АХҚО креативті индустрияларға инвестиция тартуға арналған пилоттық жобаның басталғанын жариялайды
АХҚО Қазақстанның креативті индустрияларына капитал тартуға бағытталған Creative Pitch Day 2026 пилоттық жобасының басталғанын жариялайды. Бастаманың негізгі мақсаты – креативті жобаларды капитал нарығына түсінікті инвестициялық активтерге айналдыру.
Байқауға кино, музыка, геймдев және цифрлық контент әзірлеу салаларында жұмыс істейтін компаниялар шақырылады. Қатысушы компаниялар зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарын растауы (Qazpatent, тауар белгілерін халықаралық тіркеудің Мадрид жүйесі, Еуразиялық патенттік ұйым немесе басқа да халықаралық тіркеу жүйелері арқылы)және жоба презентациясын дайындауы тиіс.
АХҚО командасы жүргізетін бастапқы іріктеуден кейін жобалар инвесторлардың қарауына ұсынылады. Бағалау келесі критерийлер бойынша жүзеге асырылады: идеяның бірегейлігі, креативтік құндылығы, аудиториялық әлеуеті, нарықтағы өзектілігі, жобаның дайындық деңгейі, зияткерлік меншік құқықтарының болуы, қаржыландыру қажеттілігінің негізділігі, сондай-ақ коммерциялық және инвестициялық дайындық деңгейі.
Инвесторлар жұмыс тобының құрамына Эрнар Құрмашев (Tolqyn Film Fund), Ернұр Рысмағамбетов (Alem Entertainment), Айғаным Сулеева (Creative Capital Fund), Давид Туганов (Creata Ventures Studio) және Найля Шодорова (JAS Ventures Capital) кіреді. Іріктеу қорытындысы бойынша үздік жобалар 2026 жылғы 9–10 қыркүйекте өтетін Astana Finance Days 2026 халықаралық форумы аясында АХҚО алаңында ұйымдастырылатын инвесторлар алдындағы қорытынды офлайн питч-сессияға қатысуға шақырылады. Инвесторлар тарапынан венчурлік қорлар, бизнес-періштелер және институционалдық инвесторлар қатысады. Толық ақпарат алып, қатысуға өтінімді АХҚО сайтындағы сілтеме арқылы беруге болады (жобалардан өтінім қабылдау 2026 жылғы 10 тамызға дейін жалғасады).
АХҚО әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Жанболат Кәкішев:
«Бүгінде креативті индустрия – капитал айналымы жоғары және түрлі профильдегі инвесторларды тарта алатын сала. Қаржы орталығы ретінде біздің міндетіміз – осындай креативті жобаларға инвестиция салуға арналған сенімді құқықтық негіз қалыптастыру. АХҚО алаңында зияткерлік меншік кепілін тіркеу жүйесінің арқасында шығармашылық жобаларға салынатын инвестициялар заңдық тұрғыдан қорғалып, инвесторлар үшін түсінікті бола түседі. Біз әлеуетті жобалар сараптама мен капиталмен тоғысатын алаң құрып жатырмыз», – деп атап өтті.
Қазақстанның креативті индустрияларының ел ЖІӨ-сіндегі үлесі шамамен 1% құрайды, ал шетелде бұл көрсеткіш 5% дейін жетеді. Бұл статистика отандық креаторлар үшін айтарлықтай өсу әлеуетінің бар екенін көрсетеді. Мемлекеттік жоспарларға сәйкес, 2029 жылға қарай саладағы жұмыспен қамтылғандар саны 180 мың адамға дейін ұлғаюы тиіс. АХҚО мен Dasco Group компаниясының 2024 жылғы бірлескен зерттеуіне сәйкес, елде креативті индустрия саласында 40 мыңнан астам компания жұмыс істейді және олар 140 мыңнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бизнестің шамамен 67% Астана мен Алматы қалаларында шоғырланған.
АХҚО-да креативті индустрия жобаларымен жұмыс істеу жүйесі халықаралық тәжірибе негізінде іске қосылған және мәмілелердің ашықтығын, инвесторлардың құқықтық қорғалуын әрі құқықтарды басқарудың болжамдылығын қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, АХҚО юрисдикциясында Dasco Capital Ltd. басқаратын және инвестициялаудың портфельдік тәсілін қолданатын алғашқы жеке киноқор — Tolqyn Film Fund іске қосылды. Қор аясында «Дәстүр 2», «7 қарақшы», «Байқа! Алаяқ!» және «Шымыр» секілді отандық кино жобалардың түсірілімі қаржыландырылды.
Пилоттық жобаға қатысты сұрақтар бойынша [email protected] электрондық поштасына хабарласуға болады.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы
E-mail: [email protected]