АХҚО-да Орталық Азияда тұрақты қаржыландыруды дамытуға арналған CASI академиясының ресми ашылуы өтті

23 сәуір күні «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында Орталық Азиядағы CASI академиясының ресми ашылуына арналған іс-шара өтті. Бұл – өңірде тұрақты қаржыландыру саласындағы құзыреттерді дамытуға бағытталған білім беру және институционалдық бастама. Іс-шараны Жасыл инвестициялар қағидаттарының (Green Investment Principles, GIP) өңірлік өкілі болып табылатынАХҚО-ның Жасыл қаржы орталығы GIP хатшылығымен және Capacity-building Alliance of Sustainable Investment (CASI) халықаралық бастамасымен бірлесіп ұйымдастырды.

«Орталық Азияда тұрақты қаржыландыру әлеуетін дамыту: CASI академиясын іске қосу және GIP/CASI өңірлік өкілдігімен ынтымақтастықты нығайту» атты бизнес-іс-шара қаржы институттарының, реттеуші органдардың, халықаралық ұйымдардың өкілдерін және салалық сарапшыларды біріктірді.

CASI академиясының іске қосылуы Орталық Азияда тұрақты және климаттық қаржыландыруды жүйелі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, сондай-ақ өңірдің жасыл экономика қағидаттарын ілгерілетудегі рөлін күшейтеді. Бастама аясында халықаралық деңгейде танылған білім беру бағдарламалары мен сертификаттау ұсынылады, оның ішінде орыс тіліндегі курстар да бар, бұл өңір мамандары үшін тұрақты қаржыландыру саласындағы білімге қолжетімділікті кеңейтеді.

Сертификаттау бағдарламасы қаржы институттары мен инвестициялық қорлардың қызметкерлерін, «жасыл» жобаларды әзірлеушілерді, ESG-кеңесшілерді, реттеуші органдар мен орталық банктердің өкілдерін, сондай-ақ жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушыларын қоса алғанда, мамандардың кең ауқымына арналған. Оқу бағдарламасы тұрақты қаржыландыру негіздері мен ESG қағидаттарын, климаттық тәуекелдерді басқару мен климаттық инвестицияларды, «жасыл» және өтпелі қаржы құралдары мен нарықтарын, ESG факторларын инвестициялық шешімдерге енгізуді, көміртек нарықтары мен табиғатқа негізделген қаржыландыруды, сондай-ақ халықаралық стандарттар, таксономиялар мен реттеушілік тәсілдерді қамтиды. Оқу онлайн-модульдер форматында икемді кесте бойынша өткізіледі, бұл қатысушыларға курстарды өздеріне ыңғайлы қарқынмен меңгеруге мүмкіндік береді, әрі қарай қорытынды емтихандар тапсырылады.

Іс-шарада құттықтау сөз сөйлегендер қатарында GIP тең төрағасы және CASI төрағасы Ма Цзюнь, сондай-ақ АХҚО Жасыл қаржы орталығының бас директоры Манас Гиждуаниев болды. Олар өз сөздерінде тұрақты және төмен көміртекті экономикаға көшу үдерісін жеделдетуде кәсіби құзыреттерді дамыту мен трансшекаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара аясында бейресми пікірталас пен панельдік сессия өтті, оған Еуразиялық даму банкі, Қазақстанның Даму банкі, білім беру институттары және жеке сектор өкілдері қатысты. Талқылау барысында тұрақты инвестицияларды жұмылдыру, институционалдық әлеуетті нығайту, сондай-ақ Орталық Азияда климаттық қаржыландыруды ауқымдандырудың тиімді шешімдері қарастырылды.

Қатысушылар кәсіби әлеуетті дамытуға және мемлекет, бизнес пен білім беру институттары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ортақ бейілділігін білдірді.

Анықтамалық ақпарат:     

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді бизнес жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz

АХҚО Жасыл қаржы орталығы — Қазақстан мен Орталық Азияда орнықты қаржыландыру нарығын дамытуға жәрдемдесу мақсатында құрылған мамандандырылған ұйым. Негізгі мақсаты — жасыл және әлеуметтік облигацияларды қоса алғанда, заманауи қаржы құралдары арқылы орнықты экономикаға инвестиция тарту. Өңірлік талдау орталығы ретінде ұйым мемлекеттік органдарға, квазимемлекеттік құрылымдарға және кәсіпкерлерге жасыл қаржы мен орнықты даму саласында стратегиялық және консультациялық қызметтер көрсетеді. Сонымен қатар, АХҚО биржасында жасыл облигацияларды шығару процесінің барлық кезеңдерінде әлеуетті эмитенттерге, инвесторларға және нарық қатысушыларына жан-жақты қолдау көрсетеді.

АХҚО баспасөз қызметі 

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы 

E-mail: [email protected]

AIFC Services Assistant