AFSA өңірлік ынтымақтастық және қаржы нарықтарын интеграциялау мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі дөңгелек үстел өткізді
2026 жылғы 9 қыркүйекте Astana Finance Days 2026 форумы аясында АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) «Фрагментациядан интеграцияға: қаржы нарықтарын нығайту жолындағы өңірлік ынтымақтастық» атты жоғары деңгейдегі дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараға Грузия, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстанның қаржы реттеушілері мен нарық қатысушыларының, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдары мен даму институттарының өкілдері қатысты.
Евгения Богданова, AFSA бас директоры: «Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың қаржы нарықтары қарқынды дамып келеді және трансшекаралық инвестициялар мен қаржылық белсенділік артқан сайын реттеушілер арасындағы тығыз ынтымақтастықтың маңызы да арта түсуде. Реттеушілік диалогты нығайтып, өзара байланыстарды дамытып және нарықтарымыз арасындағы кедергілерді азайта отырып, біз неғұрлым интеграцияланған әрі тартымды өңірлік қаржы экожүйесін қалыптастыра аламыз. Бұл үдерісте АХҚО өңірлік қаржы хабы ретінде маңызды рөл атқарады: ол нарықтарды, инвесторлар мен қаржы институттарын байланыстырып, трансшекаралық қаржылық қызмет үшін халықаралық деңгейде танылған реттеушілік ортаны ұсынады. AFSA осы әлеуетті бизнес пен инвесторлар үшін нақты мүмкіндіктерге айналдыру мақсатында өңірдегі серіктестерімізбен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті», — деп атап өтті.
Дөңгелек үстелге қатысушылар трансшекаралық капитал ағындарына кедергі келтіретін негізгі тосқауылдарды, сондай-ақ қаржы нарықтарына қолжетімділікті кеңейту, өзара тану, ақпарат алмасу және қадағалау саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі практикалық шараларды талқылады.
Өңірлік нарықтық инфрақұрылымды, трансшекаралық қаржы өнімдері мен инвестициялық дәліздерді дамытуға, сондай-ақ реттеушілік тәсілдерді үйлестіруге, қадағалау органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге және өңірдің қаржы нарықтарының интеграциясын нығайтудағы цифрландырудың рөліне ерекше назар аударылды.
Талқылауға Азия даму банкінің, Еуропалық қайта құру және даму банкінің, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық қаржы корпорациясының, Bloomberg компаниясының, сондай-ақ Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдерінің қор биржаларының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың қаржы нарықтарындағы реттеушілік ынтымақтастықты одан әрі дамыту және трансшекаралық интеграцияны арттырудың практикалық бағыттарын айқындады. Талқылау өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін реттеушілер мен нарық қатысушылары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын растады.
Анықтама үшін:
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Оның мақсаты – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу. АХҚО актілері мен қағидаларында қаржы компаниялары және нарықтық институттарды лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу мен қадағалау мәселелерін көзделген. afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz
AFSA Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті, [email protected]