АХҚО Шанхай бизнесіне инфрақұрылымнан бастап панда-бондтарға дейін жобаларды ұсынды

2026 жылғы 28 сәуірде Шанхай қаласында АХҚО Шанхай қор биржасымен бірлесіп AIFC Connect: Shanghai 2026 іскерлік іс-шарасын өткізді. Іс-шараның мақсаты – Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік байланыстарды нығайту, жаңа серіктестіктер орнату және шетелдік кәсіпкерлерді АХҚО алаңы арқылы бірлескен жобаларды іске асыруға тарту. Шанхайдағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығының, сондай-ақ ITS, Freedom Holding Corp., Solidcore Resources және KAZ Minerals компанияларының қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараға Қазақстан мен Қытайдың бизнесі мен қаржы институттарының 150-ден астам өкілі жиналды.

Іс-шараның іскерлік бағдарламасы АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров, Қазақстан Республикасының Шанхайдағы бас консулы Нұрлан Аққошқаров, Шанхай қаласы Халық үкіметі мен Шанхай қор биржасы өкілдерінің құттықтау сөздерімен ашылды. Олар инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға, капитал нарықтарын ықпалдастыруға және екіжақты іскерлік өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударды.

Сондай-ақ іс-шара аясында АХҚО, Жасыл қаржы орталығы, KAZ Minerals Management, Solidcore Eurasia, ITS CSD және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысқан питч-таныстырылымдар сериясы өтті. Онда AIFC Connect қатысушыларына тау-кен металлургия кешенінен бастап инфрақұрылымдық жобаларға, цифрлық шешімдер мен «жасыл» қаржыландыру құралдарына дейінгі инвестициялық бағыттардың кең ауқымы ұсынылды.

АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров: «Біз Қытай бизнесі тарапынан Қазақстанға деген қызығушылықтың тұрақты өсіп келе жатқанын байқап отырмыз. Бұл, соның ішінде, елдің Транскаспий халықаралық көлік бағдары мен «Бір белдеу, бір жол» бастамасын қоса алғанда, негізгі халықаралық көлік және инвестициялық бастамалардағы рөлімен байланысты. Ал АХҚО-да трансұлттық жобаларды құрылымдауға мүмкіндік беретін барлық қажетті инфрақұрылым қалыптасқан. АХҚО инвесторларға бірегей артықшылықтар ұсынады, олар: ағылшын жалпы құқығы қағидаттарына негізделген құқықтық режим және әлемдік деңгейдегі реттеу», – деп атап өтті.

Қытай бизнесінің Қазақстанға қызығушылығының артуы статистикамен де расталады. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Қазақстанда Қытай капиталының қатысуымен 8,3 мың компания жұмыс істейді. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, екі ел арасындағы тауар айналымы 2023 жылғы 41 млрд доллардан 2025 жылы 48,7 млрд долларға дейін өскен.

Қазақстан Республикасының Шанхайдағы Бас консулы Нұрлан Аққошқаров былай деп атап өтті: «Қазақстан мен Қытай – жоғары деңгейдегі өзара сенімге және тұрақты даму жөніндегі ортақ ұстанымға негізделген стратегиялық серіктестер. Қытай Қазақстанның жетекші сауда серіктестерінің бірі болып табылады. Екі ел арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд АҚШ долларына жетті».

Қазақстан мен Қытайдың капитал нарықтарын ықпалдастыру перспективаларын талқылауға «Самұрық-Қазына» АҚ, CICC, Freedom Broker және Jiaxin International Resources Investment Ltd. өкілдері қатысты.

Іс-шара аясында сондай-ақ АХҚО Жасыл қаржы орталығы мен Халықаралық жасыл экономика қауымдастығы (IGEA) арасында экологиялық бастамаларды бірлесіп дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. АХҚО Жасыл қаржы орталығы – «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Орталық Азиядағы GIP өңірлік бөлімшесі болып табылады. 23 сәуірде АХҚО алаңында Орталық Азиядағы CASI академиясының ресми ашылуы өтті – бұл өңірде орнықты қаржыландыру саласындағы құзыреттерді дамытуға бағытталған білім беру және институционалдық бастама.

Өз кезегінде AIFC Insights талдау орталығы іс-шара қатысушыларына Орталық Азия мен Кавказдың капитал нарықтары туралы есеп ұсынды. Сарапшылар Қазақстанның өңірдегі қаржы көшбасшысы ретіндегі мәртебесін нығайтқанын атап өтті: 2025 жылғы қыркүйек айындағы жағдай бойынша айналыстағы облигациялардың жалпы көлемі 81 млрд АҚШ долларын құрады.

Іскерлік кездесудің негізгі жаңалықтарының бірі – Шанхай қор биржасы акционерлерінің бірі болған AIX биржасында юаньмен номинирленген облигацияларды (панда-бондтарды) листингке шығару мүмкіндіктерін кеңейту туралы хабарлама болды. Бұл қадам АХҚО-ның трансшекаралық қаржыландыру платформасы ретіндегі позициясын күшейтіп, инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларға капитал тартудың қосымша арналарын ашады. Биыл сәуір айында AIX Қазақстанда және Орталық Азияда алғаш рет «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 3 млрд юань көлеміндегі панда-бондтарын сәтті орналастырғанын айта кету керек.

Сонымен қатар АХҚО бірқатар жаңа бастаманы таныстырды. Олардың қатарында геологиялық барлауға инвестициялар тартуға бағытталған, өңірдегі алғашқы юниорлық тау-кен компанияларына арналған платформа бар. Қазақстан аумағының 65%-дан астамы әлі де жеткілікті зерттелмегенін ескерсек, бұл өте маңызды әрі өзекті бастама.

Жаһандық декарбонизация сұранысына жауап ретінде халықаралық экологиялық құралдармен, соның ішінде I-REC және көміртек кредиттерімен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін AIFC Carbon Platform өңірлік көміртек платформасы таныстырылды.

Сонымен қатар қатысушыларға әуе кемелерін лизингтеу және қаржыландыру мәмілелерін құрылымдауға арналған АХҚО авиациялық хабының мүмкіндіктері ұсынылды.

Форум соңында екі елдің бизнесі мен қаржы институттары өкілдері арасындағы ынтымақтастық форматтары талқыланған B2B кездесулер сериясы өтті.

Анықтамалық ақпарат:   

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz

AIFC Connect – қаржы және өнеркәсіп салаларындағы компаниялардың сарапшылар мен топ-менеджерлері АХҚО бастамаларымен және Қазақстандағы бизнес жүргізуге арналған инвестициялық мүмкіндіктермен танысатын эксклюзивті кездесулер форматы. Бұған дейін AIFC Connect кездесулері Сингапурда, Лондонда, Дубайда, Абу-Дабиде, Сеулде, Гонконгта және Бейжіңде өткен. 

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы

E-mail: [email protected]

AIFC Services Assistant