АХҚО мен Пусан халықаралық қаржы орталығы Қазақстан мен Корея Республикасының қаржы нарықтарын дамыту үшін сараптамалық әлеуетін біріктіреді

Тараптар бірлескен зерттеулер мен білім беру іс-шараларын өткізіп, халықаралық қаржы орталықтарын басқару тәжірибесімен алмасады және екі елдің инвесторлары арасындағы байланысты нығайтады.

2026 жылғы 16 қыркүйекте «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен Пусан халықаралық қаржы орталығы (Busan International Financial Center, BIFC) Қазақстан мен Корея Республикасының қаржы орталықтары арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа Пусанда өткен World Alliance of International Financial Centers (WAIFC) жыл сайынғы жалпы жиналысы және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына сапары аясында қол қойылды. Меморандумға АХҚО Әкімшілігі Басқармасының төрағасы Бахтияр Тілеубеков пен Пусан халықаралық қаржы орталығының президенті Мёнхо Ри қол қойды.

Пусан – Корея Республикасының ең ірі порты және транзиттік контейнерлерді ауыстырып тиеу көлемі бойынша әлемде екінші орында. Қазақстан, өз кезегінде, Қытай мен Еуропа нарықтарын Орталық Азия, Каспий теңізі және Оңтүстік Кавказ арқылы байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағыты – Орта дәлізде шешуші рөл атқарады.

Орта дәліз бен «Бір белдеу, бір жол» бастамасының дамуы өсіп келе жатқан сауда ағындарын, инфрақұрылымдық жобалар мен трансшекаралық инвестицияларды сүйемелдей алатын қаржы тетіктеріне деген сұранысты арттырады. АХҚО мен Пусан халықаралық қаржы орталығының ынтымақтастығы Пусанның логистикалық мүмкіндіктері мен Қазақстанның транзиттік әлеуетін халықаралық жобаларды іске асыруға қажетті қаржы инфрақұрылымымен ұштастыруға негіз қалайды.

Меморандум басқару, мамандар даярлау және халықаралық қаржы орталықтарының қызметін ұйымдастыру салаларында білім және практикалық тәжірибе алмасуды көздейді. Тараптар бірлескен зерттеулер, семинарлар және оқыту іс-шараларын өткізуді де жоспарлап отыр.

Ынтымақтастықтың жеке бағыты Қазақстан мен Корея Республикасы нарықтарының мүмкіндіктері туралы инвесторлардың хабардарлығын арттыру болмақ. АХҚО мен Пусан халықаралық қаржы орталығы екі елдің қаржы қоғамдастықтары арасында тікелей байланыс орнатуға және олардың халықаралық нарықтармен өзара әрекеттесуді кеңейтуді көздейді.

«Пусан – жаһандық теңіз саудасының аса маңызды тораптарының бірі, ал Қазақстан – Азия мен Еуропа арасындағы құрлық бағыттарының негізгі буыны. Қаржы орталықтарымыздың ынтымақтастығы көлік байланысын қаржылық байланыспен толықтыруға, капиталды сауда ағындарымен ұштастыруға және инвесторларға Қазақстанда, Корея Республикасында және Орталық Азияда жаңа жобалар табуға мүмкіндік береді. Инфрақұрылымдық және сауда мүмкіндіктерін нақты инвестициялық шешімдерге айналдыру үшін біз бірлескен зерттеулерге, мамандар даярлауға және нарық қатысушылары арасында тікелей байланыс орнатуға баса назар аударуды жоспарлап отырмыз», – деді АХҚО Әкімшілігі Басқармасының төрағасы Бахтияр Тілеубеков.

Меморандумға қол қою АХҚО мен Пусан халықаралық қаржы орталығы арасындағы ұзақ мерзімді өзара іс-қимылға және қаржы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға негіз қалайды.

WAIFC-тың жыл сайынғы жалпы жиналысы аясында АХҚО Әкімшілігі Басқармасының төрағасы Бахтияр Тілеубеков Альянстың Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды. Оның сайлануы АХҚО-ның қаржы орталықтары арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, озық тәжірибе алмасуға және жаһандық қаржы жүйесінің болашағын қалыптастырудағы қаржы орталықтарының рөлін нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға белсендірек қатысуына мүмкіндік береді.

WAIFC-тың жыл сайынғы жалпы жиналысы биыл 2026 жылғы 14–18 қыркүйек аралығында Пусанда өтуде. Халықаралық қаржы орталықтарының өкілдері ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын, бірлескен зерттеулер мен озық тәжірибе алмасу мәселелерін талқылауда.

Анықтамалық ақпарат

World Alliance of International Financial Centers (WAIFC) – қаржы саласындағы ынтымақтастықты дамыту, озық тәжірибе алмасу және бірлескен бастамалар мен зерттеулерді іске асыру үшін құрылған жетекші қаржы орталықтарының халықаралық бірлестігі.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz aifc.kz

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы

E-mail: [email protected]

AIFC Services Assistant