АХҚО Соты лицензиясы жоқ бірқатар криптоплатформаға қатысты сот тыйымын шығарды

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) өзінің талап-арызы негізінде АХҚО Соты лицензиясы жоқ бірқатар криптоплатформаның операторларына қатысты сот тыйымын шығарғанын хабарлайды.

2026 жылғы 15 қыркүйекте сот AFSA-ның талаптарын қанағаттандырып, BingX, Bitcoin.com, Huobi Global (HTX), BitMart, Coinbase, LBank және WEEX криптоплатформаларының операторларына тиісті лицензиясыз АХҚО шеңберінде цифрлық активтерге байланысты қызметтерді көрсетуге, ұсынуға немесе жарнамалауға, сондай-ақ осындай қызметтерді көрсету мақсатында кез келген платформа арқылы мобильді қосымшаларды таратуға немесе оларға қолжетімділікті қамтамасыз етуге тыйым салатын шешім мен бұйрық шығарды.

Айта кетейік, LBank криптоплатформасының операторы Қазақстанда өз қызметтеріне қолжетімділікті бұғаттау жөнінде өз бетінше шаралар қабылдады. Осыған байланысты 18 қыркүйекте АХҚО Соты аталған операторды тізімнен алып тастап, өзінің шешімі мен бұйрығына өзгерістер енгізді. Осылайша, қазіргі уақытта сот тыйымы BingX, Bitcoin.com, Huobi Global (HTX), BitMart, Coinbase және WEEX платформаларының операторларына қолданылады.

Сот өз шешімінде тиісті рұқсатсыз цифрлық активтерге байланысты қызметтер көрсету АХҚО-ның реттеу жүйесінің тұтастығына нұқсан келтіретінін атап өтті. Сонымен қатар мұндай қызмет заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы іс-қимыл және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (АЖ/ТҚҚ), клиенттерді тексеру және реттеушілік қадағалау талаптарын орындауға шығын жұмсайтын лицензияланған қатысушылар үшін жосықсыз бәсекелестік туғызады.

Сот шешімі аталған платформалардың қызметтеріне географиялық негізде қолжетімділікті шектеу бөлігінде қосымшалар дүкендерінің операторлары болып табылатын Google және Apple компанияларына да қолданылады.

AFSA бас директоры Евгения Богданова бұл шешімге қатысты былай деді:

«Бұл сот шешімі Қазақстан аумағында тиісті рұқсатсыз цифрлық активтерге байланысты қызметтерді ұсынып, рұқсат етілмеген жарнама жүргізген лицензиясы жоқ криптоплатформалардың қызметіне қарсы іс-қимыл жасау бойынша AFSA-ның қадағалау және құқық қолдану бөлімшелері жүргізген ауқымды әрі жүйелі жұмыстың нәтижесі болды.

Бұл жұмыс 2025 жылы басталды. Сол кезде AFSA түсіндіру жұмыстарын жүргізу және АХҚО-ның реттеу режимінің талаптары туралы хабардар ету мақсатында 20-дан астам криптоплатформаға жазбаша ескертулер жолдады. 2026 жылдың басында AFSA лицензиясыз қызметін жалғастырған платформаларға қатысты сот тыйымдарын шығару туралы талап-арыздармен АХҚО Сотына жүгінді.

Тиісті сот шешімдері мұндай қызметтерге қолжетімділікті шектеу үшін Google Play және Apple App Store қосымшалар дүкендерінің операторларына жіберіледі. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде тоғыз криптоплатформа Google Play және Apple App Store арқылы Қазақстандағы өз қосымшаларына қолжетімділікті ерікті түрде шектеді. Осыған байланысты AFSA оларға қатысты талап-арыздарын кері қайтарып алды. Тағы жеті платформа цифрлық активтердің айналымын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін AFSA лицензиясын алуға ниет білдірді. Алты криптоплатформаға қатысты сот тыйымдарының негізінде қолжетімділікті мәжбүрлі түрде шектеу шаралары қолданылады.

AFSA осы сектордағы заңсыз қызметке мониторинг жүргізуді жалғастыруда. 2026 жылғы мамырдан бастап бұл жұмыс цифрлық активтер айналымы саласындағы ұлттық реттеуші ретінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен тығыз өзара іс-қимылда жүзеге асырылып келеді».

AFSA лицензиясы жоқ платформалардың қызметі реттеушілік қадағалаумен қамтылмайтынын еске салады. Мұндай платформалардың клиенттері активтерді сақтау, ақпаратты ашу, шағымдарды қарау және дауларды шешу бойынша лицензияланған қатысушыларға қойылатын талаптар қамтамасыз ететін қорғау тетіктерін пайдалана алмайды. Сот қабылдаған шешім, соның ішінде, пайдаланушыларды аталған тәуекелдерден қорғауға бағытталған. Цифрлық активтерге байланысты қызметтер көрсетуге AFSA лицензиясы бар компаниялардың тізімі АХҚО реттеушісінің ресми сайтындағы Жария тізілімде орналастырылған.

Анықтама үшін:

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Оның мақсаты – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу. АХҚО актілері мен қағидаларында қаржы компаниялары және нарықтық институттарды лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу мен қадағалау мәселелерін көзделген. afsa.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz

AFSA Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті, [email protected]