АХҚО Astana Finance Days 2026 аясында креативті жобалар мен жеке капиталды біріктірді 

Creative Pitch Day 2026 аясында кино, музыка, ойындар әзірлеу және цифрлық контент салаларындағы 19 жоба таныстырылды. Питч-сессия қорытындысы бойынша инвесторлар мен жоба командалары 9 ниетхаттарға қол қойды.

2026 жылғы 10 қыркүйекте АХҚО «Astana Finance Days 2026: Delivering Impact. Capital in Action» IX форумы аясында “Креативті индустриялар – жаңа активтер санаты: кино, музыка, ойын индустриясына және цифрлық контентке инвестицияларды тарту” тақырыбында панельдік пікірталас және Creative Pitch Day 2026 пилоттық инвестициялық питч-сессиясын өткізді.

Іс-шаралар креативті бизнес, венчурлық қорлар, цифрлық платформалар, салалық ұйымдар және стратегиялық әріптестер өкілдерінің басын қосты. Бағдарламаның негізгі тақырыбы шығармашылық жобалар мен зияткерлік меншікті коммерциялық тұрғыдан орнықты әрі инвестиция үшін тартымды активтерге айналдыру болды.

Панельдік пікірталасқа ōzen негізін қалаушы Айзатұлла Хуссейн, Cyber Temple бизнесті дамыту жөніндегі бас директоры Олжас Ақпаров, TikTokтың Шығыс Еуропа және Орталық Азиядағы бизнесті дамыту департаментінің басшысы Юлия Кушнир, Alem Capital Management Limited бас атқарушы директоры Аскар Билисбеков қатысты. Модератор қызметін Қазақстан креативті индустриялар альянсының президенті Давид Туганов атқарды.

Қатысушылар музыка, ойын индустриясы және цифрлық контент салаларындағы зияткерлік меншіктің құнын қалыптастыру тетіктерін, нарықтық сұраныстың тұрақтылығын көрсететін көрсеткіштерді және креативті бизнеске жеке капитал тарту үшін қажетті жағдайларды талқылады. Музыкалық құқықтарды қаржыландыруға, қазақстандық ойын өнімдерін халықаралық нарықтарға ілгерілетуге, аудиторияны бағалау кезінде цифрлық платформалардың деректерін пайдалануға және креативті компаниялардың инвестициялық тартымдылығының өлшемшарттарына ерекше назар аударылды.

Дискуссия қорытындысы бойынша қатысушылар зияткерлік меншікті құқықтары нақты айқындалған және қорғалған, сұранысы өлшенетін, монетизацияның орнықты моделі және өнімді ауқымдауға қабілетті командасы бар болған жағдайда инвестициялық актив ретінде қарастыруға болатынын атап өтті. Жобаның даму кезеңіне қарай оны дамыту үшін баспа және жобалық қаржыландыру, үлестік қатысу, болашақ түсімдерді бөлу модельдері, сондай-ақ зияткерлік меншікті пайдаланудан түсетін болашақ кірістер негізінде қаржыландыру тетіктері қолданылуы мүмкін. Музыкалық құқықтарды токенизациялауды қоса алғанда, жаңа құралдардың әлеуетіне де ерекше назар аударылды.

Дискуссияның практикалық жалғасы Creative Pitch Day 2026 болды. Бұл креативті кәсіпкерлер мен әлеуетті инвесторлар арасында тікелей өзара іс-қимыл орнатуға бағытталған пилоттық инвестициялық сессия. Ұйымдастырушыларға 100-ден астам өтінім келіп түсті, оның ішінде 63 жоба бағдарламаның салалық бағытына сәйкес келді. Бастапқы іріктеу қорытындысы бойынша 32 жоба келесі кезеңге өтті, ал 19 жоба финалдық қысқа тізімге еніп, инвесторларға таныстырылды.

Creative Pitch Day аясында бір ғана жеңімпазды анықтау көзделмеді: инвесторлар одан әрі қарау үшін өздерін қызықтырған жобаларды дербес таңдады. Таныстырылымдардан кейін командалар бизнес-модельдер, монетизация стратегиялары, зияткерлік меншікті қорғау, инвестициялық сұраныстардың құрылымы және халықаралық нарықтарға шығу әлеуеті жөнінде кәсіби кері байланыс алды.

Сессия жұмысына Tolqyn Film Fund, Creative Capital Fund, JAS Venture Studio, Qazaq Creative, Grand Games, Alem Capital Management, MOST Ventures, Creata Venture Studio, White Hill Capital, Rise Venture Studio, Қазақстан креативті индустриялар альянсы және «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ.

Питч-сессия қорытындысы бойынша инвесторлар мен жоба командалары арасындағы өзара іс-қимылды жалғастыруды көздейтін 9 ниетхаттарға  қол қойылды. Одан әрі жұмыс қосымша кездесулер өткізуді, қаржылық және заңдық құжаттаманы ұсынуды, жобаларға кешенді тексеру жүргізуді, қаржыландыру құрылымын талқылауды және инвестициялық немесе стратегиялық келісімдер жасасуды қамтуы мүмкін.

«Astana Finance Days аясында біз үшін креативті индустрияларды активтердің жаңа санаты ретінде талқылауды бастап қана қоймай, бұл талқылауды бірден практикалық арнаға бұру маңызды болды. Creative Pitch Day Қазақстанда инвесторлармен нақты диалогқа дайын жобалар пулы қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Қол қойылған 9 ниетхат жеке капиталдың нақты қызығушылығын растап, әлеуетті мәмілелер бойынша одан әрі жұмыс істеуге негіз қалыптастырады», – деп атап өтті АХҚО әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Жанболат Кәкішев.

Панельдік дискуссия мен Creative Pitch Day өткізу АХҚО-ның креативті индустриялар үшін қаржыландыру бағытын дамыту жолындағы кезекті қадамы болды. Алынған нәтижелер мен қатысушылардың кері байланысы жобаларды іріктеу және сүйемелдеу тетіктерін жетілдіруге, мамандандырылған қаржы құралдарын дамытуға, сондай-ақ креативті бизнес, инвесторлар және даму институттары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға пайдаланылатын болады.

Анықтамалық ақпарат

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнес ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы, сондай-ақ дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы

E-mail: [email protected]

AIFC Services Assistant