АХҚО инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасының құралдар тізіміне цифрлық активтерді қосты

АХҚО-да лицензияланған платформалар арқылы цифрлық активтерге инвестиция салу шетелдік инвесторларға инвестициялық салықтық резиденттік алуға мүмкіндік береді

АХҚО-ның Инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасы (ITRP) шетелдік инвесторлар үшін қолжетімді инвестициялық құралдар тізімін кеңейтуде. Бағдарламаны одан әрі дамыту шеңберінде қолданыстағы инвестициялау мүмкіндіктеріне жаңа құрал – цифрлық активтер қосылды. Бұл қатысушыларға инвестициялық портфель қалыптастырудың қосымша мүмкіндігін ұсынады.

Инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасы шетел азаматтарына Бағдарламада көзделген құралдарға инвестиция салып, кейін ұзақ мерзімді инвесторлық виза, сондай-ақ жеңілдетілген тәртіппен салықтық резиденттік алуға мүмкіндік береді. Бағдарламаға қатысу үшін белгіленген талаптарға да сәйкес келу қажет: өтініш беруші 18 жастан асқан болуы керек, Қазақстан Республикасының азаматы болмауы және соңғы 20 жыл ішінде Қазақстан Республикасының салықтық резиденті болмауы тиіс. Бұған дейін Бағдарламаға АХҚО-да тіркелген қорлардың акцияларына, қатысу үлестеріне, пайларына, АХҚО Биржасында (AIX) айналымдағы бағалы қағаздарға, сондай-ақ АХҚО-да тіркелген компаниялардың жарғылық капиталына инвестиция салу арқылы қатысуға болатын (екі құрал бойынша да инвестицияның ең төменгі көлемі 60 000 АҚШ долларын құрайды. Бұл сома Бағдарламаға қатысудың бүкіл кезеңі ішінде сақталуы тиіс). Енді шетелдік инвесторлар АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің (AFSA) лицензиясы бар цифрлық активтер операторлары арқылы қолжетімді цифрлық активтерге де инвестиция сала алады. Бұл құрал бойынша инвестицияның ең төменгі көлемі 150 000 АҚШ долларын құрайды. Бұл сома Бағдарламаға қатысудың бүкіл кезеңі ішінде сақталуы тиіс.

Бағдарлама аясының кеңеюі Қазақстандағы цифрлық активтер нарығының дәйекті түрде дамып келе жатқанын көрсетеді. 2026 жылы Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасында цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжат саланы реттеуді жетілдіруге, цифрлық қаржылық инфрақұрылымды дамытуға және елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған. Цифрлық активтердің Бағдарламаға енгізілуі цифрлық активтер индустриясын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатқа сәйкес келеді және АХҚО-ның реттелетін экожүйе шеңберінде инвесторларға заманауи инвестициялық құралдарды ұсынуға деген ұмтылысын көрсетеді.

«Біздің Бағдарламамыз халықаралық инвесторларға арналған құралдар тізімін кеңейтіп, инвестиция тартудың жаңа тетігі ретінде цифрлық активтерді қосты. Бұл инвесторларға АХҚО экожүйесіндегі инвестициялық мүмкіндіктерге қол жеткізуге мүмкіндік береді, сондай-ақ цифрлық активтердің елдің қаржылық-технологиялық архитектурасының бір бөлігі ретінде дамуына қолдау көрсетеді», – дейді АХҚО Экспат орталығының директоры Айнұр Жұматова.

Жаңа инвестициялық құралды іске қосу Бағдарламаны дамытудағы және АХҚО-ның капитал тартуға арналған халықаралық платформа ретіндегі позициясын нығайтудағы, сондай-ақ инвесторларға заманауи қаржылық мүмкіндіктерге қолжетімділікті қамтамасыз етудегі кезекті кезең болып табылады.

Инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасының Актісінде көзделген жаңа инвестициялық құрал Акт Бағдарламаның ресми дереккөзінде жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі: https://aifc.kz/kz/itrp-1/

Жеке кеңес алу үшін: [email protected].

Анықтама үшін:

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – халықаралық стандарттарға сәйкес бизнесті ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестициялар тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы

E-mail: [email protected]

AIFC Services Assistant