Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күніне орай АХҚО-да «Art of Money: соғылған монетадан цифрлық активтерге дейін» іс-шарасы өтті

2026 жылғы 6 қарашада «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Ұлттық валюта күніне арналған іс-шара өткізді. Бағдарлама теңгенің тарихы мен ақша мәдениетіне арналған көрмені, заманауи қаржы құралдары мен цифрлық активтерді талқылауды, сондай-ақ қонақтарға арналған интерактивті бағдарламаны қамтыды. 

Іс-шараның негізгі бөліктерінің бірі АХҚО музейінде қазақстандық коллекционер және нумизмат Рашит Абдразақовтың жеке коллекциясы негізінде ұйымдастырылған «Art of Money. Соғылған монетадан цифрлық активтерге дейін» көрмесінің ашылуы болды. Экспозиция қонақтарды ұлттық валютаның тарихымен, банкноттар мен монеталар дизайнының өзгеруімен, мерейтойлық шығарылымдармен, сондай-ақ Қазақстанның мәдениетін, табиғатын және тарихи мұрасын бейнелейтін тақырыптармен таныстырды. 

Көрменің негізгі бөлімі — «Теңге тарихы» — ұлттық валютаның алғашқы шығарылымдарын, соның ішінде тиындар мен 1993 жылғы алғашқы банкноттарды, кейінгі номиналдар мен дизайндағы өзгерістерді, естелік монеталарды және теңгенің мерейтойларына арналған материалдарды біріктірді. Экспонаттар ақша белгілерінде ұлттық рәміздер, елорда тарихы, табиғи байлық және ел үшін маңызды өзге де тақырыптардың қалай көрініс тапқанын көрсетті. 

«Даладан жұлдыздарға дейін» бөлімінде ғарышты игеру тақырыбына арналған қазақстандық және шетелдік естелік монеталар ұсынылды. Ғарыш тақырыбы Қазақстанның ғарыш саласында 15 жылдан астам еңбек еткен Рашит Абдразақовтың коллекциясында да ерекше орын алады. Бұған дейін ол өз коллекциясын түрлі көрме алаңдарында таныстырған. 

«Коллекционер кабинеті» бөлімі келушілерді нумизматиканың практикалық қырымен — каталогтармен, альбомдармен, коллекциялық заттарды зерттеуге, түпнұсқалығын тексеруге, сақтауға және жүйелеуге арналған құралдармен таныстырды. Рашит Абдразақов көрме бойынша авторлық экскурсия өткізіп, жекелеген экспонаттардың тарихын баяндады және қонақтар мен журналистердің сұрақтарына жауап берді. 

«Мен үшін коллекция жинау — ең алдымен нақты заттар арқылы тарихты сақтау мүмкіндігі. Монеталар мен банкноттар өз дәуірінің экономикасын ғана емес, мәдениетін, мемлекеттік рәміздерін, маңызды оқиғаларын және елдің қалай өзгергенін де көрсетеді. Менің коллекциямда теңге ерекше орын алады: оның шығарылымдары арқылы тәуелсіз Қазақстан тарихының тұтас бір кезеңін байқауға болады. Бұл көрменің коллекцияны кең аудиторияға таныстыруға және нақты жәдігерлер арқылы ұлттық валютамыздың тарихын баяндауға мүмкіндік бергеніне қуаныштымын», — деді Рашит Абдразақов. 

Көрме бөлігі ұлттық валютаның тарихын заманауи қаржылық жағдайымен байланыстырды. Оның аясында қаржы секторының өкілдері цифрлық активтер мен жаңа қаржы құралдарының дамуын талқылады. 

Іскерлік бөлім аясында Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаменті Инновация және цифрлық активтер басқармасының бас маманы Мадияр Қызайбеков цифрлық активтерді реттеу тәсілдері туралы айтып берді.

Сондай-ақ Commodity Chain Ltd. компаниясының бас директоры Анвар Ниетқалиев астықты токенизациялау және нақты активтермен жұмыс істеу үшін цифрлық инфрақұрылымды пайдалану жөніндегі кейс туралы сөйледі. 

Іс-шара физикалық ақша белгілері мен теңге тарихынан бастап заманауи цифрлық шешімдер мен нақты активтерді токенизациялауға дейінгі қаржы құралдарының дамуын көрсетті. 

Бағдарлама қаржы тақырыбындағы интерактивті бөліммен аяқталды. 

Іс-шара ұлттық валютаның тарихын, қаржылық мәдениетті дамыту және технологиялардың ықпалымен қаржы құралдарының өзгеруі мәселелерін талқылауға арналған алаңға айналды. 

Анықтамалық ақпарат:     

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz 

АХҚО баспасөз қызметі 

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы
E-mail: [email protected]