AIX Биржасы Altyn Orman компаниясының жасыл облигацияларының дебюттік шығарылымын хабарлайды
Astana International Exchange («AIX», «Биржа») «Алтын Орман и К» ЖШС шығарған жасыл купондық облигациялардың бірінші траншы AIX-те листингке енгізіліп, сауда-саттыққа жіберілгенін хабарлайды.
Бірінші транштың көлемі 500 млн теңгені құрады, айналым мерзімі — үш жыл. Шығарылым 5 млрд теңге көлеміндегі жасыл облигациялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Шығарылым аясында тартылған қаражат жоғары сапалы ағаштарды өсіру, толық циклді орман тәлімбақтарын кеңейтуге және одан әрі дамытуға жұмсалады. Жоба жеке орман өсіру бастамаларын қолдауға, Мемлекеттік орман қорының орманды қалпына келтіру бағдарламаларына қатысуға, сондай-ақ қалалық және ауылдық аумақтарды көгалдандыруды дамытуға бағытталған.
AIFC Green Finance Centre шығарылым бойынша кеңесші ретінде қатысып, мәмілені құрылымдауға қолдау көрсетті.
AIX Басқарма төрайымы Асель Мұкажанова атап өтті:
«Тұрақты қаржыландыру құралдарының желісін кеңейту AIX үшін маңызды бағыт болып қала береді. Біз нарықтағы тұрақты қызығушылықты және бизнес тарапынан экологиялық бастамаларды қолдаудың артып келе жатқанын байқап отырмыз. Сонымен қатар, инвесторлардың осындай құралдарға деген сұранысы сақталуда, бұл өз кезегінде эмитенттер мен инвестициялық қоғамдастық мүдделерінің үйлесімділігін растайды».
Анықтамалық ақпарат:
AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX сауда платформасын ұсынатын NASDAQ биржасы бар. Биржа ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта аясында жұмыс істейді, осылайша сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. Толығырақ: www.aix.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) — халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді бизнес жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz