Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік: АХҚО-да бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудағы әйелдердің рөліне қатысты мәселелерді талқылау өтті

2021 жылдың 1 шілдесінде Astana Finance Days аясында әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту форумы басталды.

Форум аясында халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері бойынша күн тәртібін ілгерілету, сондай-ақ әйелдердің қоғамдық өмірге тиімді қатысуы мен шешім қабылдауы тақырыбында «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» (Women, Peace and Security) сессиясы өтті.

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, «Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы д-р Қайрат Келімбетов алғы сөзімен сессияны ашты.

Құрметті қонақтар арасында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азия үшін алдын алу дипломатиясы жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығының (UNRCCA) басшысы Наталья Герман ханым, АҚШ Мемлекеттік хатшысының Әйелдердің жаһандық мәселелері жөніндегі Кеңсесі басшысының міндетін атқарушысы Катрина Фотоват ханым, Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі Жоғары мәртебелі Жанар Айтжанова ханым, «АҚШ–Қазақстан әйелдер альянсы» Қорының негізін қалаушы» Аянат Ксенбай ханым болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Жоғары мәртебелі Ержан Қазыханов мырза сессияның модераторы ретінде қызмет атқарды.

Сессия барысында спикерлер «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» жаһандық күн тәртібін, оның ішінде әйелдердің рөлі және олардың бейбітшілік, тұрақтылық пен дамуға байланысты шешімдер қабылдау процестеріне әсері, және әйелдердің бейбітшілік процестеріндегі маңыздылығын арттыру мәселелерін талқылады.

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, «Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Д-р Қайрат Келімбетов АХҚО мен Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі гендерлік теңдік саясатында үйлесімділіктің маңыздылығын және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік күн тәртібімен әйелдердің экономикалық мүмкіндіктері арасындағы байланысты мойындайтынын атап өтті.

“Сонымен қатар, «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібі аймақтық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды. COVID-19 пандемиясынан кейін әйелдердің әділетті экономикалық өсу мен орнықты дамуды қамтамасыз етудегі рөлін түсіну және әйелдерге әлемдік деңгейде мүмкіндіктер беру саясатын әзірлеуді жалғастыру қажет”, – деді д-р Қайрат Келімбетов.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының арнайы өкілі, Орталық Азия үшін алдын алу дипломатиясы жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығының (UNRCCA) басшысы Наталья Герман ханым, 2020 жылғы желтоқсанда құрылған көрнекті саясаткер әйелдерінің қатысуымен Орталық Азия елдерінің көшбасшы әйелдер диалогының маңыздылығын атап өтті.

“Орталық Азия елдерінің көшбасшы әйелдер диалогы – Орталық Азиядағы әйелдер көшбасшылары арасындағы ынтымақтастықтың ерекше үлгісі. Платформа тек «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібін алға жылжытуда ғана емес, сонымен қатар жалпы аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды құрал бола алады”, – деді Наталья Герман ханым.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының Әйелдердің жаһандық мәселелері жөніндегі Кеңсесі басшысының міндетін атқарушысы Катрина Фотоват ханым:

“Байден-Харрис әкімшілігі гендерлік теңдікті ұлттық қауіпсіздік пен адам құқықтары үшін стратегиялық міндет ретінде алға жылжытуда. Гендерлік теңдік кедейлікті азайтады, денсаулық пен демократияны жақсартады. Біз Қазақстан Үкіметімен серіктестігімізді және оның Қазақстанда және бүкіл аймақта, соның ішінде Ауғанстанда гендерлік теңдікті ілгерілету жөніндегі міндеттемесін бағалаймыз. АХҚО-ның Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту форумы осы міндеттемені екі еселендіруге, және де жетістікке жету жолындағы қажетті құралдарды, ресурстарды және әлеуетті серіктестіктерді анықтаудың маңызды мүмкіндігі болып табылады”.

Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі Жоғары мәртебелі Жанар Айтжанова, форумды қорытындылап, «әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібінің Қазақстан үшін маңызы жайлы өз ойын білдірді:

“БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты дискриминацияның барлық түрлерін жою туралы конвенциясына (CEDAW) қосыла отырып, Қазақстан әйелдер құқығын құрметтеуге және қорғауға өзінің міндеттілігін растады. 2019 жылы біз CEDAW іске асырылуының бесінші мерзімді есебін ұсындық. Комитеттің гендерлік кемсітушілікке, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстары тиісті түрде атап өтілді және ұлттық іске асыру жоспарларында көрініс тапты. Менің ойымша, бұл жұмыс әсіресе өзекті болып табылады, біз пандемиядан айығып жатқан кезде және әйелдер ең қатты зардап шегеді”.

AIFC AI assistant