«Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңында 1000-шы компания тіркелді
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) өз алаңындағы 1000-шы компанияның тіркелгенін хабарлайды. Осылайша, қаржы орталығы аталған көрсеткішке уақытынан бұрын жетіп отыр.
Айта кетерлігі, АХҚО-да қазір әлемнің 57 елінен әртүрлі компаниялар жұмыс істеп жатыр. Компаниялар саны бойынша алғашқы ондыққа Қазақстан, ҚХР, РФ, АҚШ, Сингапур, Ұлыбритания, Үндістан, БАӘ, Түркия мен Нидерланды Корольдігі кіреді. 2020 жылы АХҚО-да компанияларды тіркеу толығымен онлайн форматқа өтіп, тіркеу уақыты 7-ден 1 күнге қысқарды.
1000-шы компания ақпараттық технология саласынан. Қазіргі таңда орталықта технология, АКТ мен қаржы технологиясы саласынан 50-ден астам компания жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында Amazon Data Services Kazakhstan Limited, Minebest, Bitfury секілді алпауыттар бар.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 қадам» Ұлт жоспарының шеңберінде құрылған. 2020 жылғы 2 шілдеде АХҚО-ны Басқару кеңесінің отырысы аясында Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Оған сәйкес АХҚО пайымы Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО елдері, Батыс Қытай, Моңғолия және Шығыс Еуропа кіретін өңірде жетекші халықаралық қаржы орталығы ретінде қалыптасуда болып табылады.
АХҚО миссиясы – өңірдің тұрақты ұзақмерзімді дамуына жәрдемдесу. Мемлекет Басшысы Қ.К. Тоқаев атап өткендей, «АХҚО өзінің бірегей мүмкіндіктерімен өңірдегі елдерді байланыстыратын әмбебап платформа бола алады». https://aifc.kz/