Tabys қосымшасындағы алғашқы жариялы бондтардың шығарылуы сәтті өтті
AIX биржасының мобильдік қосымшасы Tabys App өнімдер санын арттырып, инвесторларға облигацияларды ұсынды. Solva Group Ltd. деп аталатын ірі микроқаржылық ұйым Tabys қосымшасында алғашқы болып бондтар орналастырды. Екі аптаның ішінде жеке инвесторлардан 600 өтінім келіп түсті. AIX биржасында орналастырылған екі жылдық облигациялардың номиналдық көлемі15 миллион АҚШ долларын құрады.
Біржан Астаев, AIX биржасының Нарық және өнімдер жөніндегі басқарушы директоры:
Жеке инвесторлар қауымдастығын дамытуға үлес қосу – біздің стратегиялық мақсаттарымыздың бірі. Tabys мобильдік қосымшасы бірер жыл бұрын әлеуметтік жоба ретінде құрастырылған, оның мақсаты – түрлі қолжетімді қаржылық құралдарды ұсыну арқылы жеке инвесторларды қор нарығына тарту. Solva шығарған бондтар жеке инвесторлардың оң бағасына ие болды, және біз жақын арада инструменттер санын одан ары көбейтіп, жаңа бастамаларды ұсынуды жоспарлап отырмыз.
Ринат Алиев, Solva Group Капитал нарығы және инвесторлармен қарым-қатынас жөніндегі басқарушы директоры:
«Solva компаниялар тобы жергілікті нарықтағы ең ірі облигациялар эмитенті болып табылады. Біз Tabys App. қосымшасында облигация ораналастырған алғашқы эмитент атанғанымызға қуаныштымыз. AIX командасы жеке инвесторларға қолайлы, әрі корпоративтік сектордағы эмитенттер үшін ашық құрал шығарып, ауқымды жұмысты атқарды.
Бұл шығарылым барысында ерлер мен әйелдерден келіп түскен өтінімдер ара қатынасы 44% (ерлер) және 56% (әйелдер) құрады. Инвесторлардың жасы әртүрлі — ең жас инвестор 17-де, ең егдесі 72-де.
Tabys қосымшасындағы тікелей жазылым функциясы 2022 жылы енгізілген, және алғаш рет ҚазМұнайГаз компаниясының IPO-сында, артынша KEGOC компаниясының SPO-сы мен Air Astana компаниясының IPO-сында қолданылды. Қазіргі күні Tabys қосымшасында 50,000 қазақстандық азаматтың есеп-шоты бар.
Тікелей жазылым функциясы инвесторларға өте ыңғайлы, себебі брокерлік шот ашуды талап етпейді және құнды қағаздарды оны шығарып отырған компаниядан тікелей сатып алуға мүмкіндік береді. Тікелей жазылым функциясы құнды қағаздарды сатып алып, портфелінде сақтауға ниеттенген инвесторларға қолайлы, алайда қағаздарды сату үшін оларды брокерлік шотқа аудару қажет болады. Мобильдік қосымшада кэш акаунт функциясы бар, онда ай сайынғы купондық төлемдер мен бонд мерзімі аяқталғанда негізгі төлем жиналады. Инвесторлар бұл қаражатты өздерінің банк шоттарына аударып, немесе еш комиссиясыз қосымшаның ішінде тағы да инвестиция жасауға пайдалана алады.
Tabys App — Astana International Exchange биржасы 2020 жылы ашқан мобильдік қосымша. Бұл жобаның мақсаты қазақстандықтардың қаржылық және инвестициялық сауаттылығын арттыру. Бірнеше жыл ішінде қосымшада $17 миллионға сауда жасалып, ұлттық компаниялардың IPO/SPO кезінде 1,8 миллиард теңгеге 12 мың өтінім қабылданды.
Анықтамалық ақпарат:
AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX-ке сауда платформасын да ұсынатын NASDAQ AIX акционерлері болып табылады. Биржа ағылшын құқығының қағидаларына негізделген нормативтік-құқықтық база шеңберінде жұмыс атқарады, осы арқылы сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы жеке және мемлекеттік кәсіпорындар үшін қаржыландыру тартудың айқын және қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде белсенді капитал нарығын дамыту болып табылады. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы шеңберіндегі инфрақұрылымдық жобаларды дамытады. Толығырақ ақпарат сілтеме бойынша қолжетімді: www.aix.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz