AFSA лицензиясы жоқ цифрлық активтер платформалары туралы ескертеді

«Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» Заңының 11-бабының 5-тармағына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығының қолданыстағы құқығына немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген тиісті лицензия немесе рұқсат болмаған жағдайда Қазақстан Республикасы аумағында цифрлық активтердің айналымын ұйымдастыруға тыйым салынатынын еске салады.

Осыған байланысты AFSA нарық қатысушыларын Қазақстан Республикасы азаматтарына АХҚО және Қазақстан Республикасының қолданыстағы реттеуі шеңберінде тиісті рұқсат, лицензия немесе тану мәртебесі болмастан өз қызметтерін жарнамалайтын немесе ілгерілететін крипто- немесе цифрлық активтер саудасына арналған лицензиясы жоқ платформаларды пайдаланумен байланысты тәуекелдер туралы ескертеді.

Аталған ескерту, атап айтқанда, келесі атаулармен, брендтермен немесе тауар белгілерімен белгілі платформаларға* қатысты*:

  • OKX
  • HTX
  • Bitget
  • MEXC

AFSA тек AFSA лицензиясын алған ұйымдар ғана АХҚО аумағында немесе одан тыс жерлерде реттелетін қызметті, оның ішінде цифрлық активтермен байланысты қызметтерді заңды түрде жүзеге асыруға құқылы екенін еске салады.

Тұтынушылар үшін негізгі тәуекелдер

Лицензиясы жоқ цифрлық активтер платформаларын пайдалану келесі тәуекелдерге әкелуі мүмкін:

  • лицензиясы жоқ платформаларға қатысты реттеуші бақылаудың болмауына байланысты құқықтары мен мүдделерін қорғаудың құқықтық тетіктерінің болмауы;
  • мұндай платформаларда ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы (АЖ/ТҚҚ) шаралардың жеткіліксіз болуына байланысты адал инвесторлардың алаяқтық схемаларға және заңсыз цифрлық актив айналымына тартылу тәуекелі;
  • жаңылыстыратын немесе агрессивті жарнама (онлайн-промо, бонустық бағдарламалар, рефералдық науқандар) негізінде қабылданған инвестициялық шешімдер салдарынан инвестицияларды жоғалту тәуекелінің жоғарылауы;
  • дербес деректердің таралуы, активтердің жоғалуы және оларды қадағалаудың қиындауы, сондай-ақ киберқауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан алаяқтықтың құрбаны болу, техникалық ақауларға тап болу немесе өз қаражатын шығара алмау тәуекелдерінің артуы.

Лицензиясы жоқ платформалар спот сауда, маржиналдық сауда, фьючерстер, опциондар, стейкинг, P2P қызметтері сияқты өнімдер мен қызметтерге, сондай-ақ жоғары құбылмалы немесе сапасы төмен цифрлық активтерді листингке шығару мүмкіндігін көбінесе реттелетін ұйымдарға тән қорғаныс тетіктерінсіз ұсынуы мүмкін.

Тұтынушылар үшін маңызды ақпарат

Платформаның:

  • халықаралық деңгейде танымал болуы;
  • веб-сайтының болуы;
  • мобильді қосымшасының болуы;
  • әлеуметтік желілерде белсенді болуы;
  • кеңінен жарнамалануы,

оның AFSA тарапынан лицензияланғанын немесе АХҚО шеңберінде реттелетін қызмет көрсетуге құқылы екенін білдірмейді.

Лицензиясы жоқ компаниялармен жұмыс істейтін тұлғалар реттелетін ұйымдарға берілетін қорғау, стандарттар мен кепілдіктерге ие болмайды.

Күмәнді немесе жаңылыстыратын жарнама анықталған жағдайда AFSA күмәнді сілтемелерге өтпеуді, ақша аудармауды және компанияның реттеушілік мәртебесі тексерілгенге дейін жеке немесе төлем деректерін ұсынбауды ұсынады.

AFSA ұсынымдары

Цифрлық активтер платформасын пайдаланар алдында AFSA келесілерді ұсынады:

  • компанияның AFSA лицензиясы бар екенін немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рұқсаты бар екенін тексеру;
  • ұсынылатын өнімдер мен қызметтерді және оларға байланысты тәуекелдерді мұқият зерделеу;
  • реттеушілік мәртебесі анық емес немесе расталмаған компанияларға ақша немесе цифрлық активтер аудармау;
  • жеке басын куәландыратын құжаттарды, банк деректерін, крипто әмияндарға қолжетімділікті немесе бір реттік кодтарды үшінші тұлғаларға бермеу;
  • жоғары табыс уәде ететін, жоғары левередж ұсынатын немесе инвестицияны «төмен тәуекелді» немесе «кепілдендірілген» деп көрсететін платформаларға ерекше сақтықпен қарау;
  • күмәнді жарнама анықталған жағдайда дәлелдерді (скриншот, сілтеме) сақтап, ресми арналар арқылы уәкілетті органдарға жүгіну.

Егер платформа АХҚО юрисдикциясында тіркелген немесе солай көрсетілсе, келесі байланыс арналары: [email protected] немесе AFSA сайтындағы тұтынушылар бөлімі арқылы хабарласуға болады. Қазақстан Республикасы аумағындағы күмәнді жарнама бойынша ақпаратты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне eOtinish порталы арқылы немесе басқа қолжетімді тәсілдермен жолдау қажет.

AFSA сондай-ақ компанияның реттеушілік мәртебесін AFSA ресми Жария тізілімі арқылы тексеруді ұсынады: https://publicreg.myafsa.com

Цифрлық активтер айналымын реттеу Қазақстан Республикасында AFSA қадағалауы аясында да, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұлттық реттеушілердің (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі) қатысуымен жүзеге асырылатынын ескеру қажет.

Бұл хабарлама тек ақпараттық сипатқа ие және заңдық, қаржылық немесе инвестициялық кеңес болып табылмайды, сондай-ақ қандай да бір тұлғаның немесе ұйымның реттеушілік мәртебесіне баға бермейді.

* AFSA тыйым салынған платформалардың тізімін жүргізбейді. Компанияның Жария тізілімде болмауы оның АХҚО аумағында немесе одан тыс реттелетін қызметті жүзеге асыруға AFSA тарапынан лицензияланбағанын білдіреді, алайда оның Қазақстан Республикасындағы мәртебесін уәкілетті мемлекеттік органдар айқындайды.

Анықтамалық ақпарат:

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Ол «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және онымен байланысты қызмет түрлерін реттейді. АХҚО-ның ережелері мен қағидалары қаржылық компаниялар мен нарық институттарын лицензиялау, тіркеу, аккредитациялау және қадағалау мәселелерін қамтиды. afsa.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді бизнес жүргізуге, инвестициялар тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz

Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті, [email protected]

AIFC Services Assistant