіне инвестиция салу бағдарламасының (2X) Басқарушы директорының м.а. Алек Пакстон, USAID Оңтүстік және Орталық Азия басқармасының директоры Теодора Делл қатысты.

Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк Гендерлік топтың жаһандық директоры Карен Гроун мен UPS Мемлекеттік сектормен халықаралық байланыс және тұрақты даму бойынша Президенті Пенелопа Наас құрметті қонақ ретінде қатысты.

Дөңгелек үстелге қатысушылар әйелдердің экономикалық құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейтудің қазіргі қоғамды көтеруде үлкен әлеуетке ие екенін айтты. McKinsey & Co. консалтингтік компаниясының есебінше, егер бизнесте әйелдер ерлермен бірдей мүмкіндікке ие болса, әлемдік ІЖӨ 2025 жылға дейін 28 триллион теңгеге дейін өсер еді. Яғни, әлем экономикасы 30% ұлғаяр еді.

Шара барысында халықаралық қауымдастықтың әйелдердің экономикалық құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейтуге көңіл аударатыны айтылып, гендерлік теңдік пен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының бірі ретінде қабылданғаны тілге тиек етілді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде бірнеше рет гендерлік мәселеге ерекше көңіл аударған.

Кейбір мәліметтер бойынша, короновирус пандемиясы ерлерге қарағанда әйелдерге ауырырақ тиген. Қазіргі жағдайды еңсеру үшін мемлекеттер дұрыс шешім қабылдау үшін өзара конструктивті диалог құрулары тиіс деген пікір білдірді дөңгелек үстелге қатысушылар.

Шара Қазақстан мен АҚШ және халықаралық қаржы институттары арасында әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бойынша екіжақты әріптестікті нығайтуға арналды. Диалог барысында кәсіпкер әйелдердің іскерлік мүмкіндіктерін кеңейтудің халықаралық тетіктері мен Қазақстанның осы мақсаттағы жұмыстары талқыланды.

Дөңгелек үстел барысында өңірдегі бастауыш мемлекет ретінде Қазақстан АҚШ және өзге де қызығушылық танытқан тараптармен Орталық Азияда және ода да ірі өңірде әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін ілгерілетуде және әйелдер кәсіпкерлігін дамытуда ұзақмерзімді ынтымақтастыққа әзір екені айтылды.

 

Анықтамалық ақпарат:

«Астана» халықаралық қаржы орталығы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 қадам» Ұлт жоспарының шеңберінде құрылған.

2020 жылғы 2 шілдеде АХҚО-ны Басқару кеңесінің отырысы аясында Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Оған сәйкес АХҚО пайымы Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО елдері, Батыс Қытай, Моңғолия және Шығыс Еуропа кіретін өңірде жетекші халықаралық қаржы орталығы ретінде қалыптасуда болып табылады.

АХҚО миссиясы – өңірдің тұрақты ұзақмерзімді дамуына жәрдемдесу. Мемлекет Басшысы Қ.К. Тоқаев атап өткендей, «АХҚО өзінің бірегей мүмкіндіктерімен өңірдегі елдерді байланыстыратын әмбебап платформа бола алады».

АХҚО-ның тұрақты дамуының стратегиялық бағыттарына тұйық цикл экономикасын, қаржы технологияларын және «цифрлық қаржы орталығын» дамыту кіреді. https://aifc.kz/

AIFC AI assistant