АХҚО Құқықтық-консультативтік кеңесінің Төрағасы Майкл Блэрдің «АХҚО құқығы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті

2 шілдеде «Astana Finance Days» аясындағы АХҚО құқықтық мәселелері жөніндегі жыл сайынғы конференция барысында «АХҚО құқығы» кітабының онлайн форматтағы ресми тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың авторы – 2017 жылы негізі қаланған сәттен бастап АХҚО Құқықтық-консультативтік кеңесінің Төрағасы, сондай-ақ Корольдік адвокат әрі Лондон қаласындағы 3 Verulam Buildings Barristers жетекші кеңесшісі Майкл Блэр мырза.

Кітапта АХҚО құқықтық режімінің қалыптасуының қысқаша тарихы, АХҚО актілерінің негізі ретінде жалпы ағылшын құқығының таңдалуының себептері мен ерекшеліктері, сондай-ақ олардың артықшылықтары мен оларды шетелдік инвесторлардың ғана емес, сондай-ақ жергілікті бизнес өкілдерінің де іс жүзінде қолдануы сипатталады.

Кітаптың тұсаукесерінде Блэр мырза мен іс-шара спикерлері кітапта баяндалған негізгі тезистермен, сондай-ақ АХҚО юрисдикциясын одан әрі дамыту мен қолдану жөніндегі ойларымен бөлісті.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов:

«Бұл кітап – АХҚО құқығының қалыптасу тарихы мен оның ерекшеліктері туралы баяндайтын алғашқы және эксклюзивті еңбек. Оқырманның АХҚО құқықтық режімінің құрылымына толықтай енуге және оған ішінен қарауға тамаша мүмкіндігі бар.

АХҚО қазірдің өзінде Қазақстанға өңірлік және халықаралық инвестицияларды тарту, әділ және тәуелсіз сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету, сондай-ақ жалпы ел экономикасының өсуін жеделдету ісінде маңызды рөл атқаратындықтан, осы кітаптағы АХҚО құқықтық режімі мүмкіндіктерінің егжей-тегжейлі сипаттамасы қазіргі кезде аса өзекті болып саналады».

АХҚО Құқық академиясының Академиялық кеңесінің мүшесі, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасары, Қазақстан Республикасынан Еуропа Кеңесінің Венециялық комиссиясының мүшесі Игорь Рогов: 

«Блэр мырза оқырманды қаржы орталығының ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген өз құқығының қалыптасу тарихына бойлатып, оны шетелдік инвесторлардың ғана емес, сондай-ақ мүдделі қазақстандық кәсіпкерлердің іс жүзінде қолдануының артықшылықтары мен ерекшеліктерін ашады.

Бұл еңбек қазақстандық және шетелдік заңгерлердің қызығушылығын тудырып, АХҚО қызметімен танысқысы келетін жандар үшін тәжірибелік құралға айналатынына сенімдімін».

Кітаптың электронды нұсқасы https://aol.aifc.kz/the-law-of-the-aifc-by-mr-michael-blair-qc/ сілтемесі бойынша қолжетімді. 

Анықтамалық ақпарат:

«Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 қадам» Ұлт жоспары шеңберінде құрылды. 2020 жылғы 2 шілдеде АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңестің отырысы аясында Орталықтың 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясы қабылданды. Оған сәйкес АХҚО-ның пайымы – Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО елдері, Батыс Қытай, Моңғолия және Шығыс Еуропаны қамтитын өңірдегі жетекші халықаралық қаржы орталығы ретінде қалыптасу. https://aifc.kz/

AIFC AI assistant