Кейптаун конвенциясынан өңірлік лизинг хабына дейін: АХҚО мен AWG Қазақстандағы авиациялық қаржыландыруды дамытуды талқылады

Кейптаун конвенциясынан өңірлік лизинг хабына дейін: АХҚО мен AWG Қазақстандағы авиациялық қаржыландыруды дамытуды талқылады 

2026 жылғы 9 қарашада Астанада «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен Aviation Working Group (AWG) «Қазақстандағы авиациялық қаржыландыру және лизинг тетіктері» атты воркшоп өткізді. Іс-шара мемлекеттік органдардың, авиакомпаниялардың, заңгерлік және академиялық қоғамдастықтардың өкілдерін, сондай-ақ авиациялық қаржыландыру және лизинг саласындағы сарапшыларды біріктірді. 

Талқылаудың негізгі тақырыптары Қазақстандағы авиациялық қаржыландыруды дамытудың практикалық жолдары, Кейптаун конвенциясы мен Авиациялық хаттаманы қолдану, АХҚО-ның авиациялық лизинг пен қаржыландыруды құрылымдауға арналған платформа ретіндегі мүмкіндіктері, сондай-ақ әуе кемелерін тіркеу жүйесін одан әрі дамыту болды. 

Кейптаун конвенциясы авиациялық активтерді қаржыландыру кезінде кредиторлардың, лизинг берушілер мен инвесторлардың құқықтарын қорғаудың халықаралық құқықтық негізін қалыптастырады. Оның негізгі тетіктерінің бірі — тиісті мүліктік құқықтарды тіркеуге және трансшекаралық мәмілелер кезіндегі тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік беретін авиациялық объектілердің Халықаралық тізілімі. Қазақстан Конвенция мен Авиациялық хаттамаға қосылды, олар ел үшін 2011 жылдан бері қолданыста. 

Воркшоп барысында AWG сарапшылары мен Қазақстан өкілдері Конвенцияны қолданудың қазіргі тәжірибесін, оны іске асыру тиімділігін арттыру жөніндегі келесі қадамдарды, соның ішінде әуе кемелерін қайтару және тіркеуден шығару, лизинг берушілердің құқықтарын қорғау, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен халықаралық авиациялық қоғамдастық арасындағы өзара әрекеттесу мәселелерін талқылады. 

Жеке сессия AIFC Aviation Finance Hub бастамасын дамытуға және АХҚО-ның халықаралық лизинг берушілер мен қаржы ұйымдары үшін мүмкіндіктеріне арналды. АХҚО Әкімшілігі Басқармасының төрағасы Бахтияр Тілеубеков ағылшын жалпы құқығы қағидаттарына негізделген Орталықтың құқықтық және институционалдық инфрақұрылымын таныстырды. Оның құрамына тәуелсіз АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығы (IAC), АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитетінің (AFSA) реттеушілік жүйесі, сондай-ақ авиациялық лизинг мәмілелерін құрылымдау және қаржыландыру мүмкіндіктері кіреді. 

Өз кезегінде АХҚО Әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Жанболат Кәкішев: «Біздің міндетіміз — қолданыстағы халықаралық авиациялық қаржыландыру орталықтарын алмастыру емес, лизинг берушілер мен қаржы ұйымдарына өздері жұмыс істейтін авиакомпанияларға жақын орналасқан және жалпы құқық қағидаттарына негізделген өңірлік платформаны ұсыну. АХҚО лизингтік компаниялар мен арнайы жобалық құрылымдарды құруға арналған инфрақұрылымды, дауларды шешу тетіктерін және қаржыландыру тартудың жаңа мүмкіндіктерін ұсына алады. Келесі маңызды қадам — халықаралық лизинг берушілерді, қаржы ұйымдары мен қазақстандық авиакомпанияларды алғашқы практикалық мәмілелер төңірегінде біріктіру», — деп атап өтті. 

Авиациялық қаржыландыруды дамыту Орталық Азия мен Кавказ нарығының өсуі аясында ерекше маңызға ие болып отыр. AIFC Aviation Finance Hub бағалауы бойынша, өңірдің коммерциялық әуе паркі 2030 жылға қарай шамамен екі есе ұлғаюы мүмкін. Қазірдің өзінде өңірдегі коммерциялық әуе кемелерінің 55%-дан 80%-ға дейінгі бөлігі лизинг шарттарымен пайдаланылады, бұл мамандандырылған қаржылық және құқықтық инфрақұрылымға айтарлықтай сұраныс қалыптастырады. 

Қатысушылар авиациялық лизингті қаржыландырудың жаңа құралдарын да талқылады. 2026 жылғы мамырдан бастап Қазақстанның қаржылық лизинг туралы заңнамасы лизинг шарттары бойынша түсімдермен қамтамасыз етілген цифрлық қаржылық активтер арқылы қаржыландыру тарту мүмкіндігін көздейді. Мұндай тетік АХҚО-ның капитал нарығы мен цифрлық активтер инфрақұрылымымен ықпалдастырылуы мүмкін. 

Қазақстанның AWG Cape Town Convention Compliance Index рейтингіндегі көрсеткішіне де ерекше назар аударылды. AWG 2026 жылғы бірінші тоқсандағы деректеріне сәйкес, Қазақстан 64 балл жинап, орташа бағалау санатына кірді. Сонымен қатар ел Кейптаун конвенциясы аясында ЭЫДҰ көздеген жеңілдікті қолдануға құқылы. Қатысушылар халықаралық стандарттарға сәйкестік деңгейін одан әрі арттыруға және лизинг берушілер мен кредиторлар үшін тәуекелдерді төмендетуге ықпал ететін практикалық қадамдарды талқылады. 

AIFC Aviation Finance Hub бастамасын дамыту аясында АХҚО авиациялық лизингке арналған реттеушілік инфрақұрылымды одан әрі жетілдіруді де қарастырып отыр. Талқыланған бағыттардың қатарында лизингтік компанияларға арналған мамандандырылған тетіктер, арнайы мақсаттағы компаниялар (SPV) құрылымдарын пайдалану, түрлі қаржыландыру көздеріне қол жеткізу, сондай-ақ авиациялық қаржыландыру және лизингке байланысты дауларды шешу кезінде АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығының (IAC) мүмкіндіктері бар. 

Алдағы жұмыстың маңызды бағыттарының бірі авиациялық қаржыландыру режимін жетілдіру бойынша AWG-мен ынтымақтастық болмақ. Атап айтқанда, тараптар авиациялық лизингке арналған мамандандырылған шешімдерді әзірлеу кезінде AWG мүшелерінің сараптамасын тарту, халықаралық лизинг берушілермен және қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимылды кеңейту, сондай-ақ АХҚО Соты, Халықаралық төрелік орталығы және авиация нарығына қатысушылар үшін бірлескен кәсіби сессиялар өткізу мүмкіндігін талқылады. 

Кейптаун конвенциясын практикалық іске асыру және әуе кемелерін тіркеу жүйесін дамыту мәселелері Қазақстанның бейінді мемлекеттік органдарының құзыретіне жатады. АХҚО, өз кезегінде, авиациялық лизингке арналған қаржылық және құқықтық платформаны дамыта отырып және халықаралық сала қатысушылары мен Қазақстан нарығы арасындағы өзара іс-қимылды нығайта отырып, бұл жұмысқа қолдау көрсетуге ниетті. 

AWG-дің Астанаға сапары аясында 9–10 қарашада авиациялық қаржыландыру және құқық саласындағы өңірдің жетекші мамандарының қатысуымен Aviation Working Group Орталық Азия бойынша Өңірлік консультативтік комитетінің отырыстары да өтті. Күн тәртібіне Орталық Азия елдерінде Кейптаун конвенциясын қолдану, әуе кемелерін трансшекаралық ауыстыру, Халықаралық тізілім және өңірлік авиация нарығын одан әрі дамыту мәселелері енді. 

Анықтамалық ақпарат:     

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz 

Aviation Working Group (AWG) — әлемнің жетекші әуе кемелерін өндірушілерін, лизингтік компаниялар мен қаржы институттарын біріктіретін халықаралық коммерциялық емес ұйым. Airbus және Boeing тең төрағалық ететін ұйым авиациялық қаржыландыру және лизинг саласындағы халықаралық құқықтық және реттеушілік ортаны дамытуға қатысады. 

АХҚО баспасөз қызметі 

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы 

E-mail: [email protected]