АХҚО авиациялық қаржыландыру жөніндегі өңірдегі алғашқы пилоттық есепті таныстырып, қазақстандық жүк авиакомпаниясы Jupiter Jet-тің алғашқы лизингтік мәмілесіне қолдау көрсетті
Astana Finance Days 2026 форумында авиация және қаржы салаларының өкілдері Қазақстан мен Орталық Азия нарықтарының капиталға деген қажеттілігін, авиациялық лизинг, әуе кемелерін қаржыландыру, әуежай инфрақұрылымы және басқа да стратегиялық активтерді қаржыландыру мүмкіндіктерін талқылады.
2026 жылғы 10 қыркүйекте «Astana Finance Days 2026: Delivering Impact. Capital in Action» IX форумы аясында «Қазақстан мен Орталық Азиядағы өңірлік авиациялық қаржыландыру нарығының ашылмаған әлеуеті» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, авиакомпаниялардың, жүк тасымалдаушылардың, әуежайлардың, қаржы институттарының, лизингтік компаниялардың және авиация саласының басқа да қатысушыларының өкілдері қатысты.
Қазақстан мен Орталық Азияның авиация нарығының қарқынды дамуы қаржыландыруға деген сұраныстың артуына алып келеді. Авиакомпаниялар әуе кемелері паркін кеңейтіп, жүк тасымалы секторы дамып, әуежайлар жаңғыртуға және өткізу қабілетін арттыруға инвестиция салуда. Осындай жағдайда бәсекеге қабілетті әрі орнықты капитал көздеріне қолжетімділік саланың одан әрі өсуінің негізгі факторларының біріне айналуда.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің халықаралық капиталды неғұрлым белсенді тарту және әуе кемелерін сатып алу мен лизингіне, әуежайларды жаңғыртуға және басқа да стратегиялық авиациялық жобаларды іске асыруға арналған қаржылық шешімдерді дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Авиациялық компаниялардың банктермен, инвесторлармен және халықаралық лизинг берушілермен өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды.
АХҚО Халықаралық азаматтық авиация ұйымымен (ИКАО) ICAO Finvest бастамасы аясында белсенді өзара іс-қимыл жасайды: тараптар арасында ниетхатқа қол қойылып, өзара түсіністік туралы меморандум жасасу жоспарлануда. ICAO Finvest платформасының серіктесі ретінде АХҚО тұрақты авиациялық отын (Sustainable Aviation Fuel, SAF) саласындағы жобалар бойынша ынтымақтастықты жүйелі түрде кеңейтіп келеді.
Осыған байланысты дөңгелек үстелдің тағы бір практикалық нәтижесі АХҚО мен Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) арасында SAF саласындағы бастамаларды қолдауға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою болды. Тараптар SAF жобаларын дамыту мүмкіндіктерін бірлесіп пысықтап, нарық қатысушыларының өзара іс-қимылына және қаржыландыру тартуға қолайлы жағдайлар жасауға жәрдемдесетін болады. Бұл ынтымақтастық ИКАО-ның халықаралық тәжірибесін, АХҚО-ның өңірлік салалық және инвестициялық сараптамасын, сондай-ақ ҚДБ-ның Қазақстанның стратегиялық бастамаларын қаржыландыру саласындағы құзыреттерін біріктіреді.
Іс-шара аясында АХҚО өзінің «Қазақстан мен Орталық Азиядағы авиациялық қаржыландыру: жаһандық трендтер және «Астана» халықаралық қаржы орталығының рөлі» атты алғашқы салалық есебін таныстырды. Зерттеуде әлемдік авиациялық қаржыландыру нарығының негізгі трендтері және Орталық Азия мен Кавказда саланы дамытудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылады. Есепте әуе кемелерін қаржыландырудың әртүрлі модельдері, оның ішінде операциялық және қаржылық лизинг, капитал нарықтарының құралдары және баламалы қаржыландыру көздері талданған. Авторлар авиациялық қаржыландырудың жетекші халықаралық орталықтары – Ирландия, Сингапур, Гонконг, Дубай және АҚШ-тың тәжірибесін де зерделеген.
Зерттеудің жеке бөлімі Орталық Азия мен Кавказдың авиация нарықтарының инвестициялық әлеуетіне, әуе кемелері паркінің кеңею перспективаларына, жолаушылар ағынының өсуіне және инвесторлар үшін ықтимал кіру бағыттарына арналған. Құжатта сондай-ақ ағылшынның жалпы құқығы қағидаттарына, дауларды шешудің тәуелсіз жүйесіне, қолайлы салықтық ортаға және Орталықтың дамыған қаржылық инфрақұрылымына негізделген әуе кемелерін қаржыландыру және лизинг мәмілелерін құрылымдау бойынша АХҚО мүмкіндіктері ұсынылған.
«Қазақстанның өңірлік авиациялық-қаржылық хаб ретіндегі позициясын нығайту мақсатында АХҚО авиациялық қаржыландыру экожүйесін дамыту үшін қажетті «жұмсақ» инфрақұрылымды қалыптастыруда. Біздің міндетіміз – қазақстандық компаниялардың халықаралық лизингке қолжетімділігін кеңейтіп қана қоймай, елімізде осындай күрделі өнімдермен жұмыс істеуге қажетті сараптаманы және ілеспе қызметтерді қалыптастыру. Перспективада бұл Қазақстанға авиациялық-қаржылық мәмілелерді құрылымдау және сүйемелдеу бойынша өңірлік алаңға айналуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті АХҚО әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Жанболат Кәкішев.
АХҚО-ның авиация бағытын дамытудың тағы бір нәтижесі қазақстандық Jupiter Jet жүк авиакомпаниясы үшін америкалық лизинг берушіден әуе кемесін лизингке алу жөніндегі алғашқы мәміленің аяқталуы болды.
AIFC Aviation Finance Hub Jupiter Jet компаниясына мәміленің негізгі кезеңдерінде, соның ішінде лизинг құрылымын әзірлеу және лизинг берушімен коммерциялық келіссөздер жүргізу барысында қолдау көрсетті. Лизингтік келісімнің сәтті жасалуы қазақстандық жүк авиакомпанияларының әуе кемелерін халықаралық лизингке алу жөніндегі мәмілелерге қатысуға дайын екенін көрсетті.
Jupiter Jet, JanaPort Ltd. және AIFC Aviation Finance Hub арасындағы өзара іс-қимыл авиакомпаниялар, әуежайлар және холдингтік құрылымдар әуе кемелері паркін кеңейту, операциялық тиімділікті арттыру және Орталық Азияның транзиттік әлеуетін дамыту үшін мамандандырылған қаржылық инфрақұрылымды қалай пайдалана алатынының практикалық мысалы болды.
AIFC Aviation Finance Hub Қазақстанда және өңірде авиациялық қаржыландыру экожүйесін қалыптастыру мақсатында құрылды. Хаб авиациялық компаниялардың халықаралық инвесторлармен, қаржы институттарымен және лизинг берушілермен өзара іс-қимылына жәрдемдесіп, сондай-ақ мәмілелерді құрылымдау және іске асыру кезінде практикалық қолдау көрсетеді.
«Авиациялық лизинг – коммерциялық, құқықтық және техникалық талаптарды синхрондауды қажет ететін күрделі тетік. Авиация халықаралық стандарттарға бағынатындықтан, жаңа ойыншылар үшін нарыққа шығу көбіне жоғары кедергілермен байланысты. Сондықтан жергілікті сараптаманы қалыптастырудың әлеуеті зор: жаһандық лизинг берушілерді АХҚО юрисдикциясына тарту Қазақстанның азаматтық авиациясының дамуына серпін беріп, сабақтас салалардың өсуіне ықпал етеді», – деп атап өтті АХҚО Авиациялық қаржы хабының басшысы Әсел Бағысова.
АХҚО нарықтың негізгі қатысушыларын біріктіруді, қазақстандық және өңірлік авиациялық компаниялардың халықаралық капитал көздеріне қолжетімділігін қамтамасыз етуді және Қазақстанда авиациялық қаржыландыру мен лизингке арналған мамандандырылған инфрақұрылым мен сараптаманы қалыптастыруды жалғастырады. Ұзақ мерзімді перспективада бұл экожүйенің дамуы Қазақстанға Орталық Азияның өсіп келе жатқан нарығына қызмет көрсететін авиациялық-қаржылық мәмілелерді құрылымдау және сүйемелдеу бойынша өңірлік алаңға айналуға мүмкіндік береді.
Анықтамалық ақпарат
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнес ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы, сондай-ақ дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы
E-mail: [email protected]