Қазақстандағы реттелетін қорлардың басқаруындағы активтер көлемінің жартысына жуығы АХҚО-да
Мұндай деректер Астана өткен AIFC Community іс-шарасында айтылды
28 қарашада «Астана» халықаралық қаржы орталығында орталықтың қатысушы компаниялар үшін ұйымдастырылған AIFC Community: 2024 Business Wrap-up кезекті іс-шарасы өтті. Іс-шара АХҚО-да тіркелген компанияларды біріктіруге бағытталған AIFC Community бастамасы аясында ұйымдастырылып, оған 100-ден астам адамды жинады.
АХҚО қатысушы компанияларының ішіндегі активтерді басқару саласындағы көшбасшылармен (Fonte Capital Ltd, Amicorp Kazakhstan Limited), АХҚО реттеушісінің (AFSA) және Astana International Exchange (AIX) биржасының өкілдерімен кездесуде реттеу талаптарындағы биылғы жаңашылдықтар талқыланды. Бетпе-бет сөйлесіп, пікір алмасу аясында іс-шараға қатысушылар реттеуші базадағы активтерді басқаруға қатысты негізгі өзгерістер туралы білді, осы жаңа нормалардың арқасында АХҚО-да алғашқы Umbrella Fund іске қосылып, AIX биржасында алғашқы Exempt Fund-тың листингі жүзеге асырылған еді. Бұдан басқа, іс-шараға қатысушылар жыл соңына дейін есеп беру міндеттемелерін орындау бойынша AFSA сарапшыларынан практикалық нұсқаулар алды.
АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров өз кіріспе сөзінде: «AIFC Community қауымдастығы қатысушылардың қаржы орталығының юрисдикциясы аясында байланыс орнату, тәжірибемен және үздік жұмыс практикасымен алмасу жөніндегі сұранысына жауап ретінде құрылды. Осы жылдың маусым айында біз ASP-компаниялары үшін алғашқы осындай іс-шараны өткізген едік, оған 80-нен астам өкіл жиналды. Қыркүйекте өткен AFD конференциясы кезінде де AIFC Community бастамасы аясында бірнеше сессиялар ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда іс-шара қорларды басқару және әкімшілендіру саласындағы жаһандық компаниялардың тәжірибесін зерделеуге, АХҚО юрисдикциясының бизнес үшін бәсекелестік артықшылықтарын талқылауға және орталықтың соңғы жаңашылдықтарымен және бастамаларымен танысуға мүмкіндік береді. Бұл кездесу Қазақстанның қаржы экожүйесінде бірлесіп өсу үшін тағы бір қадам болатынына сенімдімін», – деді.
Іс-шара аясында АХҚО әкімшілігінің салалық талдау департаментінің сарапшылары дайындаған Қазақстандағы қорларды басқару жөніндегі есеп таныстырылды. Есепке сәйкес реттелетін қорлардың (AUM) басқаруындағы активтердің жалпы көлемі Қазақстанда 1,8 миллиард АҚШ долларын құрады (2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша). Оның 56% ұлттық реттеудегі қорларға, ал 44% АХҚО реттеуіндегі қорларға тиесілі, бұл шамамен 800 млн АҚШ доллары. Реттелетін қорлардың жалпы саны 2020 жылдан бастап екі есеге өсіп, 2024 жылдың шілдесіне қарай 135-ке жетті. Бұл нәтиже АХҚО юрисдикциясында жаңа қорлардың тіркелуімен байланысты.
АХҚО юрисдикциясы елдегі реттелетін қорлар санының өсуіне ғана емес, сонымен қатар қорлар түрлерінің әртараптандырылуына да ықпал етті. Қазір АХҚО-да тікелей инвестициялар қорлары, хедж-қорлар, венчурлық қорлар, REIT-қорлар, сондай-ақ мамандандырылған қорлар (тауар, кредит, криптовалюта, облигациялық қорлар және қолшатыр қорлары) жұмыс істейді. Алғашқы Non-Exempt қорына лицензия берілді. АХҚО юрисдикциясы басқарылатын активтердің және елдегі қорлар санының өсуіне жәрдемдесуден басқа, жаңа компанияларға қаржы нарығына шығуға мүмкіндік береді. Есептің деректерімен ағылшын тілінде толығырақ мына сілтеме бойынша танысуға болады.
Сондай-ақ іс-шарада АХҚО әкімшілігінің қызметкерлері әзірлеген жасанды интеллект негізіндегі чат-бот таныстырылды. Чат-бот АХҚО веб-сайтында орналастырылған және пайдаланушыларға қолданыстағы құқықтық базаға сәйкес АХҚО-да бизнесті жүргізу ерекшеліктері туралы өзекті және мазмұнды ақпарат береді.
Серік Қозыбаев, АХҚО-дағы «Investment House Astana-Invest» АҚ филиалының бас директоры: «Нетворкинг – бұл кез келген бизнестің маңызды құрауыштарының бірі, және әріптестермен, реттеушімен, бәсекелестермен қарым-қатынас жасау әрқашан пайдалы: жаңа нәрселерді білесің, жаңа реттеуші нормалар мен болатын өзгерістер туралы тікелей осы іспен айналысатын мамандардың өз аузынан естуіуге болады. Жалпы, мұндай іс-шарада орталық пен реттеушінің жаңалықтарын, өз компанияңа қабылдап алуға тұрарлық жаңа идеялар туралы біле аласыз. Сондықтан АХҚО қатысушылары бір алаңда жиналып, жақынырақ танысып, тәжірибе алмасуға болатын іс-шараға мені де шақырғанына қуаныштымын».
Мирас Молдабаев, Amicorp Kazakhstan Ltd. компаниясының Астанадағы офисінің коммерциялық директоры және басшысы: «Қатысушыларға арналған осындай пайдалы іс-шараларды ұйымдастыруда АХҚО-ға қолдау көрсету біз үшін үлкен мәртебе. АХҚО біз үшін өте үлкен мүмкіндіктер ашты: біз ТМД мен Кавказ нарығына қол жеткіздік. Қазірдің өзінде осы бағыттар бойынша көп жұмыс жүргізілуде, біз екі лицензия алдық және 2025 жылға үлкен жоспарлар құрдық. AIFC Community іс-шарасы, сөзсіз, бизнес үшін пайдалы, өйткені клиентке қолжетімділік жылдамдатылады, кедергілер жойылады. Бір алаңда идеяларды талқылауға немесе серіктестік ұсынуға болатын барлық кәсіби қатысушылар жиналады».
Андрей Грачев, Birch International Limited компаниясының атқарушы директоры: «Мен қаржы орталығының қатысушыларына арналған осы іс-шараға алғаш рет қатысып отырмын. Менің ойымша, мұндай нетворкинг-іс-шаралар нарықтың барлық қатысушылары мен әріптестер үшін өте маңызды бастама. Көптеген орталықтар компанияларды тіркегеннен кейін белсенділік танытпай жатады, сондықтан менің ойымша, халықаралық қаржы орталықтары қызметінің мәні – өз мүшелерін үнемі қолдау, олармен байланыста болу және нарықты дамыту. Жалпы, біздің компанияны АХҚО юрисдикциясы өзінің халықаралық форматымен, ағылшын құқығы негізінде жұмысымен, ұйымдастыру деңгейімен, лицензиялар санымен баурап алды. Мен әртүрлі қаржы орталықтарын көрдім және ТМД кеңістігінде АХҚО үздіктердің бірі екенін сенімді түрде айта аламын».
Кездесу кәсіби байланыстарды нығайтуға және АХҚО қатысушыларының қаржы орталығының қызметіне байланысты түрлі аспектілер жөніндегі ақпаратқа деген қажеттіліктерін қанағаттандыруға ықпал етті. АХҚО юрисдикциясына байланысты барлық сұрақтар бойынша [email protected] электрондық мекенжайы бойынша хабарласуға болады.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz