AFSA өзі таныған реттеушілік режимдер шеңберінде лицензияланған фирмалар үшін жеделдетілген авторизациялау рәсімін енгізді

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) өзі таныған реттеушілік режимдер шеңберінде лицензияланған және қадағалаудағы қаржы фирмалары үшін жеделдетілген авторизациялау рәсімін енгізді. Жаңа тетік олардың «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) нарығына шығуын жеңілдетуге бағытталған.

Жаңа тәсіл AFSA-ға белгіленген критерийлерге сәйкес келетін фирмаларға пропорционалды және оңтайландырылған рәсімді қолдануға мүмкіндік береді. Бұл авторизациялау процесінде талаптардың қайталануын азайта отырып, АХҚО-ның нормативтік-құқықтық базасында көзделген реттеушілік стандарттарды сақтауға мүмкіндік береді.

Жеделдетілген рәсім аясында AFSA өтініш берушінің реттеушілік тарихын, оның бұған дейінгі қызметінің нәтижелерін және қолданыстағы лицензиялық мәртебесін ескере алады. Белгіленген критерийлерге сәйкес келетін өтініш берушілер құжаттардың қысқартылған пакетін ұсына алады. Бұл ретте жекелеген мәселелер, орынды болған жағдайда және тәуекел деңгейін ескере отырып, авторизация алынғаннан кейін кейінгі қадағалау шеңберіндегі өзара іс-қимыл барысында қарастырылуы мүмкін.

Танылған реттеушілік режимдердің бастапқы тізіміне: Ұлыбританияның Қаржылық реттеу және қадағалау басқармасы (FCA); Австралияның Бағалы қағаздар және инвестициялар жөніндегі комиссиясы (ASIC); Сингапурдың Ақша-кредит басқармасы (MAS); Гонконгтың Бағалы қағаздар және фьючерстер жөніндегі комиссиясы (HK SFC); Гонконгтың Валюта-қаржы басқармасы (HKMA); Абу-Даби жаһандық нарығының Қаржылық қызметтерді реттеу басқармасы (ADGM FSRA); Дубайдың Қаржылық қызметтерді реттеу басқармасы (DFSA); Катар қаржы орталығының Реттеу басқармасы (QFCRA) кірді.

Алдағы уақытта AFSA танылған реттеушілік режимдердің тізімін өзгерте немесе кеңейте алады. Реттеушілік режимді тану туралы шешім қабылдау кезінде AFSA, атап айтқанда, фирманың шыққан еліндегі реттеушінің авторизациялау, қадағалау және құқық қолдану жүйесінің тиімділігін, қадағалау саласындағы ынтымақтастық пен ақпарат алмасу тетіктерінің болуын, сондай-ақ халықаралық деңгейде танылған стандарттардың сақталуын ескереді.

AFSA Бас атқарушы директоры Евгения Богданова: «Жеделдетілген авторизациялау рәсімі өз юрисдикцияларында қатаң реттеу мен қадағалауға алынған, нарықта өзін танытқан қаржы компанияларының АХҚО нарығына неғұрлым тиімді шығуына жағдай жасауға бағытталған. Пропорционалды тәсілді қолдану және орынды болған жағдайда басқа реттеушілермен жасалған өзара түсіністік туралы меморандумдарда көзделген реттеушілік ынтымақтастық тетіктерін пайдалану арқылы біз АХҚО-да қолданылатын реттеу стандарттары мен қадағалау тетіктерін сақтай отырып, реттеушілік бағалаулар мен ақпарат сұратудың қажетсіз қайталануын азайта аламыз. Бұл тәсіл өңірде өз қызметін жүзеге асыруға және қатысуын қамтамасыз етуге мүдделі беделді халықаралық қаржы ұйымдары үшін АХҚО-ның қолжетімділігін арттырады деп күтеміз», – деп атап өтті.

Жеделдетілген авторизациялау рәсімі бірқатар реттелетін қызмет түрлеріне қолданылады. Олардың қатарында принципал немесе агент ретінде инвестициялармен мәмілелер жасау, инвестицияларды басқару, ұжымдық инвестициялық қорларды басқару, қорларды әкімшілендіру, инвестициялар бойынша кеңес беру және инвестициялық мәмілелерді ұйымдастыру, кастодиандық қызметтер көрсету, өкілдік қызметін жүзеге асыру, сондай-ақ кредит беру мәселелері бойынша кеңес беру және кредит беруді ұйымдастыру бар.

Белгіленген критерийлерге сәйкес келетін фирмалар қолданылатын талаптар мен рұқсат етілген қызметтің белгіленген ауқымын сақтай отырып, АХҚО-да өзінің қатысуын бірнеше нысанның бірі арқылы, оның ішінде еншілес ұйым, филиал немесе өкілдік арқылы қамтамасыз ете алады.

Жеделдетілген авторизациялау шаралары тек авторизациялау рәсіміне қолданылады және AFSA-ның ағымдағы қадағалау мен құқық қолдану саласындағы өкілеттіктеріне әсер етпейді. Тәуекел деңгейіне байланысты AFSA қосымша мәліметтерді немесе құжаттарды сұрату, қосымша бағалау жүргізу немесе өтінішті қарауды стандартты авторизациялау рәсіміне ауыстыру құқығын өзіне қалдырады.

Толық талаптар мен сәйкестік критерийлері AFSA өзі таныған реттеушілік режимдер шеңберінде лицензияланған фирмаларды жеделдетілген авторизациялау туралы AFSA хабарламасында баяндалған. Құжатпен мына сілтеме бойынша танысуға болады:

AFSA-ның 2026 жылғы 20 тамыздағы № AFSA-ATD-NOT-2026-0018 хабарламасы

Анықтама үшін:   

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) – Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңына сәйкес құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. Оның мақсаты – «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметтерді және оларға байланысты қызметті реттеу. АХҚО актілері мен қағидаларында қаржы компаниялары және нарықтық институттарды лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу мен қадағалау мәселелерін көзделген. afsa.kz  

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz  

AFSA Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті [email protected]  

AIFC Services Assistant