АХҚО академиясының білім беру бағдарламалары Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде оқытылатын болады
24 сәуір күні Өскемен қаласында «Астана» халықаралық қаржы орталығының академиясы әзірлеген майнор-бағдарламаларды Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне (ШҚУ) тапсыру рәсімі өтті. Білім беру модульдері заманауи қаржының негізгі тақырыптарын қамтып, студенттердің өзекті білім алуына және еңбек нарығындағы сұранысын арттыруға ықпал етеді.

Майнор-бағдарламалар – сертификаттық сипаттағы қысқа мерзімді курстар, олар жоғары оқу орындарының жалпы білім беру бағдарламаларының құрамына кіреді. Әдетте мұндай бағдарламалардың ұзақтығы олардың түрі мен күрделілігіне қарай 3-тен 4 айға дейін созылады.
АХҚО академиясының жоба жетекшісі Айгүл Қазбекова: «Майнор-бағдарламалар студенттерге қаржы нарығының қарқынды өзгеріс үстіндегі талаптарына барынша жылдам бейімделуге мүмкіндік береді. Біз тек теорияны ғана емес, сонымен қатар практикалық бағыттағы құралдарды ұсынамыз. Бұл Өскемен түлектеріне жұмысқа орналасу барысында үлкен артықшылық береді. Біздің мақсатымыз – академиялық база мен нақты бизнес арасындағы көпір құру, ал С. Аманжолов атындағы ШҚУ-мен серіктестік Қазақстанның жаңа экономикасы үшін кадрлық резерв қалыптастырудағы маңызды кезең», – деп атап өтті.

Тапсырылған майнор-бағдарламалардың қатарында «Туынды бағалы қағаздар – опциондар», «Активтерді басқару», «Қаржы нарығын реттеу», «Халықаралық коммерциялық дауларды шешу» сияқты курстар бар. Бұл пәндерді меңгеру ШҚУ студенттеріне қаржы саласында кәсіби дағдыларын кеңейтуге қосымша мүмкіндіктер ашады.
С. Аманжолов атындағы ШҚУ басқарма төрағасы – ректорМұхтар Төлеген:«Білім беру курстарын жоғары деңгейде әзірлегені және заманауи тәсілі үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығы академиясына ерекше алғыс білдіремін. Сіздердің кәсібиліктеріңіздің, өзекті білім мен халықаралық стандарттардың енгізілуінің арқасында біздің студенттер уақыт талаптарына және жаһандық еңбек нарығына сай сапалы білім алатын болады», – деп атап өтті.
Майнор-бағдарламаларды АХҚО академиясы Freedom Шапағат корпоративтік қоры арқылы Freedom Broker қолдауымен әзірледі.
«Freedom Шапағат» корпоративтік қорының басқарушы директоры Руслан Жұмашев: «Freedom Holding Corp. пен «Freedom Шапағат» қоры үшін білім беруді дамыту стратегиялық басымдық. С.Аманжолов атындағы ШҚУ-мен серіктестік – өңірлік жоғары оқу орындарын қолдаудағы және Шығыс Қазақстан студенттерінің әлеуетін ашудағы маңызды қадам. АХҚО академиясының майнор-бағдарламаларын енгізу ШҚУ студенттеріне практикалық бағыттағы білім алуға және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді.

Майнор-бағдарламаларды университеттің оқу үдерісіне енгізу келесі оқу жылынан басталады деп күтілуде. Студенттер бұл курстарды таңдап, қаржы саласының негізгі бағыттары бойынша білімдерін тереңдете алады.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті – Қазақстандағы жетекші көпбейінді жоғары оқу орындарының бірі, Шығыс өңірінің білім, ғылым және мәдениет орталығы. Университет түрлі бағыттағы мамандықтар бойынша кадрлар даярлап, инновациялық білім беру технологияларын енгізеді.
Freedom Шапағат корпоративтік қоры – білім, мәдениет, спорт және орнықты даму салаларындағы ESG-жобаларды жүзеге асыратын әлеуметтік бағыттағы қор. Қордың құрылтайшысы – Freedom Holding Corp.
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы
E-mail: [email protected]